«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮКТЕЛГЕН МІНДЕТТІ ОРЫНДАУДА жауапкершілікті күшейту қажет

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің бюро мәжілісі өтті. Өңір басшысы, партия филиалының төрағасы Самат Ескендіров жүргізген бюро мәжілісінде 5 мәселе қаралды. Оның алғашқысында партияның “Қазақстан. 2017 мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары” сайлауалды тұғырнамасының Айыртау ауданында жүзеге асырылу барысы тыңдалды.

Аудан әкімі Ағзам Тастеміров ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуда жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. 2013 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 25 717 миллион теңгені құраған. Сонымен қатар, құрылыс саласының да даму қарқыны жоғары. Былтыр 9711 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Аудан басшысы әр сала бойынша мемлекеттік бағдарламалар жоспарға сәйкес жүзеге асырылып жатқанын айтты. Мәселен, ауданда “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша 124 жас маман жұмысқа орналасқан. Ал мектепке дейінгі білім және тәрбиемен қамтамасыз ету көрсеткіші 99 пайызды құрайды. Дәрігер тапшылығы да таяу уақытта шешімін таппақ.

“Ауданда барлық жағдай жасалса, не себепті 40 мыңнан астам тұрғыны бар ауданнан жылына бір мыңға жуық адам көшіп кетуде?”. Бұл сауалды төтесінен қойған саяси кеңестің бюро мүшесі Александр Казанцев: “Бұлай жалғаса берсе, 40 жылдан соң аудан құрып кетпей ме?” деген алаңдаушылығын білдірді. Бюро мүшелері табиғаты әсем ауданда туризмнің дамуына тиісті көңіл бөлінбейтінін де алға тартты. Сонымен қатар, еңбекақы жөнінен облыс бойынша 12-орында тұрған ауданда бұл мәселеге де жіті көңіл бөлу керектігі сөз болды.

Облыс әкімі Самат Ескендіров айтылған мәселелерге баса көңіл бөлу қажеттігін ескертті. Аудан басшысы олардың барлығы да алдағы уақытта оңтайлы шешімін табатынына сендірді.

Бюро мәжілісінде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының өңірімізде жүзеге асу барысы жайында облыстық Индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Марат Ысқақовтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, облыстың Индустрияландыру картасына 31 инвестициялық жоба кіреді. Бүгінде олардың 19-ы толық қуатымен жұмыс істеуде. Ал Мамлют, Уәлиханов және Шал ақын аудандарынан әлі күнге дейін бірде-бір жоба жоқ.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша партия филиалының қоғамдық қабылдау меңгерушісі Абай Қайсин хабарлама жасады. Ол партияға өңір жұртшылығынан келіп түскен өтініш-арыздар 2012 жылы 4 мың болса, өткен жылы 8 мыңға дейін жеткенін айтты. Өңір басшысы қоғамдық қабылдауға жүгінушілердің не себепті күрт артқанына қатысты сауалына толымды жауап ала алмаған соң қоғамдық қабылдау меңгерушісіне айтылған мәселе бойынша қосымша сараптама жүргізуді тапсырды.

Бюро мәжілісінде партия филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің және облыстық партиялық бақылау комиссиясының құрамындағы өзгерістер жайлы хабарлама жасалды.

Күн тәртібіндегі мәселелер қаралған соң облыс әкімі Самат Ескендіров партияның саяси кеңесінің бірнеше мүшесіне жаңа үлгідегі партия куәлігін табыстады.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp