«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЛ АШАҒЫ ЗОР ЗАУЫТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жақында іргелі кәсіпорындардың бірі – “Қазмұнайгазмаш” акционерлік қоғамының өндіріс алаңында болып, мұнай кәсіпкерлігі және геологиялық бұрғылау-бақылау құрал-жабдықтарын шығаратын зауыттың бас директоры Ескендір Мусинмен сұхбаттасқан едік.

– Ескендір Асхатұлы, өзіңіз басқарып отырған өндіріс орны 2013 жылды қандай табыспен аяқтады?

– Өткен жыл кәсіпорын үшін жаман болған жоқ. Жылдың қаншалықты ырысты болғанын әдеттегідей жаз айында акционерлердің кеңесі қорытындылайды. Бүгінгі таңда өндірістің даму серпіні жоғарылап, алдыңғы жылдармен салыстырғанда жалпы өнімнің көрсеткіші өсті. Біз бүгінде Қазақстан аумағында үлкен сұранысқа ие бірнеше жаңа өнім шығаруды игердік. Сондай-ақ, заманауи құрал-жабдықтар сатып алудың мүмкіндігі туды.

– Зауыт қанша адамды жұмыспен қамтып отыр және еңбеккерлердің табысы қалай?

– Бүгінгі таңда мұнда 224 адам еңбек етеді. Жалақылары 100 мың теңгеге дейін барады. Жұмысшылардың табысын тағы бір көтеру туралы ұсыныс акционерлерге құлаққағыс етілді. Жақында директорлар кеңесі өткізілген кезде осы мәселе күн тәртібінде қаралады. Оның үстіне Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың теңгенің құнсыздануына байланысты жұмыс берушілерге берген тапсырмасын орындауымыз керек қой.

–Теңгенің құнсыздануы өндіріске салқынын тигізбеді ме?

– Қазақстан нарығында шетелдік тауарлардың көп екенін көріп жүрміз. Олар бізге үлкен бәсекелестік тудырады. Енді, міне, шетелдерден алдырылатын тауарлардың бағасы күрт жоғарылап кеткен кезде біз сияқты жергілікті кәсіпорындардың мұртын балта шапқан жоқ. Өйткені, біз қолданатын шикізаттардың басым бөлігі, дәлірек айтсақ, 70 пайызы теңгеге сатылып алынады. Тек сыртқы нарықтан енгізілетін шамалы шикізатымыз болғандықтан, тауарлардың құны болар-болмас өсті. Бұл жерде Ресейден әкелінетін тауарларға рубль бағамының әсері бар екенін айтқым келеді. Біз, сондай-ақ, Ресейге де өз өнімдерімізді экспорттаймыз. Өткен жылдан бастап Өзбекстан елімен қарым-қатынас орнатуды қолға алдық. “Лукойл” компаниясының Өзбекстандағы өкілдігімен шарт жасадық. Бұл елдің сырттан тауар енгізуде өзіндік ұстанымы, ішкі заңнамалық тәртібі болғандықтан, оның аумағына тауар жеткізу оңай емес екендігін ескерсек, бұл қадамымыз үлкен алға жылжушылық болды. Осыдан кейін олармен іскерлік байланыс жалғасады деп ойлаймын. Сондай-ақ, Түрікменстанмен де келіссөз жүргізіп, іскерлік ынтымақтастықтың алғышарттарын жасап жатырмыз. Мақсатымыз – тауардың сатылу географиясын кеңейту.

– Кәсіпорында маркетинг жүйесі жақсы жұмыс істейтін болар?

– Біз түскен тапсырыстар бойынша өнім шығарамыз. Бізде сериялап шығарылатын тауарлар аз, көбінесе жеке тапсырыс қабылданады. Әр тапсырыс берушінің өзіндік талабы болатындықтан, бұл да оңай емес. Екінші жақтың көңілінен шығу үшін әр клиентпен жеке жұмыс жүргізіп, жұмыстың сапасы мен орындалу мерзіміне үлкен мән береміз. Тапсырыс берушінің талабын жоғары деңгейде орындау үшін технологтар мен конструкторлар тобы жұмыс істейді. Тауарлардың үлгілері мен түрлері ұдайы өзгеріп отырады.

– Жалпы машина жасау саласында мамандардың жетіспейтіндігі белгілі, бұл мәселені қалай шешіп жатырсыздар?

– Кеңестік дәуір жүйесінде зауыттарда еңбек ететін орта білімді мамандарды көп даярлайтын, соған арналған оқыту орындары болатын. Бүгінде ол үдерісті жоғалтып алдық. Бұл саланың аға буын мамандары жылдан-жылға азайып, олардың ізбасарлары сиреп барады. Бізді жас мамандармен қамтамасыз етіп отырған Борки елді мекенінде орналасқан Машина жасау колледжіне ризашылығымыз зор. Бұл оқыту орнымен шарт жасасып, олардың студенттерін тәжірибеден өтуге шақырып тұрамыз. Олар токарь, фрезерші, дәнекерлеруші даярлайды. Өндірісте технолог, конструктор мамандарының жетіспеушілігі сезіліп жатады. Бүгінгі жастарға машина жасау саласының болашағы зор екеніне, Қазақстандағы өнеркәсіптің даму серпініне, Елбасының биыл бірқатар өндіріс орындарына 1 миллиард теңгенің инвестициясын бөлгізгеніне назарларын аудара отырып, осындай болашағы зор салада еңбек ететіндей білім алуға шақырар едім. Бүгін де, ертең де бұл бағытта жұмыс табу қиынға соқпайды. Тіпті, біздің кәсіпорын арнайы білімі жоқ жастарды жұмысқа қабылдап, оларды мамандыққа баулуға дайын. Бізде жинаған тәжірибенің болашақта зор пайдасы болары сөзсіз. Кәсіпорын әкімшілігі жас мамандарға әлеуметтік жағдай жасаудың жолдарын қарастырып жатыр. Әзірге оларға тұрғын үй немесе жатақхана берудің мүмкіндігі жоқ, бірақ материалдық жеңілдік көрсету қолымыздан келеді. Кәсіпорын жылдан-жылға дамып келеді. Өндірісті кеңейтіп, жұмысшылар санын 500-ге дейін жеткізбек ойымыз бар.

– Бүгіннің өзінде машина жасау саласындағы бәсекелестіктің қарқыны осал емес болар?

– Әлбетте, машина жасау – бүгінгі экономиканың басты бағыттарының бірі. Бәскелестік жасайтын іргелі кәпіпорындар мен шағын кәсіпкерлер де баршылық. Біздің өңіріміздің өзінде 2-3-еуі белгілі. Олардың қайсыбірімен белгілі бір тетіктерді жасаған кезде жолымыз қиысып жатады. Сондай-ақ, дәл біздікіндей өнімдер шығаратын қазақстандық екі зауыт бар. Жалпы, бәсекелестік өндіріске сапа мен технологияның жаңалықтарын енгізеді, ізденуге мәжбүр етеді. “Алтын сапа” байқауында жүлделі орындарға қол жеткізіп жүрміз.Өткен жылы және 2007 жылы оның өңірлік кезеңінде алтын жүлдені алдық. Біздің кәсіпорынның өз артықшылығы бар. Қазақстандық өндіріс орындары шығармайтын кейбір өнімдер бізде ғана жасалады. Жақында біз мұнайшыларға арналған арматура жасап шығардық. Ондай бұйымды көршілес Ресей елі де шығармайды. Жаңа өнімді сапа мен өнімділік жағынан тексеру үшін оның алғашқы партиясын өндіріс аумағына техникалық сынақтан өткізуге жібердік. Жақында оның қорытындысы белгілі болады.

– Мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілді?

– Отандық тауарөндірушілерді қолдауға арналған бағдарламалар арқылы мемлекеттің көмегін көріп отырмыз. Бұл бағдарламалар жаһандық дағдарыс басталған кезде қолға алынды. Мемлекеттік бағдарламалардың арасында біз құрал-жабдықтарды жаңғыртуға мүмкіндік алдық. “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша биыл екінші деңгейдегі банктен алған қарызымыздың жылдық сыйақы мөлшерлемесіне мемлекеттік қордан демеуқаржы берілді. Одан біз 24 миллион теңге үнемдеп отырмыз. Сондай-ақ, кейде мемлекеттік тапсырысты орындап, табысымыз еселеніп жатады. Болашақта жаңадан салынатын Балқаш АЭС-ның құрылысына атсалысуға өтініш білдірмек ойымыз бар. Атом электр стансасы – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Бүгінде оның жоспарлау кезеңі жүргізіліп жатыр. Біздің өз мүмкіндігіміздің, өз біліктілігіміздің артқандығы жағдайымыздың жаман емес екендігін көрсетеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp