Beeline Қазақстан бірінші қазақстандық «STEM Challenge» ғылыми байқауының бас әріптесі болды. Сайыс Астана қаласының алдыңғы қатарлы мектептерінің арасында өтті. Ұйымдастырушылары – «WikiBilim» қоғамдық қоры, «BilimMediaGoup» компаниясы, «Carolina Biological Supply» халықаралық білім ұйымы.
STEM (Since, Technology, Engineering and Mathematics) – білім әлеміне аты шыққан аббревиатура, ол ғылымды, технологияны және инженерия мен математиканы білдіреді. «STEM Challenge» – әлемдегі мектептер арасындағы танымал ғылыми сайыстардың бірі.
Алғашқы қазақстандық «STEM Challenge» байқауында 30 команда сайысқа түсті. «Нұр Орда» халықаралық мектебінің, «Мирас» және «Зерде» мектептерінің оқушылары жеңімпаз атанды. «Назарбаев Зияткерлік мектебінің», «Қазақ-түрік лицейінің» және «Haileybury» халықаралық мектебінің командалары байқауға белсене қатысты. Жүлдегерлерге Beeline Қазақстан компаниясы GSM модульді планшет пен заманауи смартфондар сыйлады. Сондай-ақ, жеңімпаздардың тәлімгер-ұстаздары да ұялы телефонмен марапатталды.
«Бұл байқау оқушылардың ынтасын ғылымға аударуға және күрделі ғылыми тұжырымдамаларға тәжірибе жүзінде көз жеткізуге ықпал жасайды. Бұған қоса, мұндай жобалар оқушылардың дүниетанымын дамытып қана қоймай, бәсекелестікке түсіп, жетістікке жетер жолда саналы қадамдар жасауына мүмкіндік береді. Білім – Beeline Қазақстан компаниясының басты әлеуметтік жауапкершілік бағыттарының бірі, осындай қызықты да қажетті істерге қолдау көрсеткеніміз үшін қуаныштымыз», – деп пікір білдірді Beeline Қазақстан компаниясының корпоративтік қатынас директоры Алексей Бендзь.
«Қолдау көрсетіп, тамаша жүлделер ұсынған «Beeline» компаниясына көп рахмет. Бірлесе жұмыс істеуіміздің нәтижесінде осы байқау өтті және байқау оқушылар мен мұғалімдер тарапынан қызығушылық туғызды. Келесі жылы бұл байқауды республика көлемінде өткізуді жоспарлап отырмыз», – деп өз ойымен бөлісті «WikiBilim» қоғамдық қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы.
«STEM Challenge» байқауы ғылыми эксперимент түрінде ұйымдастырылады. Командалар әртүрлі үлгілерді және эксперименттерді жасауға арналған бірдей жиынтықтарды алады, мысалы: жел турбинасы, күн панеліндегі автокөліктер, т.с.с. Байқауға қатысушылар жұмыс үдерісі туралы шағын бейнеролик түсіріп, Интернетке салуы тиіс. Командалардың жұмысын сарапшылар көптеген шарттар бойынша бағалайды. Олардың ішінде жобаның жұмысын ұйымдастыру тиімділігі, құбылыстар мен үдерістердің ғылыми негізделуінің дәлдігі мен тереңдігі, шығармашылық қадам, дизайнерлік шешімдер мен безендірулердің бірегейлігі, сондай-ақ, қатысушылардың өзара сыйласымдылығы мен командалық жігері де бағаланады.
(Өз тілшімізден).