Табиғи монополияларды реттеу департаменті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларын басшылыққа ала отырып, табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар субъектілеріне қатысты 10 нұсқама шығарды. Жүргізілген бақылау шаралары 6 табиғи монополиялар субъектісінің (“Петропавл қаласының Халықаралық әуежайы” АҚ, “Тайынша жылу” МКК, “Қамқор” МКК, “Жамбыл су” МКК, “Булаев қалалық су шаруашылығы” МКК, “Ақжар” МКК): міндетті аудитті жүргізбегеніне, үш ұжымның (ДК “Ертай-К”, “Айыртау су” МКК, “Мөлдір су” МКК) реттеліп көрсетілетін қызметтерге жалпы тәртіппен тарифті және тарифтік сметаны бекіту жөніндегі өтінімді ұсынбағанына, сондай-ақ, Булаев қалалық су шаруашылығы” МКК-нің табиғи монополиялар субъектілерін тіркелімге енгізу үшін құжаттар тапсырмағанына көз жеткізді.
Орынды талаптар ескерусіз қалған жоқ, 7 нұсқаманы кәсіпорындар өз еркімен орындады, 2 нұсқама бойынша талап-арыздар сотқа берілді.
Департаменттің “Петропавл қаласының Халықаралық әуежайы” АҚ-ға талап-арызы 2014 жылғы 26 наурыздағы сот шешімімен толығымен қанағаттандырылды. Сот Петропавл қаласының Халықаралық әуежайын департамент нұсқамасын орындауға, атап айтқанда, кәсіпорынның қаржы-шаруашылық қызметіне аудит жүргізуге міндеттеді. “Айыртау су” МКК-не қатысты мәселе де сот арқылы шешілмек.
Бұған қоса департамент “Петропавл қаласының Халықаралық әуежайы” АҚ және “Айыртау су” МКК-ні әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы кодексінің 147-5-бабы 3-бөлімі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты және әрбір кәсіпорынға 400 айлық есептік көрсеткіші мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданды, бұл 740 800 теңгені (жалпы 1 481 600 теңгені) құрайды.
Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті.
Бойынша департаменті.