«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҒДАЙМЕН ТАНЫСТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Самат Ескендіров жұмыс сапарымен Шал ақын және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда болды. Сапар барысында облыс басшысы өңірдегі су тасқынына тосқауыл қоюға бағытталған жұмыстардың барысымен, гидротораптардың жағдайымен танысты, сондай-ақ, өңір басшысының сайтында тұрғындар көтерген мәселелерге де назар аударды. 

Облыс әкімінің виртуалды қабылдау бөлмесіне Шал ақын ауданының тұрғындары шағым хат жазыпты. Онда Сергеевка қаласында емхана салып жатқан құрылысшылар еңбекақы алмағандарына үш ай болғанын айтқан. 250 келушіге шақталған медициналық мекеме “100 мектеп,100 аурухана” бағдарламасы аясында бой көтеруде. Нысанда 60 адам еңбек етуде. Еңбекақы жөніндегі қарыз 4 миллион теңгеге жеткен.  

Нысанның белгіленген мерзімде тапсырылмай қалу қаупі бар. Ғимараттың жобалық құны – 978 млн. теңге, оның 257 миллион теңгесін биыл игеру жоспарланған. Самат Ескендіров қалыптасқан жағдай көңіл көншітпейтінін айтып, аудан әкімі Марат Омаровқа құрылыс барысын бақылауға алуды тапсырды.

Шал ақын ауданына сапары барысында облыс әкімі Сергеев су қоймасының гидроторабында болды. Бір тәулік ішінде су бөгет жотасынан 10 сантиметрге көтеріліп, 127 см.-ді құрады. Қазір секунд сайын 772 текше метрге дейін су жіберілуде. Қостанай облысынан келген қар суы Ғабит Мүсірепов атындағы аудан аумағында Алматы-Екатеринбург бағытындағы жолды шайып кеткен. Соның салдарынан жолдың екі жағында кептеліс пайда болған. Көліктер арнайы техниканың көмегімен айналма жол арқылы трассаға шығарылуда. Су басқан аймаққа жергілікті материал төселуде. Оқиға орнында болып, істің жайымен танысқан облыс әкімі жол қысқа мерзім ішінде қайта қалпына келтіріледі, ал жазда тиянақты жөндеу жұмыстары жүргізіледі, деді.

Бүгінгі күні Шарық су қоймасындағы жағдай алаңдаушылық туғызып отыр. Гидроторап 70 пайызға тозған. Қар суын өткізетін 8 науаның тек 3-еуі ғана іске жарамды. Облыс әкімі апатты жағдайда тұрған науаларды нығайту жөніндегі жұмыстардың барысын бақылады.

Егер бөгет сыр берсе, су Мәдениет, Көкалажар, Чернобаевка, Рузаевка елді мекендеріне жетуі мүмкін.

Оқыс оқиға орын алған аумаққа Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінен қосымша күш тартылып отыр. Алматы облысы азаматтық қорғаныс полкінен келген 40 сарбаз да осында. Жұмыстар тәулік бойы үзіліссіз жүргізілуде.

Анна КУЛИКОВА,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp