«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫН ҰЙЫМШЫЛДЫҚПЕН ӨТКІЗУ – агроқұрылымдардың алдындағы басты міндет

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше өңір басшысы Самат Ескендіровтің төрағалығымен Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында көршілес Омбы, Қорған облыстарындағы ресейлік ғалымдардың, аудандардың әкімдері мен олардың орынбасарларының, ведомстволар мен ұйымдардың, агроқұрылымдардың, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшыларының, ауылдық округтердің әкімдерінің, инвесторлардың, ауыл шаруашылығы техникасы мен өсімдік қорғау құралдарын жеткізіп берумен айналысатын фирмалар өкілдерінің қатысуымен 2014 жылғы көктемгі- дала жұмыстарын ұйымшылдықпен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің облыстық семинар-кеңесі болып өтті.

Жиналғандар семинар-кеңеске дейін театр алаңына арнайы әкелінген ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесімен танысты. Оған көктемгідала жұмыстарын өткізуге арналған шетелдік және отандық тракторлар, себу кешендері, сеялкалар, дәрісепкіш қондырғылар, мотоблоктар, “Бипэк-авто” компаниясының автомобильдері қойылған.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы Жолдауында: “Жермен жұмыс істейтіндер, ең алдымен жаңа технологияларды енгізіп, өнімділікті үздіксіз арттыратындар, жұмысын әлемдік стандарттар негізінде жүргізетіндер болуы керек”, – деп атап айтты. Осының өзі агроқұрылымдарға зор жауапкершілік жүктейді. Ал Үкімет пен атқарушы органдар биылғы жылдың көктемгі-дала жұмыстарын дер кезінде өткізуге арналған барлық шараларды қолданды. Кредиттеу мәселесі шешілді, белгіленген баға бойынша дизель отынын жеткізу кепілдендірілді, өсімдік шаруашылығын субсидиялау ережесі жұмыс істейді. Республикада АӨК-ні дамытуға арналған “Агробизнес – 2020” салалық бағдарламасы өз жұмысын жалғастыруда, соның арқасында мемлекеттің қолдау шаралары жылдан- жылға өсіп келеді, – деді семинар-кеңесті ашқан облыс әкімі Самат Ескендіров.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров 2014 жылғы көктемгі-дала жұмыстарын ұйымшылдықпен өткізу бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады. Облыстың егістік алқабы 4 млн. 340 мың гектарды құрайды, оның 3 млн. 382,4 мың гектарына дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар себу жоспарланған. 2 млн. 883,4 мың гектарға бидай сіңіріледі. Көктемгі егіс үшін 519,9 мың тонна тұқым әзірленді, оның 88 пайызы толық сараптамадан өтіп, сұрыпталған деп танылды.

Көктемгі-дала жұмыстарына агроқұрылымдардың 14511 тракторы, 16514 сеялкасы және 1100 себу кешені, 2 мыңдай автомобиль қатысады. Оларға 71 мың тонна дизель отыны, 11 мың тонна бензин және 3,2 мың тонна мотор майы қажет. Қажетті жанармайдың 27 пайызы жеңілдетілген бағамен шаруашылықтарға жеткізілді.

“Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы” РМК директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Жексенбай Қасқырбаев 2014 жылдың жағдайында дәнді, майлы және жемшөп дақылдарын өсіру технологиясының ерекшеліктеріне тоқталды.

Ал Сібір ғылыми-зерттеу институтының басшысы Иван Хромцов Сібір мен Қазақстанның егіншілігінде ресурс үнемдеу технологиясын жетілдіру, Сібір тәжірибе станциясының директоры Иван Лошкомойников майлы дақылдар өндіру технологиясын сөз етті.

Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Владимир Мешетич жем-шөп өндіруді дамыту, “Тайынша-Астық” ЖШС директоры Анатолий Рафальский көктемгі-дала жұмыстарын ұйымшылдықпен өткізу тәжірибесімен бөлісті.

“Қазгидромет” РМК облыстық филиалының директоры Қымбат Мерғалимова ауыл шаруашылығы қызметкерлерін көктем-жаз айларындағы ауа райы болжамымен таныстырды.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

 Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp