Аққайың ауданындағы Қиялы ауылдық округіне Қиялы станциясынан басқа Кучковка, Барыкөл ауылдары қарайды. Оларда 2319 адам түтін түтетіп отыр. Біз олардың тыныс-тіршілігін білу мақсатында ауылдық округтің әкімі Николай Стригунды сөзге тартқан едік.
– Николай Николаевич, ауылдық округте жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ететін қандай кәсіпорындар бар?
– Округ орталығында сыйымдылығы 96 мың тоннаны құрайтын “Қиялы-Астық” ЖШС бар. Ол астық сақтаумен және ұн өндірумен айналысады. Аталмыш элеваторда 118 адам еңбек етеді. “Солтүстік жанармай компаниясы” ЖШС – 40, көмір сақтаумен және өткізумен айналысатын “Альянс-Жолы” ЖШС 12 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Бұдан басқа газбен жабдықтайтын “Рока” ЖШС, жеке кәсіпкер Каскиннің жанармай құю станциясы жұмыс істейді.
Үш елді мекенде өсімдік шаруашылығымен айналысатын 5 ЖШС, 42 шаруа қожалығы бар. Аталмыш агроқұрылымдар 23200 гектар егістік алқапқа иелік етеді. Олар өткен жылы әр гектардан орта есеппен 14,5 центнерден өнім алды, өнімнің жалпы көлемі 1 млрд. теңгеден асты. Майлы дақылдар алқабы 2900 гектарды құрады.
Округте заңды тұлға ретінде тіркелген 11 ұйым, 47 шағын және орта бизнес нысаны бар. Оларда жұмыс істейтіндердің саны – 840 адам.
– Қазіргі заман талабы егіншілікпен бірге мал шаруашылығын да қоса дамыту ғой. Сіздерде осы жағы қалай?
– Округ аумағындағы “Салют” ЖШС, “Регион” ШҚ және “Ган” ЖК мал шаруашылығымен айналысады. Салюттіктер егіншілікпен бірге 597 бас қара мал өсіріп отыр, оның 215-і – сиыр. Олар өткен жылы 600 тонна сүт өндірді. Соңғы екі шаруашылық “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша етті және сүтті мал өсіруге бағыт ұстануда. Оларда әзірше мал саны көп емес, тиісінше 32 және 12 бас қана.
Қосалқы шаруашылықтар 688 бас қара мал, оның 338-і сиыр, 863 бас қой, 103 бас жылқы, 1325 бас шошқа ұстайды.
Жергілікті тұрғындардың ет өнімін өткізуіне кедергі жоқ. Тек үйді-үйден сүт жинауды тиісті дәрежеде жолға қоя алмай отырмыз. Бұл – күн тәртібіндегі мәселе.
Қотандағы малдарды сәйкестендіру шарасы белгіленген межеден асыра орындалды. Оны ветеринарлық қосынның мамандары жүзеге асырды. Округте ветеринарлық талапты сақтауға арналған мал сою қосыны жұмыс істейді.
– Қиялы тоғыз жолдың торабында орналасқан. Жергілікті тұрғындарға қызмет көрсету аясы қандай деңгейде?
– Округ тұрғындары темір жол және автомобиль қатынасымен қамтамасыз етілген. Жолаушыларды тасымалдаумен үш жеке кәсіпкер айналысады. Кучковка және Барыкөл ауылдарынан Қиялы станциясына дейін қысты күндері қатынау ғана қиындық туғызады. Ол жергілікті агроқұрылым басшыларының көмегімен шешіліп келеді.
Жергілікті тұрғындар торапты су құбырын пайдаланады. Қиялы ауылында “Қиялы-Астық” және “Қамқор-Аққайың” атты екі стационарлық су беру қосыны жұмыс істейді. Елді мекеннің 50 пайызын қамтитын 26 колонка, жаңа су мұнарасы орнатылған. “Ақ бұлақ” бағдарламасының екінші кезеңі 2015-2016 жылдарға жоспарланып отыр. Кучковка және Барыкөл ауылдарында су тартатын желі бар.
Елді мекендердің ішіндегі жолдар округтің балансына алынған. Округ аумағында автомобиль жолдарының 35 шақырымы – көтерме жол, 40 шақырымы – асфальт төселген жол, ауылішілік жол – 25 шақырымдай. Қазіргі кезде оларды жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленуде.
Біз бүгінгі күні ауылдық округте арнайы техникасы (шағын тракторы, қорабы, шөп шабатын қондырғысы) бар коммуналдық қызмет құру қажеттігін аудандық деңгейде көтеріп отырмыз. Осы мәселе түбегейлі шешімін тапса, жергілікті әкімдік ешкімге жалтақтамайтын, сырттан көмек күтпейтін болады.
Әкімдікке қарайтын 11 әлеуметтік қызметкер 65 жалғызілікті адамға қызмет көрсетеді. Республикалық бюджеттен бөлінген 768 мың теңгені мектеп жанынан балалар алаңын жасауға, 783 мың теңгені арнайы қоқыс төгетін жерлерді қалыпқа келтіруге және көгалдандыруға жұмсадық.
Елді мекендерде 18 сауда нүктесі бар, оның негізін аралас сауда жасайтын дүкендер құрайды, біреуі – шаруашылық, үшеуі – таза азық-түлік дүкені. “Раевская” ЖК-нің – екі, “Лосинская” ЖК-нің бір дәріханасы бар. Жыл басында олардың барлығымен бағаны тұрақтандыру жөнінде меморандумға қол қойдық.
Қиялы дәрігерлік амбулаторийінде 9 маман еңбек етеді, оның екеуі – жоғары білімді, біреуі – жалпы тәжірибедегі дәрігер.
Округ аумағында 9000 кітап қоры бар кітапхана, екі ауылдық клуб, үш спорт залы, бір орта, бір бастауыш мектеп, ауыл шаруашылығы колледжі, пошта орналасқан. Ауыл тұрғындары “Билайн”, “Актив”, “Теле-2” байланыс қызметін пайдаланады.
– Таяудағы тұрғындар алдында есеп беру кезінде қандай өзекті мәселелер көтерілді?
– Округтегі өзекті мәселенің бірі – Қиялы ауылында балабақшаның жоқтығы. Ол аудан әкімінің бақылауына алынды. Оның жобалық-сметалық құжатын әзірлеу үшін 3,8 млн. теңге қаражат бөлінбек.
“Қиялы-Астық” ЖШС қарамағындағы монша аталмыш кәсіпорынның күшімен қазіргі уақытта күрделі жөндеуден өткізілу үстінде. “Искенов” ЖК-нің өтініші бойынша шина жинақтау цехы үшін жер телімі бөлінетін болды. Тұрғындардың қалауы бойынша “Салют” ЖШС тәулігіне 1000 бөлке нан пісіретін наубайхана,100 орындық дәмхана ашпақ. Қиялы орта мектебінің асханасы, есік-терезелері, сәкісі, дәретханасы, ауылдық клуб күрделі жөндеуді қажет етеді. “Миллер” ЖШС-іне астық қабылдау қосыны құрылысы үшін 5 гектар жер телімі бөлінді.
“Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында атқаратын жұмыстарымыз да аз емес. Бес фермерлік шаруашылық құруға ниет білдіріп отырғандарға да қолдау көрсетуіміз қажет.
Елді мекендерді көркейту және заңсыз қоқыс төгілген орындарды жою жұмыстарын алдағы уақытта жалғастыратын боламыз.
Президент Жарлығына сәйкес енді ауылдық округтің әкімдері тоқсан сайын, аудан әкімдері жылына екі рет жергілікті тұрғындар алдында есеп беретін болады. Бұл кездесулер туындаған көкейкесті мәселелерді жедел шешуге көмектесетіндігін өмірдің өзі көрсетіп отыр.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Нұрсайын ШӘРІП, “Солтүстік Қазақстан”.