Облыстық Кәсіпкерлер палатасының мәжіліс залында осы палата мен қаржы полициясы департаментінің басшылары экономикалық және жемқорлық қылмыспен күрес жөнінде бірлескен брифинг өткізді.
Кәсіпкерлер палатасы мен қаржы полициясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумда бизнесті дамытуға бөгет болатын проблемалар мен кедергілерді анықтау, кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне заңсыз тексерістер жүргізуге жол бермеу жөнінде бірлескен шараларды жүзеге асыру қарастырылған.
– Бұл ынтымақтастықтың басты мақсаты осы мәселелерді шешу үшін бірыңғай көзқарас қалыптастыру болып табылады. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың заңсыз іс-әрекеттеріне арыздануының проблемасын сонда ғана еңсере аламыз, – деді облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нелли Кукушкина. Сондай-ақ, ол 19 наурызда палатадағы жұмыс тобының отырысы өткенін, оның құрамына палата сарапшылары мен қаржы полициясы департаментінің қызметкерлері енгенін айтты. Жұмыс тобының алғашқы отырысында жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушісінің салықтық әкімшілдендіруге қатысты проблемалық мәселесі талқыланған. Сонымен бірге, палата мен департамент бірлесіп, құқық қорғау органы қызметкерлері мен проблемалық мәселелері бар бизнес өкілдерінің кездесу кестесін бекітті.
Одан кейін облыстық Экономикалық және жемқорлық қылмыспен күрес жөніндегі департамент бастығының міндетін атқарушы Рүстем Рақышев мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне араласуының кейбір фактілеріне тоқталды. Мысалы, 2014 жылы осындай іс-әрекеттер үшін Тайынша ауданының мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы 7,5 жылға бас бостандығынан айрылды және дүние-мүлкі тәркіленді. Ол жеке кәсіпкер мен тапсырыс берушінің арасындағы шарт бойынша жобалау-экологиялық құжаттамасының санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысына тексерместен қол қойып берген үшін 85 мың теңге пара алған. Сол сияқты, Шал ақын ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы да бір дүкеннің өртке қарсы дабыл қаққышының дұрыс орнатылғанын тексеріп көрместен, 21 мың теңге пара алып, қол қоя салғаны үшін 3,5 жылға бас бостандығынан айрылды.
Рүстем Рақышев “Бизнесті президенттік қолдау” сайтының ашылғанын айтып, баспасөз өкілдерінің қойған сұрақтарына жауап берді.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.