Осыдан үш жыл бұрын Бас әскери прокуратураның мұрындық болуымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа әскерлер және әскери құрылымдарда құқық бұзушылықтың алдын алудың 2013-2015 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілген болатын.
Аталмыш бағдарлама барлық әскери бөлімдерге жеткізіліп, түсіндірілген. Десек те әскерилер арасында құқық бұзушылық әлі де тіркелуде. Қылмыстың көпшілігі Петропавл гарнизонында орналасқан ҚР ҰҚК Шекара қызметі мен ҚР ІІМ Ішкі әскери мекемелері мен әскери бөлімдерінде орын алған. Бұған қоса “казармалық бұзақылық” фактілері де кездеседі. Атап айтқанда, 2013 жылдың 28 қазанында ҚР ІІМ ІӘ Әскери институты казармасында курсанттар төбелескен. Белгілі болғанындай, әскери оқу орнының курсанты Дәулет Д. оқу ротасының казармасында әскерилер арасындағы уставтық қарым-қатынасты бұза отыра, жеке басқа тіл тигізіп, курсант Нүсіпбайды соққыға жыққан. Бұл факт бойынша ҚР ҚК 370-бабы 1-бөлімімен қылмыстық іс қозғалып, іс Ақмола гарнизонының әскери сотына жіберілді. Жоғарыда айтылған қылмыстың мән-жайын анықтауда Әскери институт ғимаратында орнатылған бақылау камераларының жазбасы пайдаланылды. Кінәлі деп табылған курсантқа бір ай бойы Ақмола гарнизонының гаупвахтасында отыру жазасы кесілді.
Ақпанның 18-гі күні Қостанай гарнизонының әскери сотында №2032 әскери бөлімінің шекара бекетінің бақылаушысы А.Сандыбаевқа қатысты қылмыстық іс қаралды. Белгілі болғанындай, шекара нарядының мүшесі Сандыбаев шекара қызметін жүргізу талабын өрескел бұзып, бөтен құжат көрсеткен А.Служаева деген әйелді шекарадан заңсыз өткізіп жіберген. Аталмыш әйелге ҚР аумағына енуге азаматтық соттың шешімімен тыйым салынған. Осы оқиғаға орай ҚР ҚК 376-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, соттың шешімімен А.Сандыбаев кінәлі деп табылып, 6 айға дейін әскери қызметтен шеттетілді. Сондай-ақ жалақысының 10 пайызы мемлекет кірісіне ұсталатын болып шешілді.
Бүгінде Петропавл гарнизонының мекемелерінде 300-ге тарта бақылау камералары орнатылған. Казарма, қару қоймасы сияқты әскерилердің жиі болатын жерлерінде орнатылған камералардың арқасында қылмыс саны азая түскен.
Сонымен қатар, әкімшілік құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған шаралар қолға алынуда. Мәселен, соңғы 3 айдың ішінде бұйрыққа бағынбау және әскери қызметшіні балағаттау сияқты әскери құқық бұзған 4 әскери қызметші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Игорь ГРЕБЕНЮК,
Петропавл гарнизоны әскери прокурорының аға көмекшісі, әділет подполковнигі.