Виктория Малышкина – Бескөл ауылының тумасы. Анасы Наталья Викторовнаның айтуынша, Виктория жасынан зерек. Ол ата-анасының қолдауымен 4-сыныпта оқып жүргенде Бескөлде жаңа ашылған “Мерей” өнер мектебінің хореография бөліміне барады. Осылай Бескөл орта мектеп-гимназиясында білім алып жүріп, өнер мектебіндегі сабақтарын да қалдырмайды. Сондай күндердің бірінде Виктория би сабағына дайындалып жатқанда көрші кабинеттен шыққан домбыраның үніне құлақ түреді. Бұрындары құлағы шалған, бірақ жанды дауысын енді ғана анық естіген аспаптың дыбысын таңырқай тыңдайды. Домбыраның үнімен үндескен жүрегінің лүпілін анық сезгендей болады. Сол күннен бастап бала сиқырға толы домбыраны бебеулетуге бел байлайды.
Бастапқыда қызының тілегін Викторияның ата-анасы тосырқай қабылдайды. Бәлкім, балалық деп ойлаған болар. Бірақ Виктория өз шешіміне сенімді еді. Кеш те болса, екі жыл өткен соң ақыры Виктория өнер мектебінің домбыра сыныбына оқуға қабылданады. Оның ұстазы Берік Жанатовтың айтуына қарағанда, Виктория домбырашылармен тез арада тіл табысып кетеді. Мектептің жанынан құрылған “Шашу” домбырашылар ансамблінде де өнер көрсетеді.
Өзге ұлт өкілінің домбыраны еркін меңгеруіне Тойкен Күдерованың шәкірті Берік Сәбитұлының тікелей қатысы бар, дейді Викторияның анасы Наталья Малышкина. Виктория түрлі сайыстарға да қатысып, өңірдің намысын қорғаған. 2012 жылы Алматы қаласында өткен жас дарындардың республикалық байқауында Д.Нүрпейісованың атындағы арнайы сыйлықты еншіледі.
Қазіргі таңда Виктория Түмен қаласындағы сәулет және құрылыс университетінде білім алып жүр. Жоғары оқу орнының 1-курсында оқиды. Болашақта эколог-инженер болуды қалайды. Музыкалық білімін әрі қарай жалғастырмаса да, жүрген жерінде домбырасын қалдырмайды, дейді анасы. Викторияда екі домбыра бар екен. Бірі үйде қазақтың дәстүріне сай жоғарыда ілулі тұрса, екіншісін қайда барса да, өзімен бірге алып жүреді екен. Ресейге де домбырасын ала барған. Онда университеттегі мерекелік іс-шараларға қатысып, қазақ ұлттық ән-күй өнерін насихаттап келеді.
Викториядай дарынды ұл-қыздарды өнерге баулып жүрген Қызылжар ауданының “Мерей” өнер мектебі 2004 жылдың 19 сәуірінде ашылды. Онда аспаптар, көркемсурет, вокал сыныбы мен хореография бөлімі жұмыс істейді. Ауылды жерде ұлттық аспаптарды насихаттау мен дамытуды мақсат еткен аспаптар бөлімінде ұл-қыздар домбырада, қылқобызда, сазсырнайда ойнауды үйренеді. Сондай-ақ, баян, гитара, фортепьяно және үрлемелі-соқпалы аспаптарды да меңгереді.
Әсіресе, домбыра сыныбы сұранысқа ие. Қазіргі таңда онда 34 бала білім алып жүр. 10 жылдың ішінде домбырашылардың алды мектептен соң Петропавлдағы өнер колледжіне түскен. Бескөлдік бүлдіршіндерді бұл өнерге Петропавл өнер колледжінің түлектері Берік Жанатов пен Бибігүл Макимкенова баулуда. Қос ұстаз да Тойкен Күдерованың тәлімін алған. Жасынан “Күдер” ансамблінде өнер көрсеткен. Өз мамандықтары бойынша жоғары оқу орнын да тәмамдап үлгерген. Мектептің қазығы қағылған жылдан бері қызмет етіп келеді. Шәкірттері түрлі байқауларда бақтарын сынап, жеңімпаз атанған. Ал мектеп жанынан құрылған “Шашу” домбырашылар ансамблінің ең айшықты жеңістерінің бірі – 2011 жылы Алматы қаласында өткен республикалық домбырашылар байқауында алған 2-ші орын.
– Өзіңіз білесіз, Алматы – білікті домбырашылардың шоғырланған қаласы. Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінің өзі бір төбе. Домбырашылар мектебі қалыптасып, шәкірттері түрлі халықаралық сайыстардан олжалы оралады. Байқау барысында ансамбльдер бірнеше шығарма орындауы тиіс еді. Петропавлдан, әрі қаланың өзінен емес, ауылдан келген өнер мектебінің оқушылары жүлделі орындардың бірін иеленді дегенде көрермендердің барлығы ду қол шапалақтап, балаларымызға үлкен сый-құрмет көрсетті. Ал балалар болса еліміздің түпкір-түпкірінен келген небір ансамбльдердің алдын орап, жеңіске жеткендеріне әбден риза болды, – дейді мектеп директоры Әлия Сеңкібаева.
Әлия Серікқызының айтуынша, мектеп шәкірттері 10 жылдың ішінде халықаралық әрі республикалық түрлі сайыстарда бақ сынап, жеңімпаз атанған. 2012 жылы облыстық ансамбльдер фестивалінде үздік өнер ұжымы атанғандарын айтпағанда, 2013 жылы Омбы қаласында өткен халықаралық “Сібір жұлдыздарын жағады” сайысында аспапты музыка бөлімі бойынша бас жүлдемен марапатталған. Онда да домбырашылар өздерінің кәсібиліктерімен қазылар алқасын таңғалдырған.
Жуырда Сочиде өткен “Роза ветров” IV халықаралық өнер фестиваліне қатысып, түрлі дипломдарды иеленді. Оның ішінде “Ұлттық аспаптар” аталымында өнер көрсеткен домбыра дуэті 1-орынға ие болды. Мектептің екі бірдей оқушысы Мөлдір Тілейхан мен Әлішер Сәбитов байқауда Әбдімомын Желдібаевтың “Ерке-сылқым” және Құрманғазының “Балбырауын” күйлерін дуэтпен орындаған. Сондай-ақ, олардың жеке орындау шеберлігі де сыналған. Домбырашылардың жетекшісі Бибігүл Макимкенова бұл шәкірттерінің Алматы, Астана, Мәскеу қалаларында өткен сайыстан жүлдемен оралғандарын айтады. Және жас домбырашылар соңғы байқауда қазылар алқасының көзіне түсіп, байқаудың Мәскеу қаласында өтетін ақтық мәресіне қатысуға да жолдама алған.
Бұл байқауда хореография бөлімінің бишілері де ұлттық және эстрадалық жанрдағы билерді ойдағыдай орындап, 2-орынды иеленген.
Валентина Лифашина жетекшілік ететін би сыныбында 100-ге жуық қыз балалар тәрбиеленіп келеді. Олардан құралған “Қызылжар” халық би ансамблінің ұжымы облыс және аудан деңгейіндегі іс-шараларға белсене қатысуда. “Қарлығаш” би ансамблінің жетекшісі Галина Жұмалиевадан тәлім алған Валентина Лифашина да өңірде қалыптасқан би өнері мектебінің іргесін қалауда.
Фортепьяно бөлімінің ұстазы Лариса Агаджанянның Диана Сартаева мен Кристина Шевелева сияқты шәкірттері Сочиде өткен байқауда 2-орынды иеленген.
Бүгінгі күні мектепте 300-ге жуық бала қосымша білім алуда. Көркемсурет бөлімінде 40 оқушы тәлім алады. Олар сурет, мүсін, кескіндеме пәндері бойынша ұстаздары Анастасия Глухих пен Инесса Чистяковадан үйреніп келеді. Сондай-ақ, вокал сыныбында 6 оқушы, ал үрлемелі-соқпалы аспаптарда да осынша шәкірт тәрбиеленіп келеді. Олардың ұстазы – өңірімізге белгілі музыкант Юрий Забигалов. Ол зейнетке шыққанына қарамастан, бұл мектепте 10 жыл бойы қызмет етіп келеді. Балаларды флейта, кларнет, саксофон аспаптарында ойнауға үйретуде.
Аталмыш мектепті 2009 жылдан бері басқарып келе жатқан Әлия Серікқызы бұған дейін №6 Қожаберген жырау атындағы орта мектепте, Петропавлдағы өнер колледжінде жемісті қызмет еткен. Мамандығы бойынша музыка әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.
Мектепте 22 адам қызмет етсе, оның 20-сы – ұстаздар. Ұстаздардың 90 пайызы – өнер колледжінің түлектері.
– Былтырғы жылдан бастап аудан көлемінде филиалдарымыз ашылуда. Соколовкада хор бөлімі өз жұмысын бастады. Онда қазіргі таңда 50 бала хор өнеріне машықтанып келеді. Алдағы уақытта аудан орталығына іргелес ауылдарда мектептің өзге де бөлімдері бойынша филиалдар ашу, ұмыт бола бастаған ұлттық аспаптарды жандандыру ойымызда бар. Алдағы уақытта ауыл балаларының қылқобыз және сазсырнай аспаптарын да толыққанды меңгерулеріне мүмкіндік туады. Ол үшін біз облыстық филармонияның әртісі, “Әлқисса” фольклор ансамблінің мүшесі Айдос Ақылбековты арнайы шақырдық. Алғашқы жұмыс басталып та кетті. Бүгінгі күні екі аспапта да білім алып жүрген бір-екі шәкіртіміз бар, – дейді мектеп директоры.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.