“Облыстық “Жас ұлан” бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы” қоғамдық бірлестігі мен облыстық еріктілер клубы “DAMU” кәсіпкерлікті дамыту қоры” өңірлік филиалында кездесіп, еріктілердің сындарлы сұхбат құру дағдысын дамыту бойынша тренинг-семинар ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты – еріктілердің жұмысын жандандыру. Сындарлы сұхбат құру тақырыбында өткен тренингті психолог Александр Гакштетер жүргізді. Іс-шараға облыс орталығы колледждерінің студенттері қатысты.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың, егде тартқан адамдар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың арасында кездесулер, мерекелік концерттер ұйымдастырып, әрдайым көмек қолын созуға даяр еріктілер алдағы уақытқа жоспарланған іс-шаралармен танысты. Еріктілер клубының жетекшісі Елена Скакунованың айтуынша, Ұлы Жеңіс мерекесіне орай “Таза жеңіс”, “Жеңіс рекорды” акциялары өтіп, аталмыш іс-шара аясында ардагерлердің үйлеріне барып, ауланы, үйді жуып тазалауға көмектеспекші. Сонымен қатар, облыс орталығындағы ескерткіштерді де тазартпақшы.
Іс-шара соңында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға қатысқан бір топ белсенді еріктілер марапатталды.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.