Облыстық бейнелеу өнері мұражайында мүмкіндігі шектеулі жандар: Елена Шаламова мен Асқар Шәріповтің “Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз!” деген тақырыпта көрмесі ұйымдастырылды.
Көрмеге екі шебердің қолынан шыққан бұйымдардың жүзден астам түрі қойылған. Еленаның ана, бала, табиғат, оның ішінде сан алуан гүлдер сияқты түрлі тақырыпта салынған суреттерін және, кішкентай болса да, үлкен істің бірінші баспалдағын басқан Асқардың қағаздан істелген үлкенді-кішілі дүниелерін көргенде осындай тамаша туындыларды мүмкіндігі шектеулі жандар істеген деп ойламайсың да. Шеберлер өз туындыларын гуашь, акварель, майлы пастель, қарындаш, қаламмен салған. Бұл туындылар осы өнер иелерінің тағдыр сынынан сүрінбей өтіп, өмірде өз орнын табуға қолынан келгенше күш-қайратын аямайтындығының бірден-бір белгісі болып табылады.
Жастайынан арбаға таңылған бірінші топтағы мүгедек Елена Шаламова бұған дейін ресейлік түрлі байқауларға қатысып, бақ сынаған. 2013 жылы аталмыш мұражай қызметкерлерінің ұйымдастыруымен жүзеге асқан мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектер шығармашылығының “Мейірімділік пен түсіністікке жол ашық” облыстық байқауына қатысып, шеберлігі үшін “Үздік жасампаз”аталымы бойынша жеңімпаз болған.
Өнерімен өзгелерге үлгі көрсете білген Еленаның ақылшысы әрі көмекшісі – әкесі Владимир Шаламов. Қызының туған күнінде оның алғашқы жеке көрмесін өткізуге белсене араласқан әкесі көрменің ашылу салтанатында болып, қызының қол жеткізген жетістіктері жайында тебірене айтып берді. Оның сөзіне сүйенер болсақ, Елена мектепті “үйде оқыту” тәсілі бойынша үздік тамамдаған. Қазақ, ағылшын тілдерін үйреніп жүрген ол ресейлік бизнес колледжін қызыл дипломмен бітірген. Сурет салумен қатар, Елена тоқумен және киім тігумен де айналысады екен.
Өнер иесі Асқар Шәріпов он жаста. Ол облыс орталығындағы №8 эстетикалық тәрбие беретін орта мектеп-кешенінің 4-сыныбында оқиды. Көзі нашар көретін Асқар оригами өнерімен айналысады. Түрлі-түсті қағаздан гүлдер, кішкентай аңдар мүсіндерін жасауды ұнататын Асқардың көмекшісі – анасы Гүлнәр.
– Асқар бір нәрсені 5-7 күн ішінде жасап шығады. Сабақта алғыр, ойы ұшқыр. Ғаламтор арқылы қағазбен түрлі нәрселерді жасауды ұнатады. Көзі нашар көретін болғандықтан, қағаз-қайшымен жұмыс істеу қиын. Бірақ, оған қарамайды. Керісінше, барған сайын жұмыстың қиын түрлерін істегісі келіп-ақ тұрады. Баламның мұндай ынта-жігеріне мен де қуанамын. Және оған барынша көмектесемін, – дейді анасы.
Өз қатарластарына үлгі-өнеге бола білген жас шеберлердің көрмесі бір айға дейін созылады.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.