2014 жылғы 21-23 мамыр аралығында елордада халықаралық әйелдер форумы өтеді. Астаналық экономикалық форум аясында өтетін аталмыш шара “G-Global – әйелдердің жаңа экономикадағы рөлі” тақырыбы төңірегінде өрбімек. Осы ретте облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Бақытжан Сәмиевамен форум жайында әңгімелескен едік.
– Бақытжан Мағжанқызы, аталмыш форумның мақсаты, міндеті жайында айтып өтсеңіз?
– Аталмыш іс-шара барысында елордада жаһандық көшбасшылар, қоғамдық және кәсіпкерлер қауымдастығының өкілдері бас қосып, экономикалық және әлеуметтік саланың төңірегіндегі маңызды мәселелерді қарастырады. Әлемдік экономикалық мәселені шешу үшін білікті, білімді, ең танымал деген сарапшылар жиналады. Әрине, бұл форумның мақсаты мен міндеті бір деп ойлаймын. Ол – әйелдер әлеуетін дамыту, Астанада 2017 жылы өтетін әлемнің кәсіпкер әйелдері қатысатын ЭКСПО жұмысына жүйелі дайындық. Елбасы “Қазақстан – 2050” Стратегиясында шағын және орта бизнестің үлесін арттыру туралы міндет қойған болатын. Бұл ретте Халықаралық әйелдер форумы еліміздегі кәсіпкерліктің дамуына, оны барынша кеңейтуге жақсы мүмкіндік деп ойлаймын.
– Аталмыш форум аясында Іскер әйелдер қауымдастығында қандай іс-шаралар өткізілуде, осы жағына тоқталып өтсеңіз?
– Елбасының жыл сайынғы Жолдауында әйелдердің қоғамдағы рөліне баса назар аударылады. Оның ішінде елдің дамуына қосып отырған үлесі, шағын және орта бизнестің маңыздылығы айтылады. Мұның барлығы экономикамыздың қарқынды дамуына бастайтын баспалдақтың бірі болып саналады. Бүгінгі таңда әйелдердің бағындырмаған белестері аз десек те болады. Олар табиғатынан нәзік болғанымен, жұмысқа келгенде өте жауапты. Қандай саланы алсақ та, қыз-келіншектердің өздеріне жүктелген жұмысты абыроймен атқарып жүргеніне көз жеткізуге болады. Мұның барлығы Елбасының қолдауымен жүзеге асып отыр.
– Осы форум аясында қауымдастық қандай іс-шараларды өткізуді жоспарлауда?
– Әлемдік сарапшылардың және көшбасшы әйелдердің қатысуымен шеберлік сыныптары өткізіледі деп жоспарланған. Сондай-ақ, түрлі тренингтер ұйымдастырылады деп күтілуде. Ал форумның ең маңызды шарасы шетелдік әріптестермен және кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс істеу мақсатында келісімшарт жасап, меморандумға қол қою деп ойлаймын. Бұл үшін бір жыл ішінде әріптестерді және кәсіпкерлерді шетелден шақыртуға дайындық жұмыстары жүргізілетіні де белгілі. Жұмысы ауқымды іс-шараның әрбір қатысушыға тигізер пайдасы зор болып, алдағы уақытта оның жемісін көреміз деп үміттенеміз.
– Форумда қандай маңызды мәселелер қарастырылады?
– Биылғы форумда “Әйелдердің саяси және экономикалық мүмкіндігі”, “Орта Азия және Ауғанстандағы әйелдердің рөлі” тақырыптарында секциялар жұмыс жүргізеді. Оған қатысуға бүгіннің өзінде бірқатар елдердің білікті сарапшылары өз келісімдерін бергені де белгілі.
Өз кезегінде біз отандық және әлемдік сарапшыларға арналған коммуникативті алаң құрып, онлайн алаңында белсенді жұмыс жүргізудеміз. Қазіргі таңда барлық өңірлік қоғамдастық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері белсенді түрде талқылауға қатысуда. Форум тақырыбына байланысты хабарламалар орналастырылуда. Апта сайын онлайн конференциялар ұйымдастырылады. Аталмыш жұмыс веб-сайтта және әлеуметтік жүйеде де жүргізіледі. Мұның барлығы жыл бойы форумға деген дайындықты ойдағыдай жүзеге асыруға және әр қатысушының ойына ден қоюға мүмкіндік береді.
– Сіздің ойыңызша, астаналық экономикалық форумның іскер әйелдерге берер пайдасы қандай?
– Форум Елбасының бастауымен және ең жоғары деңгейде өткізіліп келеді. Оған жыл сайын 130 елден 8 мың адам қатысады. Мұның өзі форумның қаншалықты маңызды екендігін көрсетіп отыр. Биылғы форум да өз мақсатына сай өтеді деп ойлаймын. Әйелдер форумының жұмысына 300-ден астам басшы және бизнес өкілі қатысады, әлемнің әр елінен келетін қонақтар да бар. Еліміздегі кәсіпкер әйелдер шетелдік әріптестермен келісімшартқа қол қояды.
– Қауымдастықтағы адамдар саны қаншама?
– Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы – республикалық қоғамдастық, үкіметтік емес ұйым. Ол 1995 жылы құрылған. Аталмыш ұйым әр сала бойынша жұмыла жұмыс істеп жүрген іскер әйелдердің басын біріктіреді. Қауымдастық негізгі үш бағыт бойынша жұмыс жүргізеді. Олар: “Әйел және бизнес”, “Әйел және жұмысбастылық”, “Әйел және саясат”. Қауымдастық құрамында жарна төлейтін мыңнан астам адам бар. Және қауымдастық көмегіне жүгінетін тағы да бес мың адам барын айтқым келеді. Барлық өңірлерде өкілдеріміз жұмыс істейді. Форумға жыл сайын қауымдастықтың 300-ден астам мүшесі қатысады. Барлық аудандарда, өңірлерде филиалдар құрылған. Олардың барлығы жоспарға сай жұмыс істеуде.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.