“Саланг” әскери-патриоттық клубының мүшелері кезекті халықаралық “Еске алу вахтасына” аттанбақ. Осыған орай клубтың мұражайында жергілікті БАҚ өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті.
Әскери-патриоттық клубтың жетекшісі Александр Азегов – 25 жылға жуық уақыт бойы өңіріміздің өскелең ұрпақ өкілдері арасында әскери қызметті насихаттап, әскери-патриоттық тәрбие жұмысын жандандырып жүрген азамат. Жуырда облысымызға іссапармен келген Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары, полковник Мұхамеджан Таласов көп жылғы еңбегі үшін клуб жетекшісіне Қарулы Күштері Бас штабының грамотасын табыстаған болатын.
Шара барысында Александр Азегов осымен экспедицияға 22-ші рет аттанғалы отырған әскери-патриоттық клубтың 12 мүшесі Ресейдің Новгород облысының Росино селосының жанындағы орманда соғыс жылдарында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің сүйегін іздеп, жер қойнауына тапсыратындығын хабарлады. Жетекшінің айтуынша, сапардың алғашқы күні клуб мүшелері күні бойы жер қазып, отын дайындап, монша салып үлгерулері қажет. Тек содан кейін ғана қазылатын орын белгіленген картаға сүйене отыра, іздеуге кіріспек.
– Клуб мүшелері сапарға жақсы дайындалған. Әр сарбаздың қажетті құрал-саймандары жеткілікті. Біз бұған дейін Орел-Курск иінінде болсақ, осы жолы Новгород облысының батпақты жерінде іздеу жұмыстарын жүргіземіз, – деді Александр Азегов.
Ширек ғасыр бойы Отанын қасық қаны қалғанша қорғаған жерлестеріміздің сүйектерін іздеуге қатысып келген жергілікті еріктілер өткен жылғы экспедиция барысында өз күштерімен – 15, ал Новгород облысының жергілікті әскери-патриоттық клубының мүшелерімен бірлесіп тағы да 15 жауынгердің сүйегін тапқан. Ал 22 жылдың ішінде тапқан сүйектердің саны үш жүзден асады.
“Еске алу вахтасы” сәуірдің 19-ы күні басталып, мамырдың 11-і күні аяқталады.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген автор.