«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАЛДАН ЖҰҒАТЫН ДЕРТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ауруханалардың жұқпалы аурулар бөлімшесіне түсетін адамдардың көбі малдан жұққан сырқаттардан жапа шегеді. Әрине, мал фермаларында, қыстақтарында, жануарлармен күнбе-күн қарым-қатынаста жүргендіктен, оларға аса сақтық қажет екендігін тағы бір мәрте еске сала кеткен артық емес қой деп ойлаймын.

Сондай зардабы ауыр, емделуі аса қиын дерттердің бірі – бруцеллез. Бұл сырқат қара малдан, сондай-ақ, қой-ешкіден жұғады. Әсіресе, шопандарға аса сақ болу керек. Өйткені, бруцеллез ауруы қой-ешкіден жиі жұғады. Ауру мал қоршаған ортаға аса зиян келтіреді. Әсіресе, төлдегенде сырқат малдан сақтану керек, өйткені төл өлі туса, сырқат малдың микробы қоршаған ортаға оңай тарайды. Бруцеллез микробтары адам сырқат малды ұстаған жағдайда тері арқылы тарайды. Немесе осындай ауруға шалдыққан мал тұрған қораны тазалағанда, мал қиын күрегенде болатын қарым-қатынас жолымен ауруға шалдығуға болады. Сондай-ақ, ауру малдың жүнін қырыққанда да шопандар осындай сырқатқа жиі шалдығады.

Адам бұл сырқатқа шалдыққанын қалай сезеді? Әуелі дене қызуы көтеріледі. Кейде 39-40 градусқа дейін жетеді. Басы ауруы жиілейді, бойы әлсірейді, қызуы көтеріліп, денесі мұздайды. Әсіресе, кешкілікте, түнде терлей береді. Бұл аурудың алғашқы белгілері. Содан соң буындары сырқырап ауыратын болады. Бұл аурудың бір сипаты – ұзаққа созылуы, асқынуы. Одан қалай сақтану керек? Әуелі малды сауықтандыруды жолға қойған жөн. Ауру малды сау малмен қатар бір қорада бағуға болмайды. Екіншіден, ауру малдың сүтін ішіп, етін жегенде аса сақ болған жөн. Сырқаттың алдын алу үшін жеріне жеткізе қайнатып ішіп, пісіріп жеген дұрыс. Ауру малды табыннан бөлектеп, олармен қарым-қатынасты шектеу керек. Мұндайда мал дәрігерлік қызметтің берері мол. Мал дәрігерлері ондай малды анықтап, шопандардың сақтығын қадағалауы керек. Күрек, айыр сияқты құралдары хлорлы әкпен тазартып, аурудың алдын алса, ол жұқпайды. Осы арада аса бір ескертері – өлі төлдің терісін сыпырмау керек, өйткені, онда бруцеллез микробтары жеткілікті болады да, адам қолы арқылы жұғады. Егер бруцеллез малды күту керек болса, арнайы жұмыс киімін киген жөн. Мысалы, халат, комбинезон, қолғап, етік кисе, бұл кесел жұға қоймайды. Осындай жағдайда шопан қолын үнемі таза жуып отырса аурудан ада болады. Бруцеллездің адамға жұқпайтынына мал дәрігерлері жауапты болғаны жөн. Ол үшін олар ауру малдарды анықтап, оларды табыннан бөлуі керек. Сау малдың ауру малмен бірге бағылуына жол бермесе, бруцеллез тарамайды. Осы айтылғандарды ескеріп жүрсе, бруцеллез сырқатына шалдыққан адамдар қатары азая түседі деп ойлаймыз.

Хайырбек ҚОЖАХМЕТОВ,

дәрігер-терапевт.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp