Ботакөз, қаз омырау, марал мүсін,
Жарқ етсе, жаулап алар жанарды шын.
Қазақтың қызындағы сұлулықты
Әлемді алты айналсаң, табармысың, – деген шумақ қалай тауып айтылған десеңізші?! Шындығында да, қазақ қыздары сән мен сымбаттан жаралғандай. Өне бойы тұнып тұрған сұлулық.
Ақылы көркіне сай, дарынды қыздардың бірі – Дарина Нұрәлі. Біліммен қатар өнердің де тізгінін қатар ұстап, алға қойған мақсатына ұмтыла білген Дарина – Булаево қаласының тумасы. Арман қанатына ілесіп, өз болашағын өнермен ұштастыруды қалаған бойжеткен бүгінгі таңда Петропавл қаласындағы өнер колледжі мен музыка-эстетикалық бағытындағы дарынды балаларға арналған арнайы мектеп-интернатында оқиды.
Даринаның өнердің осы жолын таңдауына анасы Зәмзагүл Ғабдуллина себепші болған.
– Анам мені кішкентай кезімнен бастап өнерге баулыды. Өз махаббатымен бірге, менің қазақ қызы деген ғажап атқа сай болып, бойжетуіме үлес қосып келеді. Анам менің ақылшым, панам, керек десеңіз, құрбым деп те айтуға болады. Себебі, мен оған ішімдегі бар сырымды айта аламын. Үнемі одан ақыл-кеңес сұрап отырамын. Жылы ұямнан ұшып, облыс орталығындағы мектеп-интернатқа оқуға келдім. Бұл да анамның ақылы. Ол өзі домбыра тыңдағанды ұнатады. Бірақ ойнау білмейді. Үйренгісі келгенімен, мүмкіндік болмаған екен. Анамның орындалмаған арманын енді мен жалғастырып, оны қуанышқа бөлесем деген үкілі үміт мені алға жетелейтін. Алған білімімді ұштау үшін облыс, республика деңгейіндегі түрлі сайыстарға да қатысып жүрмін. 2012 жылы Новосибирск қаласында өткен “Сібір жұлдыздарын жарқыратады” байқауында үшінші орынға ие болдым. 2013 жылы Астана қаласында өткен республикалық “Сәлем, Астана!” байқауына қатысып, жүлделі бірінші орынды жеңіп алдым. Бұл тек қана менің емес, алдымен анамның және ұстазым Майра Сапарқұлованың нәтижелі жұмысының жемісі екенін де айтқым келеді. Қалай болғанда да, мен шығатын шыңдар, бағындыратын белестер әлі алда деп үміттенемін, – дейді жас өнерпаз.
Дарина жақында Жас домбырашылардың Петропавл қаласында өткен Думан Күдеров атындағы облыстық “Сағыныш сазы” сайысына да қатысып, 55 үміткердің арасынан, жүлделі екінші орынды иеленді.
Анасының ақылымен, жүрегінің қалауымен екі ішекті домбыраның қырсырын бір адамдай меңгерген өнер иесін кіші сіңлісі Жаңыл үлгі-өнеге тұтады. Апасына қарап ой да, бой да түзеген ол би билеумен айналысады екен. Олай болса, өнердің баспалдағын енді ғана басқан апалы-сіңлілі жас өнер иелерін келешекте сахна төрінен бірге көреміз деген үміттеміз.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.