«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СПОРТ САҢЛАҚТАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Самат Ескендіров Сочи қаласында өткен қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарында ел намысын қорғаған солтүстікқазақстандық спортшыларды марапаттады. 

Жыл өткен сайын спортпен шұғылданатын солтүстікқазақстандықтар саны артып келеді. Қазіргі таңда облыс аумағында жұмыс істеп тұрған 2 мыңнан астам спорт ғимаратында 140 мыңнан астам адам спортпен айналысады. Ұлттық құрамалар сапындағы 300 солтүстікқазақстандық спортшы республикалық және халықаралық додаларда облыс намысын қорғауда. Бүгінде облысымызда 27 мың шамасында әртүрлі топтағы мүгедектер бар болса, оның екі мыңы – балалар мен жасөспірімдер. Мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа тарту мақсатында Петропавл қаласында “Үміт” спорт клубы ашылған. Үстіміздегі жылдың басынан бері ұлттық құрамалар сапындағы 295 солтүстікқазақстандық спортшы республикалық және халықаралық додаларда 200-ден астам медаль еншіледі.

Өңір басшысы салтанатты жиында осындай игі жетістіктерімізді тілге тиек ете келе:  

– Жыл сайын өңір спортшылары әлем және Азия біріншіліктерінде және басқа да халықаралық додаларда жеңістің бірінші сатысына көтерілуде. Үстіміздегі жылғы қысқы Олимпиада ойындарына ел құрамасының сапында конькимен сырғанаудан халықаралық санаттағы спорт шеберлері Дмитрий Бабенко мен Роман Креч өнер көрсетті. Паралимпиада ойындарына Қазақстан жеңіп алған 5 жолдаманың екеуі солтүстікқазақстандық шаңғышылар Қайрат Қанафин мен Елена Мазуренконың еншісінде. Спорт елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала емес пе?! Сондықтан қысқы Олимпиадада жерлес спортшылардың жақсы өнер көрсеткені көңілге мерей, – деді .

Самат Сапарбекұлы құттықтау сөзінен кейін марапаттау рәсіміне көшті. Салтанатты шарада дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар солтүстікқазақстандық марапатқа ие болды. Солардың қатарында Сочи Олимпиадасына қатысушы спортшылардың жаттықтырушысы Александр Суровяткин, Паралимпиада ойындарына қатысушылардың алғашқы бапкері Вячеслав Якушев пен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “Үміт” спорт клубының жаттықтырушылары, ерлі-зайыпты Иван мен Мария Дробязколар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталса, байрақты додада ел намысын қорғаған Дмитрий Бабенко, Роман Креч, Қайрат Қанафин және Елена Мазуренкоға облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен ақшалай сыйлық табысталды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

  Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp