Қарулы Күштердің беделін арттыру, әскери қызметті насихаттау және жастар арасында әскери-патриоттық тәрбие жұмысын жандандыру мақсатында Қызылжар өңіріне Қазақстан Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-насихат тобы келді.
Жұмыс сапары барысында Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары, полковник Мұхамеджан Таласов бастаған Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-насихат тобы облыс әкімі Самат Ескендіровтің қабылдауында болып, әскери-патриоттық тәрбие беру саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Кездесу соңында екі жақ жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру туралы бірлескен меморандумға қол қойды.
Содан кейін жергілікті БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында жастарды жаңа қазақстандық патриотизмге, тәрбиелеу мәселелері тақырыбында әңгіме өрбіткен топ жетекшісі осы мақсатта әр өңірде әскери-патриоттық тәрбие орталықтары ашылып, патриоттық тәрбие беруді жандандыру ісі қолға алынғанын айтты.
– Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылғы Жолдауында жаңа қазақстандық патриотизмнің идеялық негізін нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Президент Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұрудың әлдеқайда қиын екенін, өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жібергені әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық екенін атап өтті. Біз осылардан сабақ ала отырып, өскелең ұрпақ арасында Тәуелсіздіктің негізі бірлік пен патриотизм екенін түсіндіруіміз керек, – деді Бас штаб бастығының орынбасары.
Ақпараттық-насихат тобы Петропавл қаласындағы сапарының алғашқы күні өңірде белсенді жұмыс істеп жүрген 10 әскери-патриоттық клуб пен 14 жас армияшылар орталығы жетекшілерімен және белсенділерімен кездесті. Кездесу барысында Мұхамеджан Таласов мемлекет пен жастардың дені сау, бақытты болып өсіп, еліміздің лайықты азаматтары, Отанымыздың патриоттары, Тәуелсіз Қазақстанның сенімді қорғаушылары болуларына жете көңіл бөлетіндігін атап айтты.
Сапар барысында ақпараттық-насихат тобының мүшелері “Саланг” әскери-патриоттық клубының мұражайында болды, қалалық Мәдениет үйінде өңір жастарымен кездесті.
Бас штаб бастығының орынбасары әр облыста Әскери-техникалық мектептер мен Әскери-патриоттық тәрбие орталықтары құрылып жатқанын, дәл осындай орталық Петропавл қаласындағы Әскери-техникалық мектептің жанында да ашылғанын айта келе, аталмыш мектептің өкілі, подполковник Юрий Глумовқа клубтың туын салтанатты түрде табыстады.
Сонымен бірге, Мұхамеджан Таласов өскелең ұрпақ өкілдері арасында әскери қызметті насихаттап және олардың бойында қазақстандық патриотизмдік рухын қалыптастыруға қосқан үлесі үшін “Саланг” және “Алғыс” әскери-патриоттық клубтарының жетекшілері Александр Азегов пен Виктор Сироткинге, “Алғашқы әскери дайындық” орталығының директоры Петр Озеров пен оның оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мұратбек Қожахметовке Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Бас штабының грамотасын тапсырды.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Орталық ансамблінің концертіне ұласты.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.