Облыс елді мекендерін таза ауызсуымен жабдықтау жұмыстарының түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша жүзеге асырылып жатқанына он жылдан асып барады, соның ішінде соңғы үш жылдан бері “Ақ бұлақ” бағдарламасы бойынша пәрменді іс-шаралар атқарылуда. Осы жылдар ішінде тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз етудің неғұрлым өткір тұрған мәселелері шешіліп, ең апатты сумен жабдықтау нысандарына қайта жаңарту жұмысы жүргізілді және көптеген жаңа су құрылысы нысандары бой көтерді. Десе де, алдағы атқарылар жұмыс ауқымы әлі де ұшан-теңіз, өңірді сумен толық қамтуды көздейтін “Ақ бұлақ” бағдарламасының 2020 жылға дейін жоспарлануы тектен-тек емес.
Бір кездері 11 мың шақырымнан астам су жеткізу құбырларымен Гиннестің рекордтар кітабына енген “Союзцелинвод” тресінің мұрагері болып табылатын “Қазақ су шаруашылығы” РМК “Есіл су” филиалы қазір оның 2200 шақырымнан асатын елді мекендерге дейін су жеткізетін торапты және бұрмалы су құбырларына ғана қызмет көрсетіп, ал елді мекендердегі ішкі тарату желілері мен қысымдық су көтеру станцияларының құрылыстары облыстық құрылыс басқармасына жүктелген.
2002-2010 жылдардағы “Ауыз су” бағдарламасы бойынша 1,4 мың шақырым су құбырлары салынды және қайта жаңартылды. Бұл мақсатқа 19 млрд. теңге қаржы жұмсалып, өңірдің 111,4 мың тұрғыны бар 145 елді мекеніне таза ауызсу берілді және 193,6 мың тұрғыны бар 122 елді мекенінің сумен жабдықталуы жақсарды. Сондай-ақ, одан кейінгі “Ақ бұлақ” бағдарламасы бойынша да атқарылып жатқан жұмыс айтарлықтай. Мысалы, 2011-2012 жылдары облыста 298 шақырым су құбыры салынды, оның 111,9 шақырымы – 13 елді мекенге топтық су құбырларынан тартылған бұрмалы желілер және 144,7 шақырымы – 22 елді мекендегі су тарату желілері. Ал өткен жылы тағы 162 шақырым су құбырларының құрылыс және қайта жаңарту жұмыстары атқарылды. Сөйтіп, бағдарламаның басынан бері үш жылдың ішінде 6,9 млрд. теңгенің қаржысы игерілді.
Осы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша облыстағы барлық 689 елді мекеннің 352-сі орталықтандырылған су құбырына қосылған болса, 318 елді мекенде орталықтандырылмаған жерасты су көздерін пайдаланады және 19-ына ауызсу тасып беріледі.
Облыстық құрылыс басқармасының деректері бойынша, биылғы жылы елді мекендердегі 34 сумен жабдықтау нысанындағы құрылыс және қайта жаңарту жұмыстарына 2,93 млрд. теңге қарастырылып отыр, оның ішінде республикалық бюджеттің мақсатты трансферттерінен – 2,6 млрд. теңге және облыстық бюджеттен 306,3 млн. теңге бөлінеді. Республикалық және облыстық бюджеттердің трансферттері есебінен 168,25 шақырым су құбырларын салу және қайта жаңарту жұмыстары атқарылатын болады. Соның ішінде 160,14 шақырымы – 31 ауылдың су тарату желілері және 13 ауылды жерасты суымен жабдықтау үшін Уәлиханов ауданында ұзындығы 8,11 шақырым шоғырланған су жеткізу желісі салынады.
Жыл ішінде ауызсудан тапшылық көріп келген 1660 тұрғыны бар төрт ауылға су жеткізу және 1650 тұрғыны бар үш ауылда сумен жабдықтауды жақсарту көзделуде.
Қазіргі уақытта топтық су құбырларына қосылған ауылдардағы тарату желілері үшін жобалық-сметалық құжаттамаларын дайындау аяқталып келеді. Атап айтқанда, Булаев топтық су құбырына қосылған 105 елді мекен бойынша қажетті құжаттар бүгінде дайын, соның ішінде осы жылы сумен жабдықтау жұмыстары басталатын жоғарыда аталған 31 елді мекен бар. Енді олардағы сумен жабдықтау желілерінің құрылысы мен қайта жаңарту жөніндегі құрылыс-монтаж жұмыстарын сатып алу бойынша конкурстық рәсімдері жүріп жатыр.
Сонымен бірге, осы жылы Преснов топтық су құбырының бірінші кезегін қайта жаңартудың ірі жобасы жүзеге асырыла бастайды. Соған байланысты Есіл, Мамлют және Жамбыл аудандарының 42 елді мекеніне торапты су жеткізу желілерін және бұрма тарамдарын қайта жаңғырту қарастырылған. Оның аясында қысымды-реттегіш ғимараттар (сорғы станциясы, таза су сыйымдылықтары, қысымды су мұнарасы) құрылыстары жүргізіледі. Топтық су құбырындағы бұл жұмыстарды 2016 жылы аяқтау көзделген. Бір сөзбен айтқанда, сумен жабдықтау құрылыстары әлі де ауқымды, облыс құрылысшыларының алдында бөлінген қаржыны дұрыс игеріп, тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету міндеті тұр.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.