«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІРІМІЗДЕГІ МҮГЕДЕКТЕРДІҢ ЖАҒДАЙЫН ЖАҚСАРТУ ЖҰМЫСЫНА Мәжіліс депутаттары оң баға берді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Дариға Назарбаеваның жетекшілігімен Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген көшпелі отырысы өтті. Онда еліміздегі мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012-2018 жылдарға арналған Ұлттық іс-қимыл жоспарының жүзеге асыру барысы сөз болды.

Жұмыс сапары барысында Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшелерімен өңірдегі бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысқан Дариға Назарбаева солтүстікқазақстандықтардың бұл бағыттағы жұмыстарына оң баға берді. Өңірдегі игі істер елдің өзге аймақтарына үлгі болатынын да тілге тиек еткен Дариға Нұрсұлтанқызы көшпелі отырысқа қатысушыларды Қазақстанды кедергісіз аймаққа айналдыру мәселесінде ашық әңгімеге шақырды.

Бүгінде өңірімізде 29 мыңнан астам мүгедек тұрып жатыр. Бұл – облыс тұрғындарының 5 пайызы. Оларды жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау және бейімдеу жұмыстары кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда. Ол жайында облыс әкімі Самат Ескендіров баяндады.

Биылғы жылдан бастап 70 нысанды мүгедектерге бейімдеу, арнайы 130 жол белгісін орнату және облыс орталығындағы 4 бағдаршамды дыбыс сигналдарымен толық жабдықтау жоспарланғанын айтқан өңір басшысы мүгедектерді жұмысқа орналастыру мәселесіне де көп көңіл бөлініп отырғанын тілге тиек етті. 16 мыңнан астам мүгедек жұмысқа жарамды жаста болса, бүгінде олардың 6,6 мыңы жұмыспен қамтылған. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын таппақ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы жаңа заң жобасына тоқталып, онда мүмкіндігі шектеулі жандардың барлық қызмет түрлеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету, олардың дені сау азаматтармен терезесі тең дәрежеде өмір сүруіне жағдай жасау қарастырылғанын айтты. Заң қабылданған жағдайда еліміздің бірқатар заң актілері мен кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.

Көшпелі отырыста мүмкіндігі шектеулі жандар халық қалаулыларына көкейлеріндегі сауалдарын жолдап, ұсыныстарын айту мүмкіндігіне ие болды. Үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өзара қарым-қатынасы, шалғайдағы елді мекендердегі мүгедектерді бейімдеу және біріктіру мәселелері де отырыста кеңінен сөз болды. Ал жергілікті билік өкілдері мүгедектерді оқыту және бейімдеу бойынша кадрларды даярлауға, дәрілік заттардың қолжетімділігіне, психологиялық-медициналық кеңес жұмысына қатысты депутаттардың сұрақтарына жауап беріп отырды.

Көшпелі отырысты қорытындылаған Парламент Мәжілісінің вице-спикері Дариға Назарбаева:

– Біздің қоғам мүгедектердің мәселелеріне солардың көзімен қараған болса, мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы біршама жақсарған болар еді. Солтүстік Қазақстан облысы бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарайтыны қуантады. Бұл саладағы шағын және орта бизнесті дамытуда да өңірдің әлеуеті зор деп ойлаймын. Мүгедектермен жұмыс жүргізетін ұйымдардан заңға өзгерістер енгізуге қатысты ұсыныстар мен тың ойлар күтеміз. Ал жұмыс сапары барысында айтылған ұсыныс-тілектер туралы сәуірдің 21-і күні Парламентте өтетін Үкімет сағатында әгіме болады, – деді.

Облыс әкімі Самат Ескендіров өз кезегінде Комитеттің көшпелі отырысын өңірде өткізгендері үшін Мәжіліс депутаттарына алғысын білдіріп, барша Қазақстан үшін зор маңызға ие мәселелердің алдағы уақытта оң шешімін табатынына сенімінің зор екенін жеткізді.

Кейін астаналық меймандар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізіп, тілшілер тарапынан қойылған сауалдарға жауаптар қайырды. Дариға Назарбаева журналистерден мүгедектердің мәселелеріне қалам тартудың жиілігі, БАҚ пен биліктің өзара қарым-қатынасы жайында сұрап білді.

Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің вице-спикері Дариға Назарбаева бастаған Мәжіліс депутаттары – Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшелері облысымызға жұмыс сапарының алғашқы күнінің соңына қарай С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында болды.

Өңір басшысы Самат Ескендіров бастап келген депутаттарды театр ұжымы қарсы алып, меймандарға Ғабит Мүсіреповтің “Қыз Жібек” трагедиясынан үзіндіні тарту етті.

Театр директоры Біржан Жалғасбаев депутаттарды сахнагерлермен таныстырып, өнер ордасының тарихына қысқаша шолу жасады.

Депутаттармен кездесуге облыстық, қалалық мәдениет ұжымдарының басшылары, театрлар сахнагерлері де келді. Сөз орайы келгенде, Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актрисасы Людмила Ванюкова мен осы сахна ордасының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Людмила Лошакова сахнагерлердің еңбекақысының төмендігін және қазақ драма театры орналасқан ғимараттың көнергенін, көрермендер залының тарлығын, ал өздеріне облыс басшылығы тарапынан ұдайы көмек көрсетіліп отырғанын тілге тиек етті.

Дариға Назарбаева: “Мәдениет министрлігіне жаңа басшы тағайындалды. Ол бұл мәселелерді жақсы біледі. Әсіресе, өңірлердегі театрлардың жағдайын жақсарту қолға алынуда. Біз де өз тарапымыздан қолдан келгенімізді жасаймыз”, – деді.

Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары бастаған халық қалаулылары “Қарасай” стадионындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “Үміт” спорт клубының мүшелерімен де кездесті.

Мұнда клуб директоры Вячеслав Латышев меймандарды өңірлік үздік паралимпиадашылармен таныстырып, клуб туралы әңгімелеп берді.

Бүгінгі таңда “Үміт” мүдегектердің спорт клубының штаты 18 адамнан құралған. Олардың 4-еуі – мүгедек, соның ішінде Руслан Долобаев та бар. Биыл клубқа 34 миллион теңге бөлінген. Спортшылардың оқужаттығу жиындары мен жарыстарға баруына аса қажетті “ГАЗель” автокөлігі де бар.

Қонақтар әр жылдары өткізілген маңызды турнирлерде өңір намысын абыроймен қорғап жүрген Евгений Тетюхин, Олег Сысолятин, Сергей Харламов, Руслан Долобаев, Владимир Эрман және Сочи қаласында өткен Паралимпиада ойындарына қатысқан Қайрат Қанафинмен, Елена Мазуренкомен әңгімелесті.

Шара соңында екі рет Паралимпиада ойындарына қатысқан Евгений Тетюхин мемлекеттің мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауды әлеуметтік саясаттың басымдықтарға ие бағыттарының біріне жатқызатыны зор қуаныш екендігін, осындай қолдаудың арқасында байрақты додаларда ел намысын абыроймен қорғау жолында талмай еңбектенетіндіктерін жеткізді.

Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің вице-спикері Дариға Назарбаева және Мәжіліс депутаттарының өңірімізге жұмыс сапары келесі күні де жалғасты. Олар облыс әкімі Самат Ескендіровпен бірге Петропавлдың Заречный шағынауданындағы №13 орта мектепте болды.

Мәжіліс депутаттарын Шәміл Шақшақбаевтың бастамасымен іргесі қаланып, 1999 жылы инклюзивтік білім ошағы ретінде ашылған мектептің жай-күйімен мекеменің директоры Дина Баймақышева таныстырды. Мектепте бүгінгі күні білім нәрімен сусындап жүрген 187 оқушының 26-сының мүмкіндіктері шектеулі. Мектептің ерекшелігі– онда сау балалармен бірдей жағдайда мүмкіндігі шектелген балғындар да білім алуда.

Депутаттардың назарына алдымен мектептегі “Достық” қуыршақ театрының кішкентай әртістері дайындаған “Шалқан” қойылымы ұсынылды. Депутаттар балғындардың әртістік қабілеттеріне риза болды.

Мектепте әр сыныпта 12 баладан отырса, олардың 2-еуі – мүмкіндігі шектелген балғындар. Раиса Әубәкірованың ағылшын тілі сабағына да кіріп шыққан меймандар ұстаздың шеберлігі мен мүмкіндігі шектеулі оқушылардың ынталарына таңдай қағысты. Қолдарының икемділігін дамыту үшін жабдықталған кабинетте балалар ермексазбен, түрлі-түсті құрастырмалы ойыншықтармен жұмыс істеп отыр. Сонымен қатар, технология сабағындағы оқушылардың өз қолдарымен тоқып, тіккен бұйымдары да көз тартады екен. Бұл сыныптағы мүмкіндігі шектеулі балалар да өздерінің қолдарынан не келетінін көрсетіп бақты. Ақпараттық-технологиядан коррекциялық үйірме жүргізетін осы мектептің кешегі түлегі, бүгінгі мұғалімі Леонид Яковченкоға депутаттардың сұрақтары көп болды. Ол Аққайың ауданындағы Смирново ауылынан келіп-кетіп жұмыс істейді. Ол өзінің жұрт қатарлы еңбек етіп жүргенін бақыт санайтынын айтып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мүгедек жандарға жасап жатқан қамқорлығына алғыс білдірді.

Қазақстанда алғашқы болып ашылып, 15 жылдан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан білім ошағының жұмысына Мәжіліс депутаттарының көңілдері толды.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

Қанат АТАМАНОВ,

Суреттерді түсірген

 Амангелді БЕКМҰРАТОВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp