Облыстық сотта “Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасы: проблемалар және жетілдіру жөніндегі ұсыныстар” тақырыбында аймақтық семинар өтті. Екі күнге жоспарланған жиынның алғашқы үш сессиясында жаңа заң редакциясына қатысты қордаланған пікірлер айтылып, ұсыныстар ортаға салынды.
Мемлекет басшысы ел судьяларының VI съезінде жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексін әзірлеуді тапсырған болатын. Осылайша, Жоғарғы соттың жұмыс тобының тараптарға ыңғайлы және сөзбұйдаға жол бермейтін азаматтық іс жүргізу кодексін жаңартуды жүзеге асыру жөніндегі тынымсыз жұмысының нәтижесі көпшілік назарына ұсынылды. Оны талқылау жұмысына Жоғарғы соттың судьясы, заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Николай Мамонтов, Астана қаласының, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының судьялары, ғалымдар, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Сондай-ақ, аудандардағы судьялар да семинар жұмысына селекторлық режімде қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Аймақтық семинар жұмысын ашқан Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Мұратғали Әкетай семинарға қатысушылар Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасына қатысты өз пікірін білдіріп, оны жетілдіру жөніндегі салиқалы ұсыныстарын енгізе алатындарын айтты.
Жоғарғы соттың судьясы, заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Николай Мамонтов кодекстің жаңа редакциясының маңызды аспектілеріне тоқталып өтті. Мәселен, заң жобасына сәйкес тараптардың мүддесі үшін басқа адамдардың сотқа қатысу мүмкіндігі сақталады, бұл ретте олардың міндетті түрде жоғары заңгерлік білімі болуы керек. Ал сот актілерін қайта қарауға өтініш беретін тараптардың мүддесін адвокаттар қорғайды.
Құжатта бітістіру рәсімдерін кеңінен қолдану мақсатында дауды бейбіт жолмен реттеуге ықпал ету көзделіп отыр. Яғни медиация ісіне үлкен көңіл бөлінбек. Бұған қоса жоба азаматтық істерді қарау тәртібін соттар қызметінде техникалық құралдарды кеңінен қолдану арқылы жеңілдетуге бағытталған. Өзге де толықтырулар мен өзгерістер халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарының мүддесін қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, қабылданатын болады.
Семинарда сөз алған Астана қалалық сотының судьясы Елена Максюта заң жобасындағы көптеген өзгерістер мен толықтырулар судьялар тарапынан қолдау тапқанын айта келе, бірқатар баптарды жетілдіруге қатысты өз ойын жеткізді. Семинарға қатысушы судьяларға қоса өзге салалардың өкілдері де қызметтеріне қатысты заң тараулары жайында сөз қозғап, пікір алмасты.
Жаңа редакциядағы Азаматтық іс жүргізу кодексі жұртшылықтың кеңінен талқылауына шығарылып, заң жобасы Жоғарғы соттың интернет-ресурсына орналастырылған. Ал семинар барысында айтылған ескертулер мен ұсыныстар заң жобасын одан әрі жетілдіру кезінде ескерілмек.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”