Газетіміздің “Балалар әлемі” қосымшасында балалардың шығармашылығын дәріптеуге арналған “Өнерлінің өрісі кең” айдары бар екенін біздің тұрақты оқырмандарымыз біледі.
“Асыл тастан шығады, өнер жастан шығады” демекші, егерде, балалар, жастайыңыздан өнер атаулыға қызығушылық танытып, сурет салып, өлең шумақтарын шығарып, қолөнер бұйымдарын жасауға әуестенсеңіз, көпшілікке туындыларыңызды көрсетудің кезі жетті. Әртүрлі тақырыптарға қалам сілтеген туындыларыңызды редакцияға жолдауларыңызға болады. Бұл айдар бойынша түрлі тақырыптарды қамтыған өнер туындылары басылып, авторы мен шығармасы жайында мәлімет беріліп отырылады. Ол үшін көңіліңізден шыққан туынды жайында редакцияға хат жолдауыңыз жеткілікті. Бүгінгі қонағымыз – облыс орталығының тұрғыны, №9 орта мектептің 5-сынып оқушысы Маржан Жанасаева.
Маржан сурет салуды ұнатады екен. Оқуын жақсы оқитын Маржан болашақта үлкен жетістіктерге жетсем деп армандайды. Ол, сондай-ақ, ертегілер оқып, қызықты мультфильмдер көруді жақсы көреді. Маржан, әсіресе, өзінің туған ауылында достарымен асыр салып ойнауды барлығынан артық көреді екен.
Жамбыл ауданындағы Майбалық ауылында туып-өскен Маржан жуырда ата-анасымен Петропавл қаласына көшіп келіпті. Ол ауылындағы достарын сағынатындығын жасырмады. Газетімізге жолдаған суретінде Маржан өзінің ауылының көрінісін бейнелеген. Ол сол арқылы ауылы мен ауылдастарына деген кіршіксіз сүйіспеншілігін жеткізгісі келгендігі көрініп-ақ тұр.
Суретті салған
Маржан ЖАНАСАЕВА,
№9 орта мектептің 5-сынып оқушысы.
Петропавл қаласы.