М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде “Облыстық бастамашыл жастар орталығының” мұрындық болуымен ақпараттық кездесу өтті. Бүгінде жастарға ұсынылатын мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктері, жұмысқа орналасу, заң және психология тұрғысынан көмек көрсету мәселелері әңгімеге арқау болған шараға оқу орнының студенттері мен ұстаздар ұжымы қатысты.
Кездесуде сөз алған “Бастамашыл жастар орталығының” директоры Данияр Әбутәліп келушілерді қолға алынған мемлекеттік бағдарламалармен, өзі басқарып отырған орталықтың қызметімен таныстырды. Сондай-ақ, болашақ педагогтерге “Дипломмен – ауылға!”, “Жастар тәжірибесі”, “Жасыл ел”, тағы да басқа мемлекеттік бағдарламалар мен онда қарастырылған жеңілдіктер жайлы егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Оның айтуынша, жастардың дені мемлекет ұсынған жобалар жайлы біле бермейді. Олардың көмегіне жүгінетіндер де аз екен.
Іс-шараға белсене қатысқан облыстық Әділет департаментінің, Дін істері жөніндегі басқарманың және “Жастар денсаулық орталығының” өкілдері де студент жастар үшін өзекті болып табылатын жұмысқа орналасу, баспана алу бағдарламасы жайында нақты кеңестермен қатар, дәстүрлі дін, экстремизм, психология, денсаулықты сақтауға қатысты мәселелер тақырыбында ақпар берді.
Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай кездесулер бүгінге дейін облыс орталығының 9 оқу орнында өткізілген. Шара барысында студенттерді толғандырып жүрген мәселелердің барлығы тыңдалып, ескерілетін көрінеді. Соңғы 11-ші кездесу алдағы уақытта Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде ұйымдастырылады, деді Данияр Әбутәліп.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.