«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТАН ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: 2012 жылғы 14 желтоқсанда жариялаған “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында: “Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына өзіміз қандай тәрбиені сіңіретінімізге тікелей байланысты. Мен ажырасуға қарсымын, жастарды отбасы құндылығы, ажырасудың қасірет екендігі рухында тәрбиелеу керек, өйткені, оның салдарынан ең алдымен балалар зардап шегеді”, – деген болатын. Шынында да, бала өмірінің айтарлықтай бөлігін отбасында өткізеді және тәрбие институттарының ешқайсысы отбасымен теңесе алмайды. Сондықтан тәрбие институты ретінде отбасының маңызы жоғары.

Ата-аналардың мінез-құлықтары мен стильдері баланың тұлға болып қалыптасуына тікелей әсер етеді. Отбасында балаға дұрыс көзқарастың болмауы бүлдіршіннің мінез-құлқында агрессиялық үрдіс қалыптастырады. Отбасы өз кезегінде қоғамның “психологиялық делдалы” іспетті, сондықтан отбасындағы бейімделу үдерісінде бала мінезі қалыптасады, ол кейін бүлдіршіннің қоғамға бейімделуіне және түрлі әлеуметтік мәселелерді шешуіне негіз болады.

Отбасындағы психологиялық ахуал үй ішіндегі қатынастардың тұрақтылығын айқындайды, балалар мен ересектердің дамуына шешуші ықпал етеді әрі ол бір рет және өмір бойына берілген бұлжымас қағида емес. Ахуалды әр отбасы мүшелері өздері туғызады және оның жайлы немесе жайсыз болуы, некенің қаншалықты ұзаққа созылуы олардың күш-жігерлеріне байланысты. Жайлы психологиялық ахуалды қалыптастыру үшін отбасының әр мүшесінің тұлға ретінде дамуына жан-жақты мүмкіндік жасайтын белгілері болуы тән. Ол белгілерге ұйымшылдық, бір-біріне деген тілектестік қарым-қатынастарына жоғары талапшылдық, эмоциялық тұрғыдан қанағаттанғандық және қорғалғандық, өзінікі деген отбасының болғанына мақтаныш, жауапкершілік сезімі жатады. Психологиялық жайлылық орнаған отбасында оның әрбір мүшесі басқаларына сүйіспеншілікпен, сыйластықпен және сеніммен, ата-аналарына құрметпен қарайтындығымен, ал өзінен әлсіздеулеріне кез келген уақытта көмек көрсетуге дайын болуымен ерекшеленеді. Психологиялық жайлы ахуал қалыптасқан отбасында оның мүшелері бос уақыттарын үй жағдайында өткізуге, барлығын қызықтыратын тақырыптар жөнінде әңгімелесуге, үй тапсырмасын бірге орындауға, әрқайсысының ізгі істері мен қадір-қасиетін баса көрсетуге ұмтылады. Бұл маңызды көрсеткіш болып табылады.  

Сауалнамада ата-аналардың ішінде тек 12 пайызы өз отбасының ахуалын тұрақты және жақсы жағынан қабылдайтындарын көрсеткен. Мұндай ахуал туындайтын дау-дамайдың ушығуын төмендетеді, күйзелістік жағдайды болдырмауға, отбасының әр мүшесінің тұлғалық әлеуетін жүзеге асыруға және жеке әлеуметтік маңызын жоғары бағалауына, үндестікке ықпал етеді.

Отбасындағы жайлы ахуалдың негізі ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасынан басталады. Отбасылық өмір ерлі-зайыптылардың ымырашылдыққа, бір-біріне кешірімділікке дайын болуын, жұбайының қажеттіліктерімен санаса білуін, сонымен қатар, өзара сыйластық, сенімділік, түсіністік сияқты жоғары қасиеттерді дамытуды талап етеді. Ата-аналардың 47 пайызы өз отбасының ахуалын тұрақсыз, өзгермелі деп сипаттаған. Мұндай көрсеткіштерді бірге тұрған уақытта бір-біріне ішінара көңілдері қалған, қандай да бір алаңдаушылықты бастарынан өткергендер береді.

Ата-аналардың 30 пайызында дүдәмал психологиялық ахуал айқындалған. Оларда, жалпы алғанда, жағымды көңіл күй басым болғанымен, кейбір “ашындыратын” факторлар кездеседі. Алаңдаулы болып, көңіл күй жайсыздығын сезініп, қағажу көрген отбасы мүшелері психологиялық ахуалдың төмендігін айтады. Ондай ата-аналар шамамен 11 пайызды құрайды. Бұл отбасының психотерапевтік, шаршағандық пен күйзелісті жоюға ықпал ететін басты әрекеттерін орындауға кедергі келтіреді.

Ата-ана баланың алғашқы қоғамдық ортасын құрайды. Әр адамның өмірінде ата-ана тұлғасы айтарлықтай маңызды рөлге ие. Басымызға қиындық түскен кезде біз ата-анамыздан, әсіресе, анамыздан көмек сұрайтынымыз кездейсоқтық емес. Ал әбден есейген кезде ата-аналар мен балалары рухани тұрғыда бір-біріне тіпті жақындай түседі. Ата-ана махаббаты – адамның эмоциялық жайлылығының, дене және жан саулығының қайнар көзі және кепілі. Сондықтан да бала ата-анасының өзін ерекше жақсы көретініне және әр кез қамқорлық жасайтынына сенімді болуы керек. Бала бойында өздеріне деген сенімді қалыптастыру – ата-аналардың ең бірінші және негізгі міндеті. Бала еш уақытта, ешқандай жағдайда ата-анасының өзіне деген сүйіспеншілігіне шүбә келтірмеуі керек. Баласы нешеде болса да, оған сүйіспеншілікпен және ықыласпен қарау – ата-ананың міндеттерінің ішіндегі ең қажеттісі.

Тәжірибе көрсеткендей, отбасында ұрыс-керіс, жағымсыз жайттар жиі болып, түсінушілік пен жылылық сезінбеген жасөспірім үшін кей жағдайларда отбасы психологиялық күйзеліс көзі болады.

Отбасы институтын жандандыру мақсатында Балалар құқығын қорғау басқармасында ауқымды жұмыс жүргізіледі. Көпбалалы отбасылардың ата-аналар клубының “Отбасы ошағы”, бала асырап алған ата-аналар клубының “Мейірімділік әлемі” және әкелер мектебінің отырыстары өтті.

Бүгінгі таңда ата-аналар сауаттылығын арттыру жүйесі бәсеңсіп кеткенін айта кеткен жөн. Отбасы тәрбиесінің сапасы ең алдымен ата-аналардың педагогикалық мәдениетінің деңгейіне байланысты айқындалады. Алайда, әлемнің қазіргі қарқынды өзгерісі жағдайында көптеген ата-аналар өз құзыреттіліктерін арттыру міндеттерін атқара алмайды, көптеген отбасыларға мектеп тарапынан жүйелі түрде білікті көмек қажет.

Осызаманғы өмір тынысы, толық емес және дау-дамайлы отбасыларының көбеюі, ата-аналардың жұмысбастылығы, олардың педагогикалық құзыреттілік деңгейінің төмендігі отбасындағы бала тәрбиесінің айтарлықтай әлсіреуіне әсер етіп отыр. Бұл ата-аналар мен балалардың қарымқатынасының жұтаңдануына және селқостыққа әкеліп соқтырады. Бірлескен әрекеттердің жоғалуы, бір-біріне деген ықылас пен жылылықтың тапшылығы баланың өзін дұрыс бағалай алмауын, өзінің мүмкіндігіне сенімсіздікті қалыптастырады. Өзін танытудың келеңсіз формалары баланың әлеуметтік құлдырауынан көрініс табады.

Қоғамымызда отбасы мәдениетін көтеру үшін баланың дамуы мен тәрбиесіне ата-ана жауапкершілігін арттыру, олардың белсенді тәрбиелік-педагогикалық ұстанымдарын қалыптастыру қажет. Балалардың түрлі жас ерекшеліктеріне сай психикасының дамуы тұрғысында ата-аналардың педагогикалық білім-білігін көтеріп, бала мен ата-ана арасындағы қатынастың ұрыс-керіссіз болуын реттеу керек. Осы және басқа да мәселелерді ішкі істер органдарымен, білім беру ұйымдарымен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп шешуіміз керек.

Тотыкамал ҚҰЛЖАНОВА,

Солтүстік Қазақстан облыстық Балалар құқығын қорғау

жөніндегі басқарманың басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp