Биыл елімізде тың және тыңайған жерлерді игерудің басталғанына 60 жыл толып отыр. Қоғамның бұл оқиғаға көзқарасы әртүрлі: кейбіреулер кең-байтақ даламыздың ойран-ботқасын шығарып, жұртымыздың тыныштығы бұзылып, болмысымызды бұзды десе, ал көпшілік тың игеру қоғамымызға тың өзгерістер берді, елімізге сары алтын байлығын әкелді, жыл сайын миллиондаған пұт астық жинадық, жаңа, әлеуеті жоғары елді мекендер бой көтерді, бұрнағы ауылдарға жаңаша өң кірді, мәдениеті түрленді, өнер-білім жаңғырды, ел бейнесі көріктенді дегенді айтады.
Біздің дана қазақ: “Малды тапқанға бақтыр, отынды шапқанға жақтыр” дейді ғой. Тың туралы толғауды сол тыңның дәмін татқан, ащысы мен тәттісін, қызығы мен шыжығын көрген адамнан артық кім айта алады? Менің де саналы ғұмырым тыңмен тығыз түйісті. 1955 жыл. Онжылдықты тәмамдап, ҚазМУ-дың журналистика факультетіне дайындалып жүрген кезім. Бірде ағам Қилаж: “Иә, Болат, жоспарың қандай, қайда оқуға барасың?” деп сұрады. Журналистикаға дайындалып жүргенімді айттым. “Болат, елімізде тың игеру басталып жатыр. Мамандар қажет қой. Сен одан да агрономдық мамандық алуға ауылшаруашылық институтына барғаның дұрыс. Антон Павлович Чехов – дәрігер, бірақ қандай жазушы! Сен де агроном бол, кейін жазушы боларсың” деп кеңес берді.
Сөйтіп, ағамның сөзі қамшы болып, физматқа дайындалып жүрген Ғазиз бауырым екеуміз Омбы ауылшаруашылық институтына тартып кеттік. Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік аймағындағы жалғыз ғана ауылшаруашылық институты. Соғысқа дейін СибАка (Сібір академиясы) атағы жер жарған мықты оқу орны, мұнда атақты академиктер, Ленин сыйлығының лауреаттары сабақ берді.
Қабылдау комиссиясына өтінішімізді тапсырдық. Қызықтың көкесі алда екен. Агрофакқа бір орынға 14 талапкер бар екен. Өз-өзімізге сенімділік пе, әлде ештеңеден бетіміз қайтпаған жастық жігер ме, селт етіп шошынбадық. “Біз қазақ мектебін бітірдік, бізге бір жеңілдік бола ма?” деген сұрағымызға “бәрің бірдейсіңдер” деп бір-ақ қақты мұндағылар. Бірақ бұл жайт та бізді қорқыта қойған жоқ.
Сол кездегі Қызылжардағы жалғыз қазақ мектебінің берген білімінің тыңғылықтылығы және өзіміздің үлгілі оқығанымыздың да арқасы шығар, барлық пәндердің сынақтарынан төрттік баға алып, он төрттің бірі болып, жиырма сегіздің екісі болып оқуға қабылдандық.
Ресейде орыс тілділердің арасынан үздік шыққанымызға осы күні таңғаламыз. Әрине, оқу оңайға түскен жоқ. Әсіресе, саясиэкономия, философия, тарих пәндері қиынға соқты. Оқисың, түсінесің, бірақ айтуға тіл шорқақ. Оқу тобымызда көпшілігі техникум бітірген, қызмет істеген, әскерден оралғандар еді, тіпті, Ұлы Отан соғысына қатысқан Георгий Авинов та бізбен оқыды.
Оқуымызды ойдағыдай тамамдап, ғалым агроном деген дипломмен туған өңірімізге оралып, 1960 жылдан зейнетке шыққанға дейін, ауыл шаруашылығы саласындағы барлық сатылардан өтіп, абыройлы қызмет атқардым деуге бүгін ұялмаймын. Бөлімше агрономынан кеңшар директорына дейін, облыстық Ауылшаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасарына, облыстық өндіріс бірлестігінің басшысына дейін өсіп, зор сенімге ие болдым. Булаев, Бескөл аудандық партия комитеттерінің хатшысы қызметін атқардым. Москвадағы КОКП-нің орталық комитеті жанындағы жоғары партия мектебін үздік оқып бітірдім. Францияда Савои университеті жанындағы халықаралық агробизнес мектебін тамамдадым. Бірақ, еңбек жолымдағы ең жарқын, ең жемісті қызмет атқарған жылдарым – тың төсінде құрылған “Москворецкий” кеңшарында төрт жылға жуық директор болған кезім. Шаруашылықты 1973 жылдың қазан айының 13-інде қабылдадым. Егін жинау науқаны толассыз жауған күзгі жауын салдарынан әлі аяқталмаған екен.
Бір күні егінжайды аралап жүріп, №2 дала бригадасының егістігінде тұрған комбайнның қасына келдім. Комбайншымен амандасып, танысып, неге тұрғанын сұрасам, сабанмен бірге дән кетіп жатыр, соны не істерімді біле алмай тұрмын дейді. Сол жерде аз уақыт ішінде комбайнның ақауын тауып, жөндедік. Сол күндері әлгі комбайншы Анатолий Зайцевтың: “Жаңа келген директор комбайнның жұмысын жетік біледі екен” деген сөзі кеңшарға тез тарап кетті. Бұл оқиғаның әуелде бірнеше жыл партия қызметінде болған, шаруашылықтың нақтылы іс тетіктерін білер ме екен деген сенбеушілерге іспен берілген жауап іспеттес болғаны анық. Осылай диқаншы қауымының маған деген көзқарасы өзгеріп сала берді. Өз егінімізді жинап болып, көрші “Восход” кеңшарынан 200 гектар аралас дақылды малымызға жемге жинап алдық.
Келесі 1974, 1975 екі жыл қатарынан қуаңшылық болып, шаруашылығымызға оңай тимеді. Бірақ, агротехника мәдениетінің жоғары болуы арқасында салыстырмалы дәрежеде гектарынан тоғыз центнерге жуық өнім алдық.
1975 жылы жемшөп тапшы болды. Шошқаларға Ақсуат көлінен томар дайындадық, құрақ шаптық. Алыстан сабан тасыдық. Мал басын қыстан аман алып шығу күнделікті іс-қимылға айналды. 1976 жылдың көктемі туа қиыншылық көбейе түсті. Мал төлдейтін кез. Қыстан арық шыққан жеке шаруалардың сиырлары бұзау тастай бастады деген хабар маған жетті. Ауыл адамдарының негізгі күнкөріс көзі мал ғой. Цех басшыларын жинап, үй-үйді аралап, тиісті шаралар қолдануды тапсырдым. Сөйтіп, малды шығынсыз алып шықтық.
Сол жылғы көктемде 400 бас жас мал табыны Қостанай облысымен шекарада бағылатын. Мамырдың 22-сі күні, егін себу науқаны қыза түскен кез, күндіз жақсы жауын өтті. Көңіліміз көлдей шалқыды. Бірақ түнгі тыныштығымыз ұзаққа бармады. Таң алдында, сағат төрттің кезінде біреу терезені тарсылдатты. Жас малдар бригадасының басшысы Владимир Труфанов келіп, жайлаудағы мал қырылып жатыр деген суық хабар жеткізді. Түнгі қар араласқан жаңбырдың соңы дүлей дауылға айналып, мал қоршауын бұзып, ықтап барып, жақындағы тоғанға бірін-бірі итеріп суға кеткен.
Ұжымның ұйымшылдығын сонда көрдім. Айналасы екі сағат ішінде құрылыс материалдары мен жемшөп артқан “К-700” тракторлары мен “КАЗ” автомашиналары жолға шықты. Автобус тола жұмысшылар да аттанды. Өзім аудан басшыларына хабар бердім, лезде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы аудандық атқару комитетінің төрағасы және аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы жетіп келді.
Жайлауға жете бере жол бойы серейіп жатқан, тоғанның бетінде қалқып жатқан тайшаларды көргенде тұла бойым мұздап кетті. Қарап тұруға уақыт жоқ. Тірі қалған малды Қостанай облысы Қарасу ауданының жерінде пайдаланусыз бос қалған қораға қамап, есік-терезелерін қымтап, жемшөп таратып қойдық. Әлсіреген, бірақ тірі малдарды көліктерге артып кеңшарға әкеліп, мал соятын орын дайындап, екі тәулік бойы еттерді реттеп, Петропавл қаласына апарып, өткенін ет комбинатына, өтпегенін қала түбіндегі аң фермасына тапсырдық. Сол екі тәуліктегі өңменіңнен өтетін жауын аралас жел өтінде қыңқ етпей еңбек еткен жұмысшылар мен мамандардың аянбай табиғаттың дүлей күшімен айқасқандары нағыз ерлікпен парапар еді.
Таңертеңгі әдеттегі жұмысты жоспарлау отырысында маман – басшыларға жүз екі бас шығынға ұшырағанын, мал үкіметтікі, шығынның орнын толтыруымыз қажет екенін айттым.
О, ғажап, сол күні түс алдында кабинетімдегі жұмыс үстелімнің үстінде бір дорба ақша жатты. Бұл халықтың қолдау көрсетіп, ерікті түрде сөз айтқызбай жинап берген қаражаты екен. Мұны көріп, тұла бойым толқып, көзіме жас келді. Өзара түсіністік, өзара сыйластық деген осы екенін ұқтым. Менің басшы ретінде халыққа жасаған жақсылығым, көрсеткен қамқорлығымның нәтижесі, маған деген ұжымның сый-құрметі деп түсіндім.
Тыңның адамдары, міне, осындай. Мен жауапкершілікке тартылған жоқпын және аудан басшылығы өткерілген оң ісімізді жақсы бағалады.
Осы жылдары 60 автокөлік тұратын жылы гараж, қыста жұмыс істейтін “К-700” тракторларына арналған әрі жөндеу орны, әрі жылы тұрақ, электр цехы, астық тазалау пункті, дала жұмысында техниканы қамтитын механикаландырылған жылжымалы пункт жұмыс істеді. Мал шаруашылығында бұдан қырық жыл бұрын “Карусель” сауын қондырғысын қолдан жасап, іске қостық.
Әлеуметтік салада тындырған істеріміз де ауқымды болды. Жаңа Мәдениет үйі, оның ескі ғимаратында спортзал, жаңадан екі дүкен, 75 орындық жаңа асхана, сегізжылдық мектепке қосымша ғимарат салып, онжылдық мектеп аштық. Медицина пунктіне ем жасайтын қондырғылар орнаттық. Балабақша мен монша салуды да жоспарлап, бастап кеттік. Жылына міндетті түрде 20 тұрғын үй салынатын. Алғашқы тың игерушілерге арнап жаңа көшеде бір орталықтан жылытылатын суы бар 13 үй салдық.
Көшелерге асфальт төсеп, ауыл айналасын көгалдандырдық. Біраз үйлерді орталық жылуға сумен бірге қостық. Үйлері әбден ескірген “Комсомольская” атты көшені бульдозермен сырып тастадық. Белоруссиядан, Қорған облысынан 20-30 отбасыны қабылдап, орналастырдық. Осыдан кейін жұмыс күшіне зәрулік болмады.
Біздің кеңшар егіншілік мәдениеті жоғары ұжымдардың бірі еді. Үш жыл қатарынан астық тұқымын лазер сәулесімен өңдеп, ғылыми тәжірибе жасадық. Нәтижесінде жақсы көрсеткіштерге ие болдық. Егін шығымы гектарынан 3-4 центнерге артты. Мен өзім кандидаттық диссертация дайындауға кірісіп кеттім. Алайда, осы кезде мені облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасарлық қызметіне ауыстырып, ғылыми жұмысым аяқталмай қалды.
Алғашқы тың игеруші, бас агроном Виктор Алексеевич Пушкарев жұмысқа тыңғылықты, өз ісіне жоғары жауапкершілікпен қарайтын, қарапайым да еңбекқор адам болатын. Мен дала жұмыстарына өте сирек араласатынмын. Бірақ, аз-мұз кемшілікті байқап қалсам, ол сондай қысылып қалатын, мен көргенді ол қалай байқамадым деп іштей ренжитін еді.
Мектеп бітіре сала тракторға отырған, Омбы ауылшаруашылық институтының түлегі, инженер Ұлан Қаженұлы Сүгіров өз ісін терең білетін, тәртіпті қатаң сақтайтын, жігерлі де іскер маман болды. Ол жаңашыл, білімді де білікті инженер еді. Зейнетте жүрсе де, өз жобасымен себу кешенін жасап, біраз шаруашылықтарды іске қосуда. Технологиялық операциялары шетелдіктерден артық болмаса кем емес, өзіндік құны бірнеше есе арзан. Тыңғылықты назар аударып, тиісті қолдау көрсетерлік іс. Тыңның қазанында қайнап, төсінде төселген мамандар, міне, осындай!
Тың – менің ғұмырымның мәнді де маңызды бір парағы.
Болат САҒЫНДЫҚОВ,
облыстың құрметті азаматы.