«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРДАҚТЫ ЖЕРЛЕСІМІЗГЕ АРНАЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жақында аудандық орталық кітапханада атақты жерлесіміз – Сәкен Жүнісов туралы “Өзі нұрлы, сөзі сырлы” деп аталатын еске алу кеші өтті. 

Сәкен Жүнісов көзі тірі болса, биыл 80 жасқа толар еді. Көсем сөздің көк семсері, драматург, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен Жүнісов жайлы айтылған сыр да, жазылған жыр да аз емес. Дегенмен, Сәкенді көздері көрген ел азаматтары мен туғандарының әңгімесі бір бөлек. Іс-шарамызға арнайы шақырылған қонақтар: Сәкен серінің нағашылары Мұхаметалиндар отбасысының келіні Бәтима Мұратқызы, Сәкен Нұрмақұлымен дәмдес болған ел азаматтары Сансызбай Қалиев, Төлеген Сатыбаев, Төлеген Тезекбаев болды.

Аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Е. Нағымжанқызы жиналғандарды жазушының шығармашылығымен таныстырды. Сондай-ақ, ол кезінде туған жеріне ат басын бұрған Сәкен серінің қарсы алу шараларына қатысып, жазушы қолтаңбасы қойылған “Сәкен сері – Ел жайында. Ел – Сәкен сері жайында” кітабын өз қолынан сыйға алғанын сөз етті. Ал Бәтима Мұратқызы өздеріне қонаққа келген Сәкенді қалай қарсы алғанын, қайын ағасына көрсеткен сый-сияпаттары, серінің еліне, жеріне деген ерекше ықыласы, оның отансүйгіштік мінезі туралы, сондай-ақ, туған жеріне келген кезде бір жасап қайтатындығын еске алды.

Кеште “Жерлесіміз Сәкен Жүнісовке – 80 жыл” деп аталатын слайд көрсетілді. Сәкен ағаның өзі сөйлеген бейнеролик, замандастарының сері жайлы пікірлері, Астанада тұрған үйіне қойылған ескерткіш тақтаның ашылу салтанатынан түсірілген бейнематериалдар жұртшылық назарына ұсынылды.

“Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған” деп ұлы Абай айтқандай, соңында өлмейтін мол мұрасы, ұлағатты сөздері қалған жазушының есімі халық есінде сақталары даусыз.

Айгүл АРОНҚЫЗЫ,

Уәлиханов аудандық орталықтандырылған

кітапхананың қызметкері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp