«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙЫРТАУЛЫҚТАР ЕГІСКЕ ДАЙЫНДЫҚТЫ ПЫСЫҚТАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Айыртау аудандық әкімдігінің мәжіліс залында “2014 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын ұйымшылдықпен өткізу шаралары және ауданның агроөнеркәсіп кешенінің дамуы жөніндегі міндеттер туралы” семинар-кеңес болып өтті. 

Семинар-кеңесті ашқан аудан әкімі Ағзам Тастеміров Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылғы 17 қаңтардағы “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу мақсатына жету үшін ең алдымен Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсірудің маңыздылығына тоқтала келе, болашақ аграрлық секторда екенін атап айтты, деді.

Аудан әкімінің орынбасары Аманбек Махметов биылғы көктемгі егіс науқанын ұйымшылдықпен өткізуге бағытталған шаралар жайында баяндады. Аманбек Ғазизұлының айтуына қарағанда, ауданда биылғы егіс науқанын 392,6 мың гектар алқапта жүргізу жоспарланып отыр, оның ішінде 303,7 мың гектарға дәнді дақылдар (249,1 мың гектарға – бидай, 51,1 мың гектары – майлы дақылдар) себілмекші. Аудан бойынша 47,0 мың тонна тұқым әзірленіп, оның барлығы сұрыпталған дәнді дақыл деп танылған. Оның 41,9 мың тоннасы – 1-ші және 2-ші сұрыпты (90%), ал 5,9 мың тоннасы – 3-ші сұрыптағы тұқым (10%).

Ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдарына көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге барлығы 5761 тонна дизель отыны, 950 тонна бензин, 285 мың тонна дизель майы қажет. Қазіргі кезде ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен (89 шаруашылық) арзандатылған 4931 тонна дизель отынына келісімшарттар жасалған. Жанар-жағармаймен толық қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыс жүргізілуде.

Биылғы көктемгі егіс науқанына 1135 трактор, 1180 тұқымсепкіш, 113 себу кешені, 480-ге жуық жүк көліктері және басқа да техника жұмылдырылмақ.

Жиын соңында аудан басшысы Ағзам Ахметжанұлы өткен жылдың соңында елімізде өткен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық “Парыз – 2013” байқауына қатысып, “Үздік әлеуметтік жауапкершілікті кәсіпорын” аталымы бойынша марапатталған “Арықбалық” ЖШС-іне (директоры – Малғаждар Әйіпов), “Восход Имантау” ЖШС-іне (директоры – Аюб Цычоев), “Ғасыр Айыртау” ЖШС-іне (директоры – Валентин Лыткин) Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дипломдарын табыс етті.

Бағлан ҚОЖАҚОВ,

 журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp