«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕКІ КҮНДЕ – ЕКІ МЫҢНАН АСТАМ ЗАҢ БҰЗУШЫЛЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облысымызда тәртіп сақшылары қылмыстар мен заң бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған “Тұрмыс, қадағалау және алкоголь” шарасын өткізуде. 

Бүгінгі күні тұрмысы нашар 728 отбасы, ертеректе істі болған 1656 адам мен үйдегілерге күн көрсетпей, шу шығаратын 160 бұзақы ішкі істер органдарының тіркеуінде тұр. Әйелдердің құқығын қорғау тобының инспекторы Татьяна Колесникованың айтуынша, рейдтің алғашқы күні учаскелік полиция инспекторлары тіркеуде тұрған 246 тұлғаны тексеріп, оның 155-іне әкімшілік хаттама толтырды. Сондай-ақ, отбасында жанжал шығарып, жұбайларына қол көтерудің екі фактісі тіркелді. Бұзақылар 30 тәулікке қамауға алынды.

Мәселен, 57 жастағы ер адамның үстінен әйелі тәртіп сақшыларына шағым түсірген. Еш жерде жұмыс істемейтін, ащы суға салынған отағасы үйде күнде жанжал шығарып, отбасы мүшелерінің мазасын алатын көрінеді. Полиция қызметкерлері оның үстінен әкімшілік хаттама толтырды. Ал тағы бір үйге  келіп-кетер қонақ көп. Тәртіп сақшыларының айтуынша, мұнда ішімдікке “кет әрі” емес адамдар жиналады екен. Үй иесі учаскелік полиция инспекторлары келгенше ұйықтап қалғанына қарамастан, қонақтары кетуге асығар емес. Осындай отырыстар соңы ауыр қылмыстардың жасалуына әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Оларды болдырмас үшін учаскелік полиция инспекторлары бұл үйлерге күнделікті келіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Жалпы, тәртіп сақшылары екікүндік жедел-алдын алу шарасы барысында 2 мыңнан астам адамды тексерді. Оның ішінде темір тордың арғы жағынан уақытынан бұрын бостандыққа шыққан 268 тұлға бар. Тағы 217 адам тіркеуге алынды. Олардың жетпісі – ішімдікті шамадан тыс пайдаланатындар. Екі күннің қорытындысы бойынша 2 мыңнан астам түрлі әкімшілік заң бұзушылықтар анықталды. Қоғамдық орындарда мас күйінде жүрген 432 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды.

Ерлан МАХМЕТОВ,

СҚО ІІД баспасөз қызметінің инспекторы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp