Әйгілі әнші Роза Бағланова атындағы “Алтын сақа” қайырымдылық қоры оның мұрасын кең насихаттау мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырып келеді. Жақында олар “Атадан – мұра” қоғамдық қорымен бірлесе отырып, мектеп оқушылары арасында “Ақ сұңқарым” халықаралық байқауын өткізді. Әншілер мен бишілердің және көркемсөз шеберлерінің басын қосқан бұл байқауға қызылжарлық жас таланттар да қатысты. Байқау сәуір айында “Балдәурен” республикалық оқу-сауықтыру орталығында өтті. Үш аталым бойынша ұйымдастырылған өнер додасына еліміздің түкпір-түкпірінен және Ресей елінен жас сайыскерлер қатысты. Барлығы 80 өнерпаз бұл күні Роза Бағланованың репертуарындағы әндерді орындады.
Біздің өңірден барған Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің 4“б”сынып оқушысы Аида Түгімбаева “Ән салу” аталымы бойынша ІІ жүлделі орынмен қанжығасын майлап келді.
– Бұл Аиданың осындай додаға бірінші рет қатысып, өз өнерін көрсетуі. Ол Роза апамыздың репертуарындағы Шәмші Қалдаяқовтың “Бәрінен де сен сұлу” әнін орындап, өзінің дарынды бала екендігін дәлелдеп келді. Ал сайыстың талабы бойынша орындалатын екінші ән еркін тақырыпта болатын. Онда Аида “Мектеп вальсі” әнімен тағы да қошеметке ие болды, – дейді жүлдегердің ұстазы Жанар Ахметова.
Осы байқауда қазылар алқасының мүшелері: профессор, әнші, композитор Ағайша Исағұлова, “Қазақконцерт” бірлестігінің режиссері Болат Әбішев, “Мемлекеттік тіл – менің тілім” қоғамының төрайымы, қоғам қайраткері Асылы Осман, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының иегері, сатирик Көпен Әмір-Бек, ҚР еңбек сіңірген өнер кайраткері Гүлшара Есетқызы, “Бишілер ансамблінің” жетекшісі, Шара Жиенқұлова атындағы бишілер байқауының лауреаты Талантбек Шоруков сынды қайраткерлер байқау барысында жиналған педагогтер үшін шеберлік сабақтарын өткізді. Осындай мазмұнды шарадан жас өнерпаз Аида да, оның ұстазы Жанар Уәлиханқызы да үлкен әсер алып оралды.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.