«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕУМЕТТІК САЛА – ӘРҚАШАН НАЗАРДА Мәжіліс депутаттары бірқатар нысандардың жағдайымен танысты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің вице-спикері Дариға Назарбаева бастаған Мәжіліс депутаттары – Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшелері өңірімізге жұмыс сапарымен келді. Облыс әкімі Самат Ескендіров қарсы алған депутаттар әлеуметтік нысандарды аралады. Соның ішінде халық қалаулылары алдымен облыстық балалар ауруханасына барып, ондағы сауықтыру бөлімшесінің жұмысымен танысты.

Облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Олег Завьялов аурухананың жай-жапсарын баяндады. Аурухана былтырғы жылы өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтті. Жыл сайын емдеу мекемесінде 9 мыңға астам балаға стационарлық көмек көрсетіліп келеді. 294 жатын орынмен қамтамасыз етілген ауруханада айы-күні жетпей туған нәрестелерден бастап, 15 жасқа толған жасөспірімдер ем-дом қабылдайды. Аурухана 2002 жылы Түмен қаласының облыстық клиникалық ауруханасымен келісімшартқа отырып, 575 солтүстікқазақстандық балаға ота жасалды. Былтырғы жылы Астана қаласындағы ұлттық ғылыми-кардиохирургиялық орталықтың дәрігерлері 16 солтүстікқазақстандық бүлдіршіннің жүрегіне ашық ота жасаған. Облыстағы нәрестелердің өлім-жітім көрсеткіші былтырғы жылы 10,8 пайызды құраған. Бұл көрсеткіш республикадағыға қарағанда біршама төмен. Дариға Назарбаеваның аталмыш көрсеткіштің жақсару себебіне қатысты сұрағына облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қабдырахман Сақтағанов: “Нәрестелерде туабітті ауытқулардың алдын алу бойынша скринингтік тексерістер өткізу оң нәтижесін беріп отыр. Сондай-ақ, елді мекендердегі ауыр науқастар реанимобильмен облыс орталығына жедел түрде жеткізіліп, оларға ауруханада ем-дом жасалады”, – деп жауап берді.

Депутаттар аурухананың екінші қабатында орналасқан сауықтыру бөлімшесін аралап көрді. Ондағы жұмыс жайлы әңгімелеген бөлімше меңгерушісі Ирина Тищенко халық қалаулыларын облыстағы балалар мүгедектігінің жағдайымен таныстырды. Аталмыш бөлімше “Неврология және нейрохирургия”, сондай-ақ, “Травматология және ортопедия” салалары бойынша емдеумен айналысады. Бөлімшеде жылына 10 мың нәресте мен жасөспірімге консультациялық көмек көрсетіледі.  

Парламент Мәжілісінің вице-спикері Дариға Назарбаева және басқа да Мәжіліс депутаттары Петропавл қаласындағы есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернатында болып, оның жағдайымен танысты. Меймандарды облыс әкімі Самат Ескендіров ертіп жүрді.

Меймандар келген бойда мектеп-интернат мамандарының Ресей Федерациясының Шадринск қаласындағы әріптестерімен өткізіп жатқан халықаралық онлайн конференциясына қатысты. Конференция “Кохлеарлық имплантат қойылған балаларды психологиялық-педагогикалық тұрғыда сауықтыру” тақырыбын қарастырды. Онда кохлеарлық имплантат қойылған балаларды оқу үдерісіне жіберу, оларды дыбысқа үйретудің әдістемелік негіздері, сауықтыру жағдайындағы жұмыс ерекшеліктері туралы айтылды. Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту мен тәрбиелеу жөнінде тәжірибе алмасылды.

Мәжіліс депутаттары Ресей Федерациясында кохлеарлық имплантат қоюға қаражат қалай бөлінетінін, имплантты ауыстыру қалай жүзеге асатынын, есту аппараттары қойылған балалардың ішінде жалпы білім беретін мектептерге жіберілетіндері бар-жоғын, егер болса, ол балалардың болашағы қандай екендігі сияқты өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.

Оларды сонымен қатар, Шадринск қаласындағы инклюзивтік мектептер мәселесі де қызықтырды. Қалада 10 инклюзивтік мектеп бар, бірақ оларға сөйлеуге үйренген балалар ғана қабылданады. Естімейтін балалардың инклюзивтік мектептері жоқ.

Облыстық педагогикалық-медициналық-психологиялық консультацияның меңгерушісі Сәулеш Нұрсейітованың айтуынша, облыста 2045 мүгедек бар. Оларға жоғары оқу орындарына түсуіне жеңілдіктер қарастырылған. Петропавл қаласындағы үш бөбекжай-балабақшада инклюзивтік топтар ашылған. Бұл мекемеде балалар екі тілде білім алады.

Мәжіліс депутаттары есту кемістігі бар балалардың тілін дамыту бойынша сабақтар өткізіліп жатқан сыныптарда да болды. Парламент Мәжілісінің вице-спикері Дариға Назарбаеваның атынан балаларға интерактивті сынып сыйға тартылды. Онда балалардың дамуына жағдай жасайтын түрлі-түсті интерактивті тақта, планшет, тағы басқалар бар.

Кездесу соңында меймандар назарына білім ошағының дарынды балаларының концерті ұсынылып, олар естелік суретке түсті.

Парламент Мәжілісінің депутаттары еліміздің 4 облысына қызмет көрсететін Петропавл протез-ортопедиялық орталығына да ат басын бұрды. Ондағы жұмыс барысымен танысқан Мәжіліс депутаттары орталықта жасалатын бұйымдар сапасына, оларды жеткізу және сырқаттардың бұйымды пайдалану тәртібіне қатысты сұрақтар қойды. Өндіріс цехының басшысы Светлана Энгель орталықтағы стационарда тұтынушылардың бұйымдарға тапсырыс беруіне, осында протездерді өлшеп, қажетті ем-дом алуына, протездерге үйренуіне барлық жағдайдың жасалғанын айтты.

Орталық басшысы Николай Петров ресейлік және израильдік мамандар мұндағы құрылғылар сапасына жоғары баға бергенін айта келіп, мемлекеттік сатып алуға тәуелділік орталықтың жұмысына кері әсерін тигізіп отырғанын айтты. Мәжіліс депутаттары әлеуметтік саланы мемлекеттік сатып алудан шығаруға қатысты жұмыстың атқарылып жатқанын тілге тиек етті.

Түс ауа астаналық меймандар Петропавл балалар психоневрологиялық интернат-үйінде болды.

Кәсіпорын директоры Аягөз Ермағанбетова мен әлеуметтік мәселелер жөніндегі маман Татьяна Портнягина халық қалаулыларын интернат-үйінің тыныс-тіршілігімен таныстырды. Бүгінгі күні онда 3-тен 18 жасқа дейінгі 71 бала интернатта, 35 бала күндізгі бөлімде тәрбиеленіп жатыр. Оларға 11 дефектолог-ұстаз, 2 психолог, 3 әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман, 3 музыка жетекшісі, 2 логопед, 15 тәрбиеші, штат бойынша барлығы 172 адам қызмет көрсетеді. Оқу үрдісі әрбір баламен жеке жүргізіледі. Оқу, емдеудене шынықтыру кабинеттері, ойын және жатын бөлмелер жабдықталған. Балалар 6 рет тамақтанады. Олардың бәрі түгелдей түзету-дамыту оқуымен қамтылған. Сабақтар ойын үлгісінде жүргізіледі. Ұжым 2009 жылдан бастап арнайы әлеуметтік қызмет көрсету стандартымен жұмыс істейді.

 

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

Ләйла ЖАНЫСОВА,

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp