Биылғы жылы облыс көлемінде 4 млн. 354 мың гектарда егіс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар егістігі 3367,0 мың гектарды құрайды немесе бұрынғыдан 248,0 мың гектарға азайтылғалы отыр, соның ішінде бидай 2866,0 мың гектарда өсіріледі немесе 84,0 мың гектарға кемітіледі.
Егістік алқаптарды әртараптандыру жұмыстарын жүргізу мақсатында майлы дақылдар 518 мың гектар алқапта орналастырылатын болады.
Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының нақтыланған деректері бойынша, өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдары тұқымдық материалдармен толық қамтамасыз етілген. Барлық дәнді дақылдар тұқымының көлемі 510,0 мың тоннаны құрайды, оның 479,0 мың тоннасы немесе 94 пайызы тексерістен өткен, бәрі кондициялық дәрежеде, 87 пайызы бірінші және екінші сыныпты тұқымға жатады.
Қазірде егіс техникасы 97 пайыз дайын. Жыл басынан бері облыстың агроқұрылымдары сомасы 994 млн. теңгенің 121 техникасын сатып алды. Қолдағы бар 1092 егіс кешеніне қоса, егіс жұмыстары басталғанша тағы қосымша осындай 13 техника жеткізіледі. Егіс науқанында танаптардың 70 пайызына дейіні жоғары өнімді осызаманғы техникамен өңделетін болады. Агроқұрылымдардың жанар-жағармаймен қамтамасыз етілуі әзірге 47 пайызды құрайды, оны жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Өсімдік шаруашылығы саласын дамытуды қолдауға 11,0 млрд. теңге демеуқаржы бөлінген, мұның өзі өткен жылғы деңгейден 62 пайызға көп. Ауыл шаруашылығы министрлігінің нұсқамасына сәйкес егістік алқаптарды әртараптандыру жұмыстарын жүргізу үшін облыс тауар өндірушілеріне қолдау көрсету мақсатында жанар-жағармай және тауарлық-материалдық құндылықтар шығындарының орнын толтыруға берілетін демеуқаржы нормативтері майлы және азықтық дақылдарға еселей өсірілді.
2014 жылдың көктемгі-дала және орақ жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-ы және “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ы облыс агроқұрылымдарын қаржыландыруды бастады. Жыл басынан бері 1 млрд. теңгенің 97 өтінімі қаржыландырылды.
Екінші деңгейлі банктердің немесе әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының кепілдігімен бидай және арпаны форвардтық сатып алу арқылы көктемгідала жұмыстарын қаржыландыруға 3,3 млрд. теңге қарастырылған.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.