Есіл ауданындағы Явленка ауылының тұрғыны Амангелді Сағындықов – “Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020” бағдарламасымен мемлекеттің қолдауын көріп, отбасылық табыс кілтін тапқан тұрғындардың бірі. Торғай өңірінде туған Амангелді Сағындықұлы жиырма жыл Арқалық қаласындағы “Армаш” зауытында механик болып еңбек еткен. Алайда, заман ағымының, өндірістегі өзгерістердің салдарынан 2000 жылы жұмыссыз қалады.
– Сонау жылдары бір ағам жоғары оқу орнын бітірген соң жолдамамен осы облысқа келгенді. Соған қонаққа келіп жүріп, бұл өңірдің табиғаты мен адамдары ұнап қалды. Екі қолы бос адамға қайда барып тірлік жасаса да еркі емес пе?! 2002 жылы отбасыммен осында көшіп келдім. Менен кейін қаншама туған-туыстарым осы жаққа қоныс аударды. Бүгінде Явленка ауылының өзінде біздің тұқымнан бір-бірімізбен аралас-құралас жатқан 12 шаңырақ тұрамыз, – дейді Амангелді Мұсабеков.
Алдына біткен азын-аулақ малмен отбасының берекесін күйттеп отырған отағасы “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы өз күшіне енгеннен бері өз кәсібін дамытудың жолын қалыптастырып алған. Көзі ашық, көкірегі ояу жігіт аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен хабарласып, олардың көмегімен 2011 жылы 800 мың теңгенің несиесін құжаттап, оған 12 бас ірі қара сатып алады да, ол қарызды екі жылдың ішінде қайтарады. 2013 жылы кәсіпкер аталмыш бағдарлама қаржысына тағы өтініш білдіріп, бұл жолы қолына тиген 2 миллион теңгеге 7 бас жылқы, 5 бас қара мал, 15 бас қой сатып алыпты.
– Бұл – жұмыссыз отырған адамға үлкен көмек. “Қалауын тапса, қар жанады” дегендей, еңбектеніп, мойы-май жұмыс істесең, кез келген бастаманың нәтижесі жаман болмасы анық. Кейбіреулер: “Малдың бағасы жоқ, қайда өткіземін?” деп күйгелектенеді. Сылтау із-деп, қол қусырып отырсаң, табысты саған кім береді? Қораңда малың болса, отбасың қашанда тоқ. Одан қалды малдан жақсы табыс түсіруге болатынын да көріп жүрміз. Бүгін баға төмен болғанымен, ертеңгі күні оның құны артады. Өмірдің өзі аумалы-төкпелі емес пе? Сондықтан жолыңдағы қиындықтарды жеңе білсең, еңбегің еш кетпейді,– дейді Амангелді Сағындықұлы.
Бұл жолы алынған несиені де ол реті келсе биыл күз жауып тастамақ. Ондағы ойы – төмен пайызбен берілетін мемлекеттік қаржыны қомақты мөлшермен алып, ірі қараның асылтұқымын өсіру. Ол Қостанай облысынан қазақтың ақбас сиырын сатып әкеліп, өсірмек. Кәсіпкер ауыл сыртына үлкен қора салып, болашақта кешенді мал фермасының қабырғасын қаламақ ойы бар екенін де айтады.
– Малды көбейтсем, айналамдағы ағайындарға да жұмыс болады. Ірі қараны ет бағытында өсірсем деймін. Өз тәжірибемнен байқағаным: малды сыртқа шығармай, бордақылап өсірген жаман болмайды екен. Асылтұқымды мал әкелсем, жайылымдық жер қажет болары сөзсіз. Оған аудан әкімдігі қолғабыс береміз деп отыр. Ауданда малдың жемшөбін дайындап, сататын шаруа қожалықтары жеткілікті. Ендеше, еңбекті ұйымдастыра білсең, табыс көзі ашылары сөзсіз, – дейді кәсіпкер.
“Жігітке жеті өнер де аз” дегендей, Амангелді Сағындықұлының қолы көп нәрсеге епті. Ол – жақсы құрылысшы. Былтыр ауылдастарын таңғалдырып, үш ай жазда зәулім үй тұрғызып алыпты. Іші кең, жарық, сәнді етіп салынған үйдің әр бұрышы білікті, шебер, тиянақты құрылысшының қолтаңбасын аңғартады. Сондай-ақ, ол – білікті механик. Темірге жастайынан жақын жанның бұл сүйікті ісі отбасылық табыс көзіне айналған. Ол жұрттың іске жарата алмаған ескі, сынған тракторларын арзанға сатып алып, оны жөндеп, сатып та қосымша табыс түсіреді. Баласы Руслан да техникаға әуес болғандықтан, әкесіне көмек көрсетуге әр кез құлшынып тұрады.
– Екеулеп жүріп үй салдық, көлік жөндейміз, мал жайлаймыз. Зайыбым Жанат Төлегенқызы да шаруаның бір жағына шығып отырады. Мен жұмыстармен жол жүріп кетсем, үйдің шаруасына бас-көз болатын солар, – дейді Амангелді Мұсабеков.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.