Бүгінде Қазақстанда әскери-патриоттық қозғалыс өрлеу үстінде. Патриоттық тәрбие жүйесiн нысаналы дамыту арқылы азаматтардың бойында жоғары патриоттық сананы, өз елi үшiн мақтаныш сезiмiн қалыптастыру, Отанның мүддесiн қорғау жөнiндегi азаматтық борышы мен конституциялық мiндеттерiн орындауға дайындығын тәрбиелеу бойынша мемлекеттік бағдарлама қолға алынуда.
Осыған орай облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті келісімшарт бойынша әскери қызмет атқаруға ниетті азаматтарды іріктеу жұмысын жалғастыруда.
Әскер қатарына тұруға ниет білдіруші бірінші кезекте Қазақстанның азаматы әрі денсаулығы мықты, әскери талапқа сай мамандығы және бұрын сотталмаған адам болуы керек. Жоғары білімі бар запастағы офицерлер, әскери оқу орындарының курсанттары, мерзімді әскери қызметті аяқтаған және орта кәсіби білімі бар солдаттар, матростар келісімшартқа отыру мүмкіндігіне ие.
Келісімшарт бойынша әскери қызмет – бұл мемлекеттік қызметтің ерекше түрі ғана емес, кәсіби өсу келешегі бар, әскери қызметкердің өзінің, оның отбасының әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ететін абыройлы жұмыс. Сол себепті келісімшарт бойынша әскери қызметтен өтетін әскери қызметшілер мемлекеттің қорғауында болады және оның өзі мен отбасы мүшелеріне деген қамқорлығын сезінеді.
Әскери қызметтің артықшылығына тоқталар болсақ, ең бастысы – кепілді және уақтылы түрде лайықты еңбекақы. Оның көлемі әскери дәрежеге, лауазымына, санатына және әскери қызметінің еңбек сіңірген жылдарына сәйкес өсіріледі. Мемлекет есебінен ай сайынғы жалақысының 20 пайызы мөлшерінде зейнетақы қорына аударылады. Мемлекет есебінен тұрғын үй беріледі. Егер де тұрғын үй қорында қызметтік баспана болмаған жағдайда тұрғын үй жалдауға, яғни жалға алуға ақшалай өтемақы беріледі. Оның мөлшері отбасы мүшелерінің санына және қызмет орнына байланысты белгіленеді. Әскери қызметшілерге және олардың отбасысына мемлекет есебінен әскери-медициналық мекемелерде медициналық қызмет көрсетіліп, мемлекет бекіткен норма бойынша заттай мүлікпен қамтамасыз (киім, аяқкиім) етіледі. Әскери қызметшілер кезекшілікке шыққанда оқу-жаттығу орнында, ұшуға әзірлік жасап, оны орындауда, әскери эшелондарға ере жүру кезінде, стационарлық ем алғанда және тағы басқа жағдайларда мемлекет есебінен тағаммен қамтамасыз етіледі. Келісімшарт бойынша әскери қызмет атқаратындар 100 шақырымнан асатын басқа жерге ауысатын болса, әскери қызметшіге 2 айлық мөлшерде көтермеақы және онымен бірге көшіп келген отбасы мүшелерінің әрқайсысына жарты айлық мөлшерінде көтермеақы төленеді. Сондай-ақ, жыл сайын негізгі демалыс беріледі. Оның ұзақтығы еңбек сіңірген жылдары ескеріліп, 10 жылдан кем болса – 30 тәулік, 10 жылдан 20 жылға дейін – 35 тәулік және 20 жылдан жоғары болса 40 тәулік болып белгіленеді. Негізгі қызметтік демалысқа қоса, әскери қызметші жоғары оқу орындарына қабылдау емтихандарын тапсырарда және одан кейін онда оқығанда, ғылым докторы дәрежесін алу үшін ізденушілерге қосымша демалыс қарастырылған. Тағы бір маңызды артықшылық – әскери қызметшілердің балаларына тұрғылықты жерлері бойынша балабақшалардан кезексіз орын беру мүмкіндігі. Бұл мемлекет тарапынан Отан қорғаушыларға жасалып отырған жағдайдың бір бөлігі ғана.
Азаматтарды келісімшарттық қызметке келуге қызықтыратын өзге де жағдайлар бар. Үлкен маңызға ие фактор – тұрақтылық. Әскери қызметші өзге де әлеуметтік көмектерге ие болады. Келісімшарт бойынша қызметші әлеуметтік жағынан барлығымен қамтамасыз етіледі. Әскери қызметшілер әрдайым мемлекеттің қамқорлығында. Барлығы тұрақты.
Десек те, келісімшарт бойынша әскери қызметке сот қабілетсіз немесе шектеулі қабілетсіз деп танылғандар, әскери қызметтің міндеттерін орындауға кедергі келтіретін ауруы бар, соттылығы барлар, әскери қызметке кірерден бұрын 2 жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған, әскери қызметке кірерден бұрын бір жыл ішінде сот тәртібінде қасақана құқық бұзушылық үшін әкімшілік жаза алғандар, ұнамсыз дәлелдер бойынша мемлекеттік қызметтен шығарылған азаматтар қабылдана алмайды.
17 жарым жастан 26 жасқа дейінгі, оқу бітіргеннен кейін мерзімді қызметке шақырылуға немесе әскерге алу резервіне тіркелген азаматтар келісімшарт бойынша әскери қызмет атқаруға ниетті болған жағдайда облыс орталығының “Егемен Қазақстан” көшесі, 1-үй мекенжайында орналасқан облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментіндегі үгіт пунктіне (әскери комиссариаттарға) жүгініп, толық мағлұмат ала алады.
Еркінбек БАЙБОЛОВ,
облыстық Қорғаныс істері
жөніндегі департаментінің
бастығы, подполковник.