Петропавлдағы №10 орта мектепте Білім басқармасы мамандарының ұйытқы болуымен орта білім беретін ұйымдардың оқушыларын тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызмет көрсететін жеткізіп берушілерді таңдау ережелері түсіндірілді. Оған Білім басқармасы мен Петропавл қалалық және аудандық білім бөлімдерінің тамақтандыруды ұйымдастыру мәселелеріне жетекшілік ететін мамандары, облыс орта мектептерінің директорлары қатысты.
– Еліміздің мемлекеттік сатып алу мәселелері жөніндегі заңнамалық актілеріне кейбір толықтырулар мен өзгерістер енгізілуіне орай Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңының 8-бабының 4-тармағындағы орта білім беретін ұйымдардағы тамақтандыруды ұйымдастыру бөліміне өзгерістер енгізілген болатын. Осыған байланысты ел Үкіметі “Орта білім беретін ұйымдардың оқушыларын тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызмет көрсететін жеткізіп берушілерді таңдау ережелерін бекіту туралы” қаулы қабылдады, – деді білім басқармасының бас маманы Альфия Қадырова.
Оның айтуынша, ереже бойынша жеткізіп берушілерді таңдау конкурстық құжаттардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылуы, сонымен қатар белгіленген өлшемдер сақталуы тиіс. Оның ішінде қызмет көрсету нарығындағы жұмыс тәжірибесі, тағамның экологиялық сәйкестік сертификаты мен сапасы, аспаздардың біліктілігі, технологтар мен диетологтардың болуы, санитарлық-эпидемиологиялық станцияның қорытындысы бар тағамды жеткізетін арнайы көліктің болуы да ескерілген. Конкурсқа қатысу үшін қажетті құжаттар ғаламторда жарияланады. Сол арқылы жеткізіп беруші конкурсқа қатыса алады.
Жаңа ереже бойынша мектеп оқушыларына тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызмет көрсететін жеткізіп берушілерді таңдау кезінде бұрынғыдай тамақтың бағасына емес, сапасына басымдық беріледі.
Біздің облыста бұған дейін басқа өңірлердегідей балалардың тамақтан жаппай улану фактілері болған жоқ. Тамақ мәзірін әр 2 аптаға арнап санитарлық-эпидемиологиялық станция мамандары өздері жасайды, оған кәсіпкер қатыспайды. Бүгінгі күні бір баланың тамағына 185 теңге баға ұсынылып отыр.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.