Белгілі жазушы Естай Мырзахметовтің ұлы Абай марқұм елге танымал кәсіпкер еді. Бірде сол кісімен сұхбаттасқанымда: “Біздің көбіміз дастарқан басында ғана патриотпыз. Әдемі сөйлеп, әдемі тілек айтамыз. Ал іс жүзіне келгенде, бұрау басын сындыратынымыз некен-саяқ. Біздікі – “дастарқандық патриотизм” ғой…” – деген еді.
Әкесінен шешендік дарыған біртуар азаматтың жадымда жатталып қалған сөздері Қызылжар өңірінде өткен сенбі күні болған сенбіліктен соң есіме қайта түсті. Рас, еңбек ұжымдарының бәрі өз басшыларының бастауымен қолдарына тырнауыш пен күрек ұстап, көшеге шығып, мекемелерінің маңайын тәртіпке келтірді. Ал тұрғын үйлердің маңы ше? Облыс орталығының өзім тұрып жатқан тұсындағы көп-пәтерлі үйлердің көбінің маңына адам қолы тимей, қыстан кейінгі былыққан күйінде жатқандығын байқадым.
Ал өзім болсам, мекемеде өткізілген сенбіліктен кейін “Облыстық мәслихаттың депутаты” деген дардай атағым бар екенін ойыма алып, өзімнен-өзім ұялғандықтан, үйімнің маңындағы қыстан қалған қоқысты жалғыз өзім тазалауға кірістім. Шамасы, менің бұл ісімді өз пәтерлерінің терезелерінен көрген болулары керек, біраздан соң бірнеше жас жігіт сыртқа шығып, жүргіншілер жолының екі жағында шашылып жатқан бөтелкелер мен тұрмыстық қалдықтарды жинай бастады. Әп-сәтте үйіміздің маңайы тазарып шыға келді.
…Той-томалақтарда жұрттың алдына шығып, аузымызды толтырып: “… Еліміз көркейе берсін!” деп, көсілетініміз бар. Ондай сөз айтуға моральдық құқымыз болуы үшін ең әуелі үйіміздің маңын көркейтіп алғанымыз жөн емес пе?!. “Дастарқандық патриотизм” деген, міне, осы болады, ағайын.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
облыстық мәслихаттың депутаты.