Қызылжар өңіріне жұмыс сапарымен келген Беларусь Республикасының ІІМ ІӘ қолбасшылығының өкілдері Әскери институтта болды. Беларусь Республикасының Ішкі істер министрінің орынбасары, генерал-майор Юрий Караев бастаған топ ЖОО-ның материалдық базасымен танысып, оқытушылар ұжымымен және курсанттармен кездесті.
Меймандарды Әскери институт бастығы Жұмабек Ахметов қарсы алып, ЖОО-ның жеке құрамымен таныстырды. Содан соң институттың көрермендер залында брифинг өтті. Онда да Әскери институттың оқыту жүйесі, тарихы туралы әңгіме қозғалды.
Оқу орны Үкімет қаулысына сәйкес Ішкі әскер үшін офицер кадрларын даярлау мақсатында 1997 жылдың 18 наурызында құрылған. Кейінірек Жоғары әскери училище Әскери институт болып өзгертілген. Осы жылдар ішінде Ресей ІІМ Ішкі әскерінің Новосібір, Пермь, Санкт-Петербург әскери институттары, Украина ІІМ Ішкі әскерінің академиясы, Қырғызстан және Тәжікстан Ішкі әскерлер қолбасшылығымен тығыз қарым-қатынас орнатылған.
Бүгінде Әскери институт түлектері Ішкі әскерде ғана емес, еліміздің басқа да әскери құрылымдарында қызмет атқаруда. Бірқатар офицерлер жоғары лауазымды қызметтерге тағайындалған. Мерзімінен бұрын кезектен тыс әскери шен алған институт сардарлары да аз емес.
– Оқу орнындағы 7 кафедрада курсанттарды 7 әскери мамандық бойынша оқытамыз. 2009 жылдан бері көрші мемлекеттердің тапсырысын орындап келеміз. Өткен оқу жылында көрші елдердің ішкі әскеріне 18 офицер даярлап шығардық. Олардың 8-і Қырғызстаннан болса, 10-ы – Тәжікстанның азаматтары. Сондай-ақ, 2007 жылдан бастап курсанттар мемлекеттік тілде де оқытылуда. Бүгінде болашақ офицерлердің 43 пайызы мемлекеттік тілде мамандық меңгеруде, – деген Әскери институттың бастығы Жұмабек Ахметов оқытушылар ұжымы ұдайы республикалық және шетел орталықтарында заман ағымына сай шеберлігін шыңдап келе жатқандығын жеткізді. Басшының айтуынша, үстіміздегі жылы ЖОО-ның ұстаздар қатары 18 магистрмен толықпақ.
Шара барысында ЖОО-ның курсанттары мен офицерлері беларусьтік әріптестерімен пікір алмасу кезінде қонақтар достық қарым-қатынасты нығайту жолында тәжірибе алмасуға ниетті екендіктерін жеткізді. Жергілікті әскери қызметшілер де беларусьтік әскери оқу жүйесімен біршама танысты.
Брифинг соңында серіктестік қарым-қатынастың дамуы мен әскери ынтымақтастықтың нығаюы Қазақстан мен Беларусь арасындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыты екендігін атап айтқан генерал-майор Юрий Караев қорғаныс ісі жақсы жолға қойылған қазақстандық әріптестерімен тәжірибе бөлісіп, екіжақты қарым-қатынас орнату аса тиімді болатындығын тілге тиек етті. Алдағы уақытта екіжақтық келісімнің арқасында әскери кадрлар даярлау және олардың біліктілігін жетілдіру, Ішкі әскер ісін ұйымдастыру аумағында тәжірибе алмасу, ортақ мәдени-спорттық шаралар ұйымдастыру бойынша жұмыс қолға алынбақ. Сондай-ақ, екі жаққа ресми сапар шегу, жұмыс бабындағы кездесулер, конференциялар мен семинарлар өткізу жоспарланды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.