Бүгінде Қазақстан бірлік пен келісімнің киелі бесігіне, тұтастық пен тұрақтылықтың құтты шаңырағына айналып отыр. Еліміз бірлік пен келісім саясатын табысты жүзеге асырып келеді. Ел бірлігінің бастауы болсын деген ізгі ниетпен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызы зор жалпыазаматтық институттың рөлін атқарып келе жатқанына 19 жылдан асып барады. Қазақстан халқы Ассамблеясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы да 1995 жылдың 1 ақпанынан бастап шаңырақ көтерген. Онда бүгінде бірнеше этнос орталықтары құрылып, тонның ішкі бауындай біте қайнасып кеткен. Осы жылдар аралығында облыстық ассамблея өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, бейбіт қоғамымыздың ажырамас бөлігіне айналды.
– Солтүстік Қазақстан облысында қазіргі таңда 40 мыңға жуық украиндықтар тұрады. “Світанок” украин мәдениеті орталығы” қоғамдық бірлестігінде 59 украин этносының өкілі бар. Бірлестік негізінен ана тілімізді, мәдениетімізді насихаттауға, осында тұратын украиндықтарды қолдау мақсатында құрылды. Петропавлдағы №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде 17 бала оқиды. Олардың ішінде ана тіліне қызығушылығы барлары негізгі пәндерден басқа украин тілін үйренеді. Қазақстан халқының бірлігі мен келісімін, тұтастығын нығайтуға бағытталған барлық іс-шараларға, “дөңгелек үстелдерге”, семинарларға қатысып тұрамыз, – дейді Александр Плотко.
Оның сөзіне қарағанда, тарихи Отанынан жырақта жүргендіктен, ата-бабаларының дәстүрлері мен салтын жоғалтпай, бір-бірімен ана тілінде қарым-қатынас жасап, Украинадағы туған-туысқандарымен байланыста болу маңызды. Қазақстанда тұратын украиндықтардың тарихи Отандарында болып жатқан оқиғаға құлақтары түрік жүретінін, олардың тағдырына алаңдаушылықтары да бар екенін Александр Петрович жасырмады.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан жолы – 2050” бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында: “Жаңа қазақстандық патриотизм” терминінің пайда болуы кездейсоқтық емес. Бұл жерде Қазақстанның көп этносты (140-қа жуық этнос) мемлекет екеніне тоқталмауға болмайды. Есіңізде болса, Кеңес Одағы ыдыраған кезде тіл мәселесі бізде де өткір тұрды. Өзіміз куә болғандай, жаппай қазақ тұратын ауылдардың өзінде қазақ тілі оқытылмады. Меніңше, тіл қарым-қатынас құралы болғандықтан, неғұрлым көп тілді меңгерсең, солғұрлым жеңілірек сияқты. Сондықтан тілді дамытуға жағдай жасау керек. Қазір көріп жүргеніміздей, кей мемлекеттерде тіл этностар арасын біріктіруші емес, керісінше, іріткі салушы құрал болып тұр. Балтық жағалауы елдерінде, Украинада тіл мәселесі біздегідей жолға қойылмаған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тілге, тағы басқаларға қатысты айтқаны дұрыс. Барлығын заңды түрде шешуге болады. Конституциямызда мемлекеттік тіл қазақ тілі екендігі анық айтылған. Этносаралық қатынас тілі – орыс, сонымен қатар ағылшын тілі де оқытылуы керек. Адамның қызығушылығы болса, кез келген тілді үйренуге болады. Өзім қазақша үйреніп жүрмін, күнде “Еуразия” арнасынан жаңалықтарды қазақ тілінде көремін. Меніңше, өзің мекен етіп, ауасын жұтып, суын ішіп жүрген елдің тілінде сөйлеудің өзі – патриотизм, – деді Александр Плотко.
Александр Петровичтің айтуынша, қазақстандық патриотизм әр адамның бойына бала күнінен сіңіріледі. Ол үшін мектеп оқушысы мемлекеттік рәміздерді құрмет тұтып, қастерлеп өсуі керек. Сондықтан өзі басшылық ететін №1 мектеп-интернатта әр дүйсенбі сайын сабақ басталарда мемлекеттік Гимнді орындау бұлжымас қағидаға айналған.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясы “Қазақстан – 2050” Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті” тақырыбына арналған. Кез келген саналы адам үшін бейбітшілік пен келісім сөздері ең маңызды болуы тиіс. Сондықтан өзге елдер өнеге тұтқан тұтастығымызды қастерлейік, – деді Александр Плотко.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.