«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСЫ – ҚАТТЫ, АЯҒЫ – ТӘТТІ ҒҰМЫР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

… Тұрғын Дәрібаева… Бүгінде сексенге толып, бесікті болған ұл-қызының амандығын тілеп отырған осынау кейуана жайында “Білікті байланысшы!”, “Еңбектің майталманы!” дегендей, мадақ сөздерді құлағым шалғалы отыз жылдан аса уақыт өткені қазір ойыма оралады.

Апайдың айтуынша, аталарының кіндік қаны тамған жері бүгінгі Есіл ауданының аумағындағы, жойылып кеткен Айғайтерек ауылы екен. Ұлы әкесі Көшімбай бай әулетінің бұтағы болған. Ісі ұсынақты, шаруаға епті, сауатты, заман ауанын айыра білетін, айналасына абыройлы және құрметті адам екен. Ол: “Мал баққанға бітеді” деген аталар нақылын ұстанған оразды адам болған соң шаруасы шалқып, дәулет қонады. Алақаны ашылмайтын сараң емес, ел-жұрттың айтуынша, парасаты мол оны көпшілік сыйласа да, ұрлық-қарлыққа үйір, ана байға бір, мына байға бір жалданып, береке бітпейтін, ырыс қонбайтын нашарлар беліне кездігін жасырып байлап жүреді. “Шырақтарым, ұрлықпен жиған мал ырыс болмайды. Адал еңбекпен күнелткен жөн”, – деп маңындағы мойындары жар бермейтіндерге ақыл айтып, көмек берсе де, іштерінен: “Сені ме, бәлем!” деп жүретіндер Голощекиннің “Кіші Октябрі” туғанда Көшімбайды көрсетіп жібереді.

Сөйтіп, адал еңбекпен, маңдай термен жиған малдан жұрнақ та қалмай, жұлғанның жұмырында, тістегеннің аузында кетіп, оны және ұлдары Әбдіқапар мен Қожахметті көгендеген қозыдай қылып, бір түннің ішінде жер аударады. Бұл 1929 жылы болған. Тек Көшекеңнің үлкен ұлы, еті тірі Зұлқарнай бұл құрықтан құтылып, аман қалған.

Көшімбайды екі ұлымен қоса Арал теңізіндегі “Көкаралға” еріксіз жөнелтеді. Тәркіленген дүние-мүліктен абырой жабарын ғана қалдырған өкімет қатал, ешкімді аяп, мүсіркемейді. Сол барғаннан барып, осы “Көкаралда” бұрын ойына да кірмеген кәсіп тапқан Көшекең Тәңір берген тектіліктің және ақылының арқасында балықшылар артелін ашып, сонымен күнелтеді.

Елден өз бетінше сытылып кеткен Зұлқарнай қарап жатпай, әкесі мен бауырларын құтқарудың амалын қарастырады. Ақыры, 1932 жылы біраз мүкәммалын жұмсай жүріп, “Көкаралға” жетіп, ондағы күзетшілерге пара беріп, қашырып шығарады.

Қазақстанда тұрақ табуға болмайтынын білген ол Омбы облысының Москаленко кентіне келіп паналапты. Бірақ мұнда да тіміскілер мен жымысқылар жетерлік екенін сезген соң тым әрірек, Кемеровоға жылыстайды. Міне, Тұрғын апайдың 1934 жылы осында дүниеге келуінің сыры солай.

– Есіміңізді “Тұрғын” қоюына қарағанда, Сізге дейін бала тұрмағаны-ау? – деген сауалыма:

– Иә, солай, шырағым. Қашып-пысып жүргенде сырқаттанған балаға күтім болушы ма еді? Маған дейінгі балалары жастай шетіней берген соң, мені ырымдап осылай атапты, – деді апай.

Бірақ олар Кемеровода да тұрақтай алмайды. Өйткені, бағы мен жаны малда болған қазаққа өндірісте жұмыс істеу оңай болмайды. Сол күндерде Томск қаласының маңында Чернильчиково деген орыс кентіндегі шыны зауытына мал бағуды білетіндер қажет екен. Өйткені, ат-арбамен дайын өнімдерді таситын жұмысшыларға зәру деген сөз естілген соң сонда бірнеше қазақ отбасысы үдере көшеді. Ат-арбамен дайын өнімдерді – шыны құтыларды, шишаларды зауыттан станцияға тасымалдайды.

– Тұрмысымыз сәл оңала бастаған тұс еді ол. Онда мен сегіз жастамын. Зұлқарнай көкем Қазақстандағы ахуалды біліп отырады екен. “Мына Шығыстан жапондар соғыс ашқалы жатыр дейді жұрт. Елге аумасақ болмас, Қазақстанға оралайық. Онда ендігі бізді тірілер санатына қоспайтын шығар”, – деп 1942 жылы Қызылжарға қоныс аударады.

Алайда, жол үстінде туған елге жетудің машақатын көреді. Өйткені, батысқа қарай күндіз-түні ағылып жатқан пойыздарға басы артық адамды мінгізбейді. Күннің жарығында “Әке!” десең де, пойызға отыру мүмкін емес. Тінтушілерден, тексерушілерден көз сүрінеді. Қанды қырғын жүріп жатқан кез. Ұрықары қисапсыз. Пойызға мінудің бір ғана амалы бар. Ол – пойыз басшыларына пара беру. Мұның да амалы табылып, біраз күн жол үстінде келе жатқанда пойыз басшысы білмегенсіп, бұларды ұстап береді. Тексерушілер айдалаға, тайганың ну орманына түсіріп кетеді. Ол ол ма, жолға алып шыққан азық-түлігін жылан жалағандай қылып тартып алады. Соның қырсығынан он шақты күн аш-жалаңаш орман кезіп, үлкендердің ептілігінің арқасында азық тауып, ақыры Қызылжарға жетеді.

– Мені Қызылжардағы Калинин атындағы бесінші қазақ мектебіне оқуға берді. Біріншіні бітіріп те едім. Әкем де, өзге туыстарымыз да үркіншіліктің зардабынан зәрезап болып қалған ғой, бетегеден биік, жусаннан аласа ғана күн кешті. Бұл қазіргі алтыншы қазақ мектебі ғой.

Сол уақытта мені қазақша емес, орысша оқытуды жөн көреді. Сөйтіп, біріншіні қайта оқуыма тура келіп, Ленин атындағы орыс мектебіне ауыстырды, – дейді Тұрғын апай. – Себебі, әкем және өзге туыстарымыз қазақтармен араласудан, сөз туып кете ме деп, қорқатын.

Осы мектепте жетіншіні тәмамдаған соң 1952 жылы қаладағы телеграф-телефон стансасына жұмысқа кіреді. Оның да өз амалы бар. Жұмысқа кіріп, күнелту керек. Бойды тік ұстап, кеуде керіп жүре алмайды. Алды-арттарын “Жер аударылған” деген жалмауыз сөз орай береді. Елде қалған белсенділер тиісті органға хабарлап жібере ме деген үрей бойды билеген. Сондықтан қазақтардан аулақ жүрген жөн деп шешеді үлкендер. Қонаққа бару, қонақ шақыру, ел-жұртпен жөн-жосықсыз араласу деген жоқ. Тек 1953 жылы Сталин өліп, “жылымық” туғанда ғана көздері ашылады.

Еңбек жолын он сегіз жасында бастаған талдырмаш қызға жұмыс істеу өте ауыр тиеді. Жауапкершілігі, қиындығы бастан асатын телеграфшы мамандығы қиын екен.

– Таңның атысы, күннің батысы сарт-сұрт етіп тұратын телетайптың басында отырып, жұмыс істеу оңай емес. Үйге келгенде үсті-басымды зілдей батпан жүк басып тұрғандай болатын. Амал нешік, “Тағдыр салды, мен көндім” депті ғой бұрынғылар. Соларша мен де көндім.

Міне, апай осыны айтты да, сәл үнсіз қалды. Телетайптың салдыр-күлдірінен, ақыры, құлағына зақым келіп, нашар еститін болыпты. Жасы да келіп қалған адам ғой, ақырын сөйлесем, құлағына алақанын апарады.

Бар болғаны жеті сыныптық білімі болса да, Тұрғын апай, атадан дарыған тектіліктің арқасы шығар, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарады.

Абырой демекші, мұны апайдың алған марапаттары айғақтайды. 1976 жылы “Құрмет Белгісі” орденін иеленеді. Ал содан бес жыл өткен соң Ленин орденін кеудеге тағады. Мен сол жылы марапатталғандардың тізімін сарғайып кеткен газет бетінен көрдім. Онда “Байланыс министрлігі бойынша Дәрібаева Тұрғын Қапарқызы “Ленин” орденімен наградталады” деп жазылыпты.

– Апай, әкеңіздің есімі Әбдіқапар деп едіңіз. “Қапарқызы” деп жазылуы қалай?

Ол сәл отырып:

– Қашып-пысып жүргенде анық-дұрысын кім ойлайды дейсің? Орыстар дұрыс атын жаза алмай, “Қапар” деп тіркепті. Сонымен, бәріміз әкеміздің екінші атымен кеттік қой, – деді.

Апай 1989 жылы отыз жеті жыл еңбек еткен соң зейнетке шығады. Бірақ облыстық байланыс басқармасының басшылығы жастарды баулуын өтініп, қосымша үш жыл еңбек етеді. 1985 жылғы 17 сәуірде оған “КСРО-ның байланыс шебері” деген құрметті атақ беріледі.

Ресей жерінде жүргенде Ендіқой деген сіңлісі, Сұраған есімді інісі дүниеге келіпті. Екінші сіңлісі Ғалия мен інісі Төлеген Қызылжарда туған. Сұраған Қапаров облысымызға белгілі азамат болған, сауда базасын басқарған, атқарған қызметімен ғана емес, азаматтық тұлғасымен ел-жұртқа сыйлы адам болғанын білетінмін. Мен Сұраған Әбдіқапарұлымен футболға барған сайын қатар отыратынмын. Өте білікті жанкүйер еді, жарықтық. Оның зайыбы, Тұрғын апайдың келіні, зейнеткер, Астанада тұратын Әнипа Уәлиқызы ұзақ жылдар бойы Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасын басқарды. Ал інісі Төлеген Әбдіқапарұлы облысымызға белгілі спортшы, “Авангард” шеберлер командасында ел чемпионатында өнер көрсеткен футболшы болды. Қазір облыстық шағын футбол федерациясының вицепрезиденті, республикалық Футбол федерациясының төрешілер алқасының мүшесі.

Апайдың жұбайы Кәбдікәрім ақсақал 2000 жылы қайтыс болған. Зейнетке шыққанша СҚМУ дене тәрбиесі факультетінде аға лаборант қызметін атқарған.

– Шырағым, әкем 1974 жылы, шешем Сақыпжамал 1992 жылы өмірден өтті. Жұбайым қартайғанда қатты науқастанды. Міндеті менде болды. Соған қоса, жас келін болып түскенімде қайын атамды, қайын енемді және жұбайымның шау тартқан қарт туысын күтіп-бағып, қолымнан жөнелттім, – деді апай.

Әңгімеміз тамамдалар тұста Тұрғын апай туыстары бас қосып, биыл қайтқанына қырық жыл болатын Әбдіқапар марқұмды еске алу үшін ас беруді ұйғарғанын айтты.

Апайдың өмірінің басы қиын болса да, сексенге толып, бақытты ғұмыр кешуі Тәңірдің ризығы шығар.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: Т. Әбдіқапарқызы.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp