«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БӘЙТЕРЕКТЕЙ МӘУЕЛІ ҚОС МАЙДАНГЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 69 жылдығы таяп қалды. Халқымызды осынау бақытқа жеткізген қаһарман аталарымыздың ерлігіне бас иеміз.

Менің туған атам Шаяхмет марқұм да соғысқа қатысып, тұтқынға түсіп, зардап шегіп, елге оралып, өзінің туған Отанында, опасыздық жасағандай, абақтының ауыр азабын шеккенін білемін. Сондықтан маған соғыс зардабы бала күнімнен аян.

Біздің ауданда көзі тірі екі майдангер бар. Олардың бірі, амандық болса, биылғы маусым айында тоқсан екіге келсе, екіншісі наурыздың басында сексен тоғызға толды. Осы екі қарт – Қабыл Мұжыкенов пен Тілекен Игенбаев – көздері тірі шежірелер десем, артық емес.

Тимирязево ауылында тұратын Қабыл атай – Шал ақын ауданындағы Ақсу ауылының тумасы. Соғысқа 1942 жылы, жиырма жасында алынып, бірден Сталинград майданына жөнелтіліпті.

Тарихтағы аса елеулі бұл шайқас Кеңес әскерлерінің асқан ерлігін паш еткен майдан болғаны аян. Қаланы жаудың құрсауынан босату жолындағы шайқас 1942 жылдың 17 шілдесінде басталып, 1943 жылдың 2 ақпанында немістердің тізе бүгуімен аяқталғаны белгілі ғой. Осы шайқаста ерлік көрсеткен жауынгерлер сапында Қабыл ағамыз да болып, қазақ жігітінің намысы мен жігерін танытқанын мақтаныш етеміз.

Ол Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін “Қызыл ту” орденімен марапатталған, Жеңістің бірнеше онжылдықтарына арналған медальдарды таққан.

Қан майданнан елге 1946 жылы оралып, сүйген жары айыртаулық Қайнисамен шаңырақ құрады. Бейбіт өмірде аянбай еңбек етіп, 1953 жылдан бастап 1982 жылы зейнетке шыққанша механизатор болған. Шаңырағында бір қыз, төрт ұл тәрбиелеп өсірген (өкінішке қарай, ұлдарының бірі өмірден өтіп кеткен). Бүгінде баладан бала сүйіп, бес немерелі абыз қарт атанып отыр.

Барша қауым болып тағзым ететін екінші майдангеріміз – Тілекен Игенбайұлы, аудан орталығының тап қасындағы Сулы ауылында тұрады.

Соғысқа он жетіге толмай-ақ, 1942 жылы шақырылыпты. Барған жері – Қиыр Шығыс, жапон милитаристерінің немістермен ауыз жаласып, шығыстан Кеңес Одағына қауіп төндіріп тұрған кезі. Тілекен атамыз осында теңіз жаяу әскерінде қызмет атқарады.

Шекара Жапон теңізін бойлайды. Асқан қырағылықты талап ететін қатаң әскери тәртіпке боз-бала шама-шарқынша көндігіп, аз уақытта нағыз сарбаз болып шыңдалады.

Соғыс аяқталар тұста Мәскеуге жіберіледі. Өйткені, тұтқындалған немістер еліміздің астанасына баса-көктеп ене алмаса да, экономикамызға адам айтқысыз шығын және зиян келтірді ғой. Сондықтан өздері қиратқан құрылыстарды қалпына келтіруге, қалаларды үйінділерден тазартуға үкім шығарылды. Міне, Тілекен атай осындай кездерде тұтқындардың жұмысына бақылау жасаушылардың қатарында болған.

Көрсеткен ерліктері үшін І дәрежелі Отан соғысы орденімен, “Жапонияны жеңгені үшін” медалімен және бірнеше басқа медальдармен марапатталған.

Ол елге 1950 жылдың 14 наурызында ғана оралған екен. Сол жылдың 12 қыркүйегінде Рутай есімді қызға үйленеді. Бәйбішесінің туған жері – Шал ақын ауданының Мерген ауылы. Тілекен атайдың кіндік қаны тамған жері – осы аудандағы Бағанаты ауылы. Әкесі Игенбай марқұм Тілекеннің екі жасында қайтыс болып, анасы жетілдірген екен.

– Шаңырақ құрғанымызға биыл алпыс төрт жыл болды. Соғыстан оралғанда болашақ жұбайым сымдай тартылған, сұңғақ жігіт еді. “Қосағыңмен қоса ағарыңдар!” деген тілектерін арнаған үлкендердің айтқаны келіп, қартайдық. Құдайға шүкір, дін аманбыз, – дейді Рутай әжеміз.

Атай екеуі он екі бала көріп, ризығына бөленуде. Бір қынжылтатыны – тұңғыш ер баласы он алты жасында өмірден озып кетіпті. Қалған он бір баладан отызға тарта немережиен сүйіп отыр.

Тәкең өмір бойы бір ғана мамандықтың тізгінін тартып, 1985 жылы зейнетке шыққанша “Сельхозтехника” кәсіпорнында бухгалтер қызметін атқарған.

Бір атап айтарым, екі ардагер атамыз да – көздері қарақты, білімді азаматтар. Еліміздің тәуелсіздігінің ризығын көріп, қадери-халдерінше құрметке бөленіп жүр. Әсіресе, жас ұрпаққа өнегелі тәлім-тәрбие көрсетіп, өздерінің от шарпыған жалынды жастық шағы жайында әңгіме шертеді. Ұлы Абай: “Ақсақалды ауыл азар ма?!” дейтіндей, ғибратты қарттарымызды ақылдың кеніндей көріп, ардақ тұтамыз.

Бұл зиялы қарттар көненің көзіндей болып, арамызда жүрсе, жастарға айтарлық ақылы, қонымды кеңесі мол. Отбасының берекелі бірлігі, жарасымы мен сыйластығы балаларына да дарып, немерелері үлгі тұтса, кәріде арман бар ма? Бұларды көріп өскен жастар қос майдангерді мәуелі бәйтерекке балайды.

Ғазез ШАЯХМЕТОВ,

Тимирязев аудандық ардагерлер кеңесінің

 төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp