Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, “Астана” командасы сапындағы солтүстікқазақстандық велошабандоздар жақсы нәтижелерге қол жеткізуде.
Атап айтқанда, жерлес велоспортшы Бахтияр Қожатаев Шымкент қаласында өткен қысқы республикалық біріншілікте екі мәрте жеңімпаз атанды. 120 шақырымдық топтық жарысты және 40 шақырымдық жарыс-критериумде жеңіске жеткен Бахтияр бұған дейін Доминикан елінде өткен “Vuelta Indepencia Nacional” халықаралық көпкүндік веложарысының соңғы жетінші кезеңінде екінші орынға тұрақтаған болатын. Ал Жандос Бижігітов үздік ондықты тұйықтады. Бельгияда өткен “Le Triptyque des Monts et Châteaux” халықаралық көпкүндігінде тағы бір жерлесіміз – Вадим Галеев қола жүлдеге қол жеткізді.
Ал “Аstana Pro Team” кәсіби командасының құрамында өнер көрсетіп жүрген Руслан Тілеубаевтің әлемнің үздік велошабандоздары қатысқан “Три дня де Панне” жарысында 4-орынға жайғасты. Жерлесіміз мәреге 2012 жылғы Олимпиаданың қола медаль иегері, норвегиялық Александр Кристовтан сәл кешігіп жетті.
Жақында ғана облыс орталығында құрылған Александр Винокуров атындағы велоклубтың спортшылары да есе берер емес. Анапа қаласында өткен бүкілресейлік жарыстарда 112 шақырымдық топтық сайыста Тимур Казанцев – 2-ші, Александр Шушемоин 125 шақырымдық жарыста – 3-ші, ал 80 шақырымда Виталий Марухин 4-ші орыннан көрінді.
Велосипед спортынан олимпиадалық резервтегі жасөспірімдер мектебінің тәрбиеленушілері жаңа маусымға дайындықтарын бастады. Сәуірдің 27-сі күні велошабандоздар аэропорт тас жолында өтетін жекелей сында өнер көрсетпек.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.