«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТЫҢ БЕРЕРІ КӨП

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылғы 14 желтоқсандағы “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында: “Біз қалайтындардың барлығы үшін қашықтықтан оқытуды және онлайн режімінде оқытуды қоса, отандық білім беру жүйесіне инновациялық әдістерді, шешімдерді және құралдарды қарқынды енгізуге тиіспіз”, – деген болатын. Осыған орай “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыру институтындағы инновациялық дамуды әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Лариса Ельцованы әңгімеге тарттық.

– Лариса Филипповна, білім беру жүйесінің сапасын арттыру бағытында өңірімізде қандай жұмыс жүргізіліп жатыр?  

– Қазақстандағы білім беру жүйесін жаңғырту біліктілікті арттырудың жаңа форматын енгізуді ұсынады. Ол педагогикалық тәжірибеге жаңа технологиялар мен идеяларды енгізуге, педагогтердің кәсіби даярлығын арттыруға бағытталған. Кез келген инновация адами капиталмен, инновациялық ресурспен және мамандардың кәсібилігімен қамтамасыз етіледі. Институт педагогтері, әріптестеріміз өздерінің кәсіби шеберліктерін шыңдау, біліктіліктерін арттыру мақсатында алыс және жақын шетелдерге барып, тәжірибе алмасып, олардың іс-тәжірибелерін зерттеп, білім беру жүйесіне лайықты әдістемелерін өз ішімізде таратуға ден қояды. Бұл ретте “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты филиалының оқытушылары Англия, Франция, Корея, Австралия және Ресей елдерінің білім беру жүйесімен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатты.

– Бұл елдердің ішінде қайсысымен тығыз байланыс орнаған?

– Бізбен шекаралас орналасқан мемлекет болғандықтан, Ресеймен тығыз қарым-қатынас орнаған. Көршілес мемлекетпен қарым-қатынас деңгейінің жоғары болуына орыс тілін жақсы білетіндігіміздің де көмегі зор. Онда барғанда ақпаратты еркін алуға мүмкіндік бар. Өткен жылдың соңы мен осы жылдың басында біз ынтымақтастық әрекет жөнінде Ресейдің әртүрлі қалаларындағы біліктілікті арттыру институттарымен келісімге қол қойдық. Атап айтсақ, Мәскеу, Омбы, Қорған, сонымен қатар Украинамен де келісім бар. Ынтымақтастық келісім аясында Омбы мемлекеттік университетінің педагогтер біліктілігін арттыру және білім беру қызметкерлерін қайта даярлау факультеті деканының орынбасары Татьяна Рабочих келіп, аудандық, қалалық, облыстық деңгейлердегі және колледждер әдіскерлеріне арнап шеберлік сыныбын өткізіп, дәріс оқыды. Онымен бір мезгілде Қорған қаласындағы Білім беруді және әлеуметтік технологияларды дамыту институтының ұйымдастыру-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Александр Шатных қашықтықтан байланысқа шықты. Бұл екі ел арасындағы өте тәлімді семинар болды.

– Қазақстан мен Ресейдің білім саласындағы қарым-қатынасы Сіздерге не берді?

– Бұл шаралардың ауқымы кең және берері көп. Бізге қатардағы педагогтер ғана емес, әдіскерлер келіп, тәжірибе алмасады. Олар бізден көргенін өздерінде таратады, өздерінің әдіс-тәсілдерін бізге үйретеді. Мысалы, үш деңгейлік Кембридж бағдарламасына, оның іс тәжірибесі, сабақ жүргізу әдіс-тәсілдеріне ресейлік әріптестеріміз де қызығушылық танытып отыр. Ресейде де көптеген бағдарламалар жасалуда. Біздің институттан Ресейге барып тәжірибе алмасып келген оқытушыларымыз: Ольга Медведева, Татьяна Терейковская, Гүлзағира Нұртаева онда үйренгендерін бүгін өз ішімізде таратуда.

– Ресейдің әдістемелері біздің қазақстандық білім беруге сай келе ме?

– Өзімізге ұнаған озық әдістемені қазақстандық білім беру жүйесіне лайықтап қолдануға тырысуымыз, өз тәжірибеміз арқылы сынауымыз керек. Ұлттық модельге көшіру өзге елдің әдістемелерін пайдаланбау деген сөз емес. Біз ресейлік әдістемені қазақстандық оқыту моделіне ыңғайластырып пайдаланамыз, өйткені, қазір үштілділік қатар жүруі керек. Мысалы, сын тұрғысынан ойлау технологиясы бізге Батыстан келіп жатыр. Оны біз өзіміздің әдістемеге үйлестіріп, пайдаланып жүрміз. Біздің мақсат – кімнің технологиясын пайдалансақ та, сабақты баланың санасына жеткізу. Соның ішінде ұлттық құндылықтарымызды да ұмытпауымыз керек.

– Ресейден не үйрендіңіздер?

– Біріншіден, жүйелік қауымдастыққа, қашықтықтан байланысқа үйрендік. Ресейде шеберлікке үйрену үшін адам үш күнге ғана біліктілікті арттыру орталығына келеді, қалған уақытта өз мектебінде жұмыс істейді, білімін өз бетінше толықтырып, қашықтықтан білім алады. Сосын тағы үш күнге келіп, институтпен қашықтықта байланыс жасау арқылы не үйренгенін, оның пайдасын тәжірибе жүзінде дәлелдейді, яғни сынақтан өтеді. Ресейде қашықтықтан оқытатын орталықтар өте көп. Олардың жаңалықтарымен өткен жылдың желтоқсан айында Қорған қаласындағы Білім беруді және әлеуметтік технологияларды дамыту институтының ұйымдастыру-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры Александр Шатных бес күн семинар өткізу барысында таныстырды. Біз де оның тиімді жақтарын алып, өзіміздің жұмысымызды сол жүйеде жүргізуді қолға ала бастадық.

– Алда қандай жоспар бар?

– Сәуір айында Қорғанмен қашықтықтан – семинар, Запорожьемен Интернет-конференция өтеді. “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты директоры Алма Мырзалинованың бізде жүргізіліп жатқан жұмыс жайлы бейнедәрісі сол форумда әлемдік қауымдастық назарына ұсынылады. Біз де Интернет-конференцияға қашықтықтан қатысамыз. Жұмыстың осындай тәсілін өзімізге де енгізуіміз мүмкін. Бұл – өте қолайлы тәсіл. Мысалы, аудандардағы әріптестерімізге курсты жүргізетін бір оқытушы барып, алдын ала жазылып алынған бірнеше бейне-дәрісті тыңдатуына болады. Жыл басынан бері Ресеймен бес келісімге қол қойылып, бірнеше курстар, семинарлар, іссапарлар ұйымдастырылды. Екі ел арасында білім саласындағы байланыс жалғасатын болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp