1. Жинақтаушы зейнетақы қорларының бірігуі қашан аяқталады?
Жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттары бойынша зейнетақы активтері мен міндеттемелерін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына өткізу Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі бекіткен кестеге (Кесте БЖЗҚ сайтына орналастырылған) қатаң сәйкестікте және белгіленген форматтар бойынша жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта жинақтаушы зейнетақы қорларынан тарихи және мұрағаттық деректерді қабылдау-өткізу жұмыстары аяқталып қалды.
Әр салымшының (алушының) зейнетақы жинағы (жарналар мен инвестициялық кірістерді қоса есептегенде) БЖЗҚ-ға бұрынғы жинақтаушы зейнетақы қорында оларды өткізген күнге қалыптасқан мөлшерде берілді.
Үстіміздегі жылдың 26 наурызынан бастап барлық жинақтаушы зейнетақы қорлары салымшыларының жеке зейнетақы шоттары БЖЗҚ-да орналастырылған, яғни салымшылар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры көрсететін қызметтердің барлығына қол жеткізе алады. Барлық зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі жүзеге асырады.
2. Қаржыны БЖЗҚ-ға аударуға өтініш жазу қажет пе? Қалай және кімге беру керек? БЖЗҚ-мен шартқа отыру қажеттілігі туындай ма?
Салымшыларға (алушыларға) олардың зейнетақы жинақтарын ЖЗҚ-дан БЖЗҚ-ға аудару үшін қосымша ешқандай өтініш жазу талабы қойылмайды. Сондай-ақ, зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттарға қайта отыру да қажет емес.
Салымшылар (алушылар) мен олардың зейнетақы жинақтары, сондай-ақ, зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша күші жойылмаған міндеттемелер туралы ақпаратты ЖЗҚ-дан БЖЗҚ-ға аудару автоматты түрде жүзеге асырылады.
3. Салымшының зейнетақы жинақтары БЖЗҚ-ға зейнетақы активтерін қабылдау-өткізу барысында “жоғалуы” мүмкін бе?
Жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтерін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қабылдау-өткізу іс-шараларының аясында әр салымшының (алушының) зейнетақы жинағы бұрынғы жинақтаушы зейнетақы қорынан оларды өткізген күнге қалыптасқан мөлшерде беріледі. Басқаша айтқанда, салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарын жинақтаушы зейнетақы қорынан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына беру кезінде азаматтардың қаржысы жоғалмайды және өкілетті орган бекіткен кестеде белгіленген өткізу күнінде аударылған инвестициялық кіріс (шығын) есепке алына отырып, толық көлемде аударылады.
4. Салымшылар (алушылар) өз зейнетақы шотының жай-күйі туралы жыл сайын алатын ақпаратқа қалай қол жеткізе алады?
“Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы” Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, БЖЗҚ салымшыға (алушыға) оның жеке зейнетақы жинағының жай-күйі туралы жылына кем дегенде бір рет, сондай-ақ, оның сұрауы бойынша кез келген күні тегін ақпарат беріп отыруға және оның зейнетақы жинағы туралы ақпаратқа қол жеткізуінің электрондық және басқа да түрлерімен қамтамасыз етуге міндетті. Өзінің ЖЗШ жай-күйі туралы жыл сайын ақпарат алу тәсілі салымшының (алушының) ықтиярымен таңдалып, жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтініште, ақпарат алу тәсілін өзгерту/белгілеу туралы келісімде немесе зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта көрсетіледі. Пошта байланысы арқылы ақпарат алу тәсілінен басқа, бұған дейін ақпарат алудың осы түрін таңдаған салымшылар пайдалана алатын ақпараттандырудың осы түрінен басқа өз зейнетақы жинағы туралы мәліметті былай алуға болады:
– қорға өзі келіп, өтініш білдіру. Салымшыларға (алушыларға) ыңғайлы болу үшін “БЖЗҚ” АҚ филиалдары мен қызмет көрсету орталықтарының кең желісіне ие, олардың орналасқан жерлері туралы “БЖЗҚ” АҚ www.enpf.kz сайтындағы, “Филиалдар картасы” бөліміне кіріп білуге болады. Сол жерден барлық бөлімшелердің жұмыс тәртібімен таныса аласыз.
– WEB-ақпараттандыру арқылы. “БЖЗҚ” АҚ салымшылары санатына ауысқан және ЖЗШ ашу туралы өтініште, зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта, ақпарат алу тәсілін өзгерту/ белгілеу туралы келісімде ақпарат алудың “Интернет байланысы арқылы өзі хабарласу арқылы” түрін таңдаған салымшылар (алушылар) өз зейнетақы жинақтарының жағдайы туралы мәліметтерді “БЖЗҚ” АҚ сайтындағы тиісті бөлімге кіріп біле алады (бұл туралы толығырақ “БЖЗҚ” АҚ сайтынан немесе CaІІ-орталыққа 8 800 080 11 77 нөмірі бойынша хабарласу арқылы білуге болады).
E-MAIL-ақпараттандыру арқылы ала алады. Салымшы ақпарат алудың “электрондық пошта бойынша” тәсілін таңдаған жағдайда, ЖЗШ-дан үзінді көшірме зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта, ЖЗШ ашу туралы өтініште, ақпарат алу тәсілін өзгерту/бел гілеу туралы келісімде көрсетілген электронды пошта мекенжайына келуі керек.
5. Өз зейнетақы жинағыңның жай-күйі туралы ақпаратты ХҚО-дан алуға бола ма?
Халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚО) нақты уақыт тәртібінде ЖЗҚ, БЖЗҚ табысы болып есептелетін инвестициялық кірістер туралы мәліметтер қосылмаған күйінде салымшының (алушының) ЖЗШ-на аударылған жарналары туралы мәліметтер көрініс табатын қаржы түсімі мен қозғалысы туралы ақпарат беріледі.
Зейнетақы жинақтары мен міндеттемелерін БЖЗҚ-ға өткізіп қойған жинақтаушы зейнетақы қорларының салымшылары (алушылары) ЖЗШ-дан ағымдағы үзінді көшірмені БЖЗҚ-ның жақын орналасқан офисіне келіп ала алады. ЖЗШ-дан үзінді көшірмеде салымшының (алушының) зейнетақы жинақтары (жарналар+инвестициялық кіріс) туралы ақпарат БЖЗҚ базасында ЖЗШ ашқан күннен бастап көрсетіледі.