Ыстық ықыласымен, жылы сөзімен жаныңа дәру бола білетін медицина қызметкерлерінің өздеріне жүктеген жауапкершіліктері нардың жүгіндей. Талап пен міндетке сай еңбек етіп, білімі, біліктілігі арқасында биік белестерді бағындырып жүрген Өмірзақовтар отбасы да осындай ақ халатты абзал жандар.
Мифхат Сәкенұлы облыстық онкологиялық диспансердің ауруханасында сәулемен емдеу бөлімшесінің меңгерушісі болып қызмет етеді. Ертелі-кеш жұмыс басынан табылатын дәрігер алдына келген науқас адамдардың емделуін бақылап, оның нәтижесін қадағалап, барлық жағдайды толықтай назарда ұстайды.
– Ісік ауруы емделеді. Ол үшін уақытымен тексерілу керек. Денсаулыққа салғырт қарауға болмайды. Кейбір кездерде сырқаттанып қалған адамдар дер кезінде дәрігерге көрінбей, үйде өз беттерінше емделген болады. Бірақ, нәтиже болмаған соң уақытты оздырып, ауруханаға келеді. Әрине, бұл жерде мен барлық адамдар осындай деуден аулақпын. Өз болашағын ойлап, ісік ауруының алдын алу үшін жоспарлы түрде жүргізілетін скринингтік тексерулерден өтіп жүретіндер саны аз емес. Қазір мемлекет барлық жағдайды жасап отыр. Шетелден заман талабына сай түрлі медициналық құрал-жабдықтар жыл сайын сатып алынады. Мәселен, біздің бөлімшенің өзінде ғана Чехиядан, Германиядан, Англиядан әкелінген аппараттар бар. Оларды жұмыс барысында пайдаланамыз. Мұндай сапалы құрал-жабдықтар дер кезінде ауруды анықтап, науқасты емдеу кезінде оң әсерін тигізеді. Дәрі-дәрмектердің барлығы жеткілікті. Үш жылдан бері ауруханада күндізгі стационар жұмыс істейді. Яғни, науқастар бұрынғыдай айлап жатып емделмейді. Күндіз келіп, тиісті ем-домдарын алып, үйлеріне бара беруге де болады. Мұның барлығы науқас адамдардың жағдайын жақсартып, жазылып кетуі үшін жасалып отырған қадам, – дейді Мифхат Сәкенұлы.
Онкологиялық диспансер он алты жастан бастап барлық адамдарды қабылдап, қарайды. Науқас адамдар негізінен сәуле, химиятерапиясында ем-дом алады. Соңғысында Мифхат Сәкенұлының зайыбы Бақытжан Ғабдырахманқызы жұмыс істейді. Жоғары санатты дәрігер де науқастарды емдеп, медицина саласының дамуына өз үлесін қосуда.
– Қазір медицина күн санап қарышты қадаммен алға басып келеді. Түрлі құрал-жабдықтармен қатар, емдеуге оң әсерін тигізетін жақсы препараттар да бар. Емдеу кезінде оларды пайдалана отыра науқастардың өз-өзін әлдеқайда жақсы сезінуіне, “сырқатпын, енді жұмысқа да жарамсыз боламын” дегендей ойлардан аулақ болуына, яғни шамасы келгенше еңбекке араласуына да көмектесеміз. Ауру асқынып кеткен күннің өзінде де оны дұрыс жолмен емдеп, тиісті дәрі-дәрмегін беріп отырса, науқастың өмірін ұзартуға болады. Бұрын емдеу жолдары қиын болса, қазір медицинаның мүмкіндігі мол. Ең бастысы, қатерлі ісік ауруларының қай түрі болсын бірінші кезеңінде анықталса, одан құлан-таза емделіп кетуге болатынын айтқым келеді , – дейді Бақытжан Өмірзақова.
Мифхат Сәкенұлы мен Бақытжан Ғабдырахманқызы Омбы қаласындағы медициналық институтта оқып жүрген кезінде танысқан. Сөйтіп, мақсаты мен арманы бір жастардың көңілдері жарасып, алтыншы курста оқып жүргенде шаңырақ көтерген. Бүгінде Малика есімді қыз баланы тәрбиелеп отыр. Негізгі мамандықты Омбы қаласында алса да, 1992 жылы Қазақстанға көшіп келуге бел буған. Қазір ерлі-зайыптылар отбасымен Петропавл қаласында тұрады. Отағасы жұмыстан бос уақытында кітап оқыса, үйдің берекесін келтіріп отырған аяулы жар, асыл ана, білікті маман Бақытжан Ғабдырахманқызы қолы қалт ете қалса, іс тігіп, тоқумен айналысады. Қолөнерді бір адамдай меңгеріп алған ол саламатты өмір салтын ұстанып, аэробикамен де айналысады. Жұптары жарасып, өз қатарластарының алды бола білген осындай үлгілі отбасылардың саны көбейе түссе нұр үстіне нұр болар еді.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.