“Даму” қоры облыстық филиалының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында жастар кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған түрлі шаралар жиі өтіп тұрады. Онда, әсіресе, оқу орындарының түлектері үшін аса маңызды болып табылатын жастарды кәсіпкерлікке баулу мен оларды жұмысқа орналастыру мәселелеріне айрықша көңіл бөлінеді. Жуырда Петропавл темір жол колледжінің студенттері үшін тұсаукесер-семинар өтті. Семинарда колледж түлектері өз бизнестерін ашу жөнінде “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасы аясындағы мемлекеттік қолдау шараларына қанықты.
Жастар ұйымдарының және еңбекпен қамту бөлімінің өкілдерімен бірге Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының кеңесшілері аңдатпалық деректер толтырудан бастап, жеке кәсіпкерлік ісін ашуға қажетті құжаттар тізіміне дейін түрлі бағыттағы студенттердің қойған сұрақтарына жауап берді. Оған қоса студенттерді оқу мен қосымша табыс табуды үйлестіру немесе жазғы демалыс уақытында жұмыспен қамту мәселелері өте қызықтырды. Сондықтан да оларға “Даму” қорының атынан “Бизнес-Кеңесші” бизнестренингіне қатысу және “Жас кәсіпкерлік мектебінен” білім алу ұсынылды.
– Оқу орнынан шығатын түлектер неғұрлым молырақ ақпарат алатын болса, оларға үлкен өмір жолына түсу де жеңілірек. Мемлекеттік қолдау жастардың қандай жұмыста немесе кәсіпкерлікте болсын, өздерін ашып көрсетуге қосымша мүмкіндік береді. Бизнес тәлімін алып жатқан студенттердің жылдар өте келе осындай ақпараттық кездесулерді алғыс сезіммен еске алатындарына сенімдімін, – дейді Петропавл теміржол колледжінің оқытушысы Ирина Сергеева.
Сол сияқты, жуырда Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында болашақ кәсіпкерлер үшін “Жастардың кәсіпкерлік белсенділігін және командада жұмыс істеу машығын қалыптастыру” тақырыбында психологиялық тренинг-сабағы өтті. Аталмыш оқыту “Нұр Отан” партиясының “Жас Отан” жастар қанатының жанындағы “Волонтерлер мектебі” жобасының аясында ұйымдастырылды. Кәсіпкерлік білім беру шарасына СҚМУ-дің және Петропавл қаласындағы колледждердің соңғы курсындағы 25-тен астам студент шақырылды.
Тренинг қатысушыларына, әсіресе, студенттер мен жаңа ісін бастаған кәсіпкерлердің қызығушылығын тудыратын мемлекеттік қолдау бағыттарының “Бизнестің Жол картасы – 2020” және “Даму” қорының “Бизнес-Кеңесші”, “Damu Startup” бағдарламалары таныстырылды. Тренинг сабақты білікті психолог маман Александр Герштрекер жүргізді.
Гүлмира ЗЕЙНУЛЛИНА,
“Даму” қоры АҚ облыстық
филиалының менеджері.