«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЛАШАҚ ИЕСІ – ЖАСТАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолдауы маған ерекше әсер етті. Президентіміз “Күлтегін” ескерткішіндегі тасқа қашап жазып кеткен бабалар сөзін негіз етіп, халқын әрқашан бірлікке шақыруда. “Күлтегін” ескерткішінде: “Ей, түркі бектері! Ағайын арасында алауыздық болды. Билікке таластыңдар! Алға шаптыңдар, оңға, солға шаптыңдар! Не таптыңдар?! Бек ұлдарың – құл болды. Пәк қыздарың – күң болды!!! Қандарың суша ақты, сүйектерің тау болып үйілді. Бірігіңдер!” – делінген. Бірлік барда қуатты тірлік болады. Қуатты тірлік құт-береке, бақ-дәулет әкелетіні белгілі. Елбасы қалап берген бірлікке бастайтын даңғыл жолымыз бар. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Жылдар мен ойлар” атты еңбегінде: “Бабаларымыз тірі болу үшін күресті. Ал біз ірі болу үшін күресуіміз керек!” – дейді.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында экономикамыздың дамуын, халқымыздың әлеуметтік жағдайының жақсаруын көрегендікпен 35 жылға жүйелеп, сараптап, жоспарлап берді. Белгіленген меже қазіргі жастарымыздың тепсе темір үзетін, орда алатын, қамал бұзатын шақтарына тура келеді. Елуге толып, елі үшін еңбек етіп, ер атанып, ел ағасы болады. Әртүрлі мамандықты меңгеріп, көргені көп, көкірегіне түйгені мол болып, кемелденеді. Елбасы “Мәңгілік Ел” идеясын көтерді. Мәңгілік Ел болу үшін Тәуелсіздігіміз берік болуы керек. Тек Тәуелсіз ел ғана Мәңгілік Ел бола алады. Тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, нығайтатын, Туымыздың биіктен желбіреуін қорғайтын, әрине, жастар – тек қана жастар! Ол үшін жастарымыздың бойына елжандылықты бала кезінен сіңіруіміз керек. Оларға Алаш азаматтарының өмір жолы рухани азық болса, игі.  

Елбасы Қазақстанды “Қазақ Елі” деп атауды ұсынды. Менің өз басым бұл ойға өте қуандым. Тіпті, кеңес өкіметі тұсында Қазақ Советтік Социалистік Республикасы деп атадық қой. Ал енді егемендік алған жылдан бастап, “советтік”, “социалистік” деген сөздерді алып тастап, Қазақстан Республикасы деп атадық. Республика деген Ел деген мағынаны береді. Сонда: “Қазақ елі”, – деп атап тұрмыз ғой. Ежелден “Қазақ елі” атанғанбыз. Тек қана ескі сарынмен көңіл аудармағанымыз болмаса…

Осы Қазақ елін әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосатын кім? Әрине, жастар! Менің ойыма Мұхтар Әуезовтің: “Ой да көп, уайым да көп ойлай берсең, ой да жоқ, уайым да жоқ, ойнай берсең”, – деген сөздері түсіп тұр. Дана жазушының сөзі қазіргі жастарға арналып тұр.

Индустриялық-инновациялық дамуды, “нано” және “жасыл энергия” технологиясын жүзеге асыратын, іске қосатын, өміршең ететін, орындайтын тағы да – жастар. Ол үшін арзан күлкі, мағынасыз ойынды сырып тастап, білек сыбана өмірге, еңбекке араласу керек. Терең, жан-жақты білім алып, корейлер, жапондар сияқты нағыз білікті маман болып қалану қажет. Елбасы: “Қазақ елі – Қазақ тілі егіз”, – деді. ХХІ ғасырда қазақша ойлап, қазақша сөйлейтін зиялы қауым өкілдерінің алды тоқсанға таяп қалса, соңы жетпісті өкшелеп келеді. Кім басады олардың орындарын, кім толықтырар бұл бір кем дүниені? Елбасы “Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін!” – деп әлденеше рет айтты ғой. Ал біздің бүйрегіміз бүлк, жүрегіміз селт етпей, сол баяғы қалпымызда: “Я по казахски не понимаю”, – дейміз де, орысша мен қазақшаны араластырып шүлдірлейміз. Әлде Франция еліндей үлкен көлемде, жанға батыра, айыппұл салған дұрыс па? Қазақ тіліне шекесінен қарап жүргендер, мүмкін, сонда ойланар.

Дағыстан ақыны Расул Ғамзатов: “Маған сенің тілің ертең өледі десе, мен бүгін өлгенді қалар едім!” – деді. Ана тілін өз өмірінен биік қойған ақынның сөзі жастардың, әсіресе, ұрпақ өсіріп, тәрбиелеп отырған аналардың намысын оятса ғой шіркін?!

Елбасының “Қазақстан – 2050” Стратегиясының орындалуы жастарға байланысты. Жастарымыз бойларын, ойларын түзеп, Елбасының сенімін ақтауға лайық та даяр болса екен деп тілеймін. Өйткені, Елбасы егемен еліміздің болашағы – жастарға зор сенім артып отыр.

Қымбат ИСМАНОВА,

 еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp