«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӨРТ КӘСІПКЕР ҚОЛДАУ ТАПТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сейсенбі күні “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы болды. Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукеновтің төрағалығымен өткен отырыста экономиканың басым секторлары болып табылатын жүк тасымалдау, өндіру және отандық тауарды экспорттаумен айналысатын төрт бизнес субъектісінің өтінімдері қаралды.

Аталмыш бағдарламаның “Жаңа бизнес-бастамаларды қолдау” бағыты бойынша петропавлдық кәсіпкердің бизнес-жобасы кеңес мүшелерінің көңілінен шықты. Тамақ және жартылай дайындалған өнім шығарумен, пәтер жалдап тұрушыларға көмек көрсетумен және сусын дайындаумен айналысатын “Оригами” ЖШС-і жаңа бизнес-жобаға бастамалық танытуда. Серіктестік картон мен қағаздан бұйымдар жасаумен айналыспақ. Бүгінгі таңда серіктестік жұмыртқа салатын картон ұяшықтар жасауды қолға алғалы отыр. Мұндай тауарлар жақын маңда Павлодар мен Омбы қаласында ғана жасалады екен. Сондықтан бизнестің бұл түрі біздің өңірге қажет. Кәсіпкер аталмыш кәсібін одан әрі кеңейту үшін “БанкЦентрКредит”  АҚ-ның өңірлік филиалы арқылы 20 миллион теңге несие қаржысын құжаттаған. Жаңа цех ашқалы отырған кәсіпорын қосымша 14 жұмыс орнын құруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, кәсіпкер егер өндірісті жандандырса, облысымыздағы құс өнімдерін өндірумен айналысатын кәсіпорындардың барлығын жұмыртқа тасымалдайтын картон қораптармен қамтамасыз ете алатынын айтады. Бұл бизнестің ұтымды жақтарын сараптай келе, кеңес мүшелері кәсіпкердің екінші деңгейдегі банктен алған несие қаржысының жылдық сыйақы мөлшерлемесінің 7 пайызын мемлекеттің демеуқаржысы арқылы өтеуге қолдау білдірді. Осындай шешімнен кейін қарыз алушы кәсіпкерге 1,6 миллион теңге көлеміндегі банк сыйақысы мемлекеттік бюджеттен өтеледі.

Мамлют ауданының жүк тасымалымен айналысатын кәсіпкері Петр Павлухин де бұл күнгі отырыстың шешімінен олжалы қайтты. Өз кәсібін одан әрі кеңейткісі келген кәсіпкер мемлекеттің қаржылай қолдау бағдарламасы бойынша 1,9 миллион теңгені үнемдейтін болды. Ғ. Мүсірепов атындағы ауданда ұн және тағамдық жарма үгумен айналысатын “Алтын астық” ЖШС-і – тауарын шетелдерге шығаратын белгілі кәсіпорындардың бірі. Алайда, кеңес мүшелерінің серіктестік басшысына қоятын бірқатар сауалдары болды. Әсіресе, салық мәселесі жөнінде. Өзінің жаңа бизнес жоспарын жасап, “Сбербанк России” АҚ-ның филиалы арқылы 350 миллион теңге несие алған кәсіпкер ол қаржыны кәсіпорынның жұмыстарын жандандыруға, құрал-жабдықтарды жаңғыртуға жұмсайтынын жеткізді. Игі мақсат көздеп отырған кәсіпкердің өтінішіне кеңес мүшелері түсіністікпен қарап, оның өтінімін де мақұлдады. Кәсіпкер үш жыл ішінде мемлекеттік қордан 42 миллион теңгенің демеуқаржысын алатын болды.

Күн тәртібіндегі келесі мәселеде “СБИ-Агро-Ташкентка” ЖШС-нің банк алдындағы міндеттемесін биылғы жыл басынан бері дұрыс орындамауы қаралды. Серіктестік 2011 жылы алған 78 миллион теңге несие қаржының кезекті өтелімдерін өтеуге жауапсыздық танытуын шаруашылықтағы қаржы қиындықтарына байланысты деп түсіндірді. “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасының тәртібі бойынша осыған дейін мемлекеттің демеуқаржысына қол жеткізген кәсіпкер банк алдындағы міндеттерін дұрыс орындамай, жауапсыздық танытса, яғни банктегі негізгі қарызының төлемін 90 күннен артық мерзімге кешіктерген жағдайда демеуқаржы беру шарасы қайта қаралады. Бұл жолы кеңес мүшелері заңға сүйене отырып, субъектіге демеуқаржы аударуды жалғастыруға негіз бар деп ұйғарып, мәселені кәсіпкердің пайдасына шешіп берді.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp