Кеңес одағы ыдырап, Тәуелсіздіктің жылымық желі сезіле бастаған тоқсаныншы жылдар. Облыстық “Қазақ тілі” қоғамының кезекті бюро отырысында ұлттық газет шығару, оны аудандарда тарату мәселесі қаралды. Көп ұзамай жасыл түспен екі тілде жарық көре бастаған тәуелсіз “Қызылжар” басылымы алдымен ағайындарымыз көп қоныстанған Сергеев, Жамбыл аудандарына таратылды. Сергеев аудандық “Қазақ тілі” қоғамына Тоқтар Зікірин ағамыз жетекшілік ететін. Қойшыбай Шәниев секілді ұлтжанды азаматтар ұйымның белсенді мүшесі, газеттің қоғамдық таратушысы ретінде қолды-аяққа тұрмай қызмет еткені жадымда әлі күнге дейін жаңғырып тұр. Білікті азаматпен алғаш таныс-білістігім өңірдің саяси сахнасында елдік, ұлттық мәселелердің ерекше тартысқа түскен сын кезеңінде басталған еді. Содан бері арамыздағы ағалық-інілік сыйластық үзілген емес. Қазақша төрт қана сынып бітіріп, қалған оқуын орысша жалғастырса да, ана тілінің жілік майын сарқып ішкен, үйдің де, түздің де қара жұмысына жегіліп, бар ғұмырын ауылда өткізіп келе жатқан оның көптің бірі болып қалуға еш қақысы жоқ еді. Ақын боламын деген талабы Құдай берген талантының арқасында оңғарылып, елдің сөзін сөйлейтін, қара халықтың қамын ойлайтын, не жазса да, жаны шырқырап, күйзеліп жазатын, сөзі уытты, ойы кесек қалам иесі екені әлдеқашан танылған, мойындалған.
Өз оқырмандарын әзіл-сықақ, әжуа, мысқыл-шымшылармен күлдіре де, орынтаққа қаққан қазықша мелшиген морт мінез шенеуніктердің көңіл күйін бүлдіре де білетін Қойшекең ақындық жолының мөлдір бастау-бұлағы жайлы былай еске алады:
– Жаңаталап ауылында бастауыш мектепте оқитын кезім. Бірде біздің үйге қос балдаққа сүйеніп, әкемнің ежелгі досы Уахит Құсайынов аға келді. Кеудесіне саудыраған орден-медаль тағып алыпты. Бір аяғы тізеден жоқ. Әңгімешіл, әзілкеш еді, жарықтық. Араарасында өлеңдетіп қояды. Сөйтсем, суырыпсалма өнері бар екен. Бір кезде әкем мені шақырып алды да: “Қалам мен қағаз әкел, өлеңмен батасын ал”, – деп бұйыра сөйледі. Төргі бөлмеге баруға ерініп, күнделігімді ұсына қойдым. Майдангер оның бір шетіне майда әріптермен:
Тиеді деп қорықтың ба күшіңе,
Жол болсын шылғи алған “үшіңе”?
Өзгелер алған “төрт” пен “бес”,
Кірмей ме сенің түсіңе?” деген қолтаңба қалдырды. Мен сияқты “ойын баласының” “халықаралық” бағаға сүйретіліп оқып жүргенін байқап қалған, оны заматта сықаққа айналдырған зеректігі мен сұңғылалығы қатты таңғалдырды. Осы оқиға іште бұғып жатқан сатира саңылауына қозғау салса керек, содан бастап менің де өлеңге деген ерекше құштарлығым оянды.
Алғашқы жыр шумақтары 1967 жылы облыстық “Ленин туы” газетінде жарық көргенде төбесі көкке жеткендей қуанды. 1973 жылы топтама өлеңдері суретімен қоса басылғанда өзгеше күй кешті. Сатираның сайыпқырандары Шона мен Оспанханға іні, Көпенге замандас болуға талаптанған ол үшбу сәлемін таралымы екі жүз мыңнан асып жығылатын “Лениншіл жастың” “Сүзеген сөзіне” жолдап кеп жіберсін. Оның “жаттықтырушысы” осып түсер Осекең “сарыауыз балапан” жайлы: “Айлық алатын кәсібі – жүргізуші. Ләззат алатын кәсібі – ел-жұртты күлдіруші. “Ақпар мен көкпарын” додаға салған екен – көрейік. Енді келіннің бетін ашқандай, “Сүзегенге” бір сәлем деп аталатын жаңа айдарымыздың алғашқы авторына кезек берейік”, – деп алтынға бергісіз алғысөз жазған.
“Өзім жайлы” өлеңінде:
“Біреу сайлап тұрсадағы қылышын,
Тура айтамын қисық әлде дұрысын.
Оқырманның көңілінен шықпасам,
Онда менің ақындығым құрысын”, – деп ағынан ақтарылатын ақынның өмірде ұстанған өлшемі – шындық, ақиқат үшін талай рет қысым көргені, “ақ дегені алғыс, қара деген қарғыс” бастықтар жөнінде сын жазғаны үшін қудаланғаны бар. Сонда да қоғамымызда мерез ауруындай меңдеп тұрған ұры ұлықтар, жемқор шенеуніктер, парықсыз парақорлар, жалған ақпаршылар жөнінде жазуын доғарған емес. “Есімі елге мәлім, құдықты су шығатын жерден қаза білетін қабілетті қаламгер” (Көпен Әмір-Бек) сатирасының басты ерекшелігі – образбен бейнелеп, салыстыра сөйлеуінде, штрих, деталь, көріністер арқылы суреттей білуінде жатса керек.
Соңынан доптың қалмайды,
Қақпаға бірақ салмайды.
* * *
Жоғарыдан ақша түсіп кеп жатыр,
Жергілікті шенеуніктер жеп жатыр.
“Сиырың бар, тауығың бар қораңда,
Тұрмыстарың әлі жақсы”,
деп жатыр.
* * *
Сауалдар көп маза бермей қинайтын,
Қылықтары тіпті ақылға сыйматын.
Үкіметтің банкідегі ақшасы,
Қарынбайдың малы емес қой жинайтын.
Орайын туып, орынды келістірген, сәтті құрылған мұндай жыр шумақтары Қойшекеңнің былтыр жарық көрген “Ұятпен ешкімнің ісі жоқ” жинағында жиі кездеседі. Көп жылдан бері “Егемен Қазақстан”, “Ара”, “Жас Алаш”, “Қазақ әдебиеті” секілді республикалық беделді басылымдарда үзбей жарияланып келеді. Президент сыйлығының иегері, Халықаралық “Алаш” сыйлығының лауреаты, белгілі сықақшы Көпен Әмір-Бек жерлесіміздің әзіл-сықақ, әжуа, мысал, мысқыл, пародия, эпиграмма, шымшыма-шаншыма топтастырылған толымды еңбегіне жазған алғысөзінде: “Қойшыбай замандасымыздың жаны да, жанры да – сатира” деп өте әділ баға берген. Алып-қосары жоқ осы бір талассыз шындыққа әртүрлі деңгейдегі газет-журналдарда 500-ден астам сатиралық туындысы жарық көрген, түкпірдегі елді мекеннен әуелеп ұшып, сатира ауылынан өз орнын нық тапқан сын-сықақтың танымал сарбазы әбден лайық. Енді зейнет жасына жеткен кезде шығармашылық шалқар шабыт құшағына көміліп, сатира сардарына айналуына тілектеспіз.
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.