Облыс полицейлері патрульдік көлік пен техникалық құралдар жетіспеушілігін сезінуде. Бұл туралы облыстық Ішкі істер департаментінде өткен Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында айтылды. Сондай-ақ, жиында әмбебап полиция қызметкерлерінің жұмысы қорытындыланды.
Қоғамдық кеңестің төрағасы, қалалық мәслихаттың депутаты Жасұлан Ахметов өз баяндамасында қоғамдық қауіпсіздік пен жолдардағы тәртіпті қамтамасыз етудің маңыздылығын атап көрсетті. Сондықтан әмбебап полицейлердің жұмысы барынша ашық болуы тиіс. Бүгінгі күні тәртіп сақшыларының облыс аумағында кезекшілік етуінің 264 бағыты құрылған. Бұған қоса 13 полиция қосыны, 2 жылжымалы бекет бар. Облыстық Ішкі істер департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бауыржан Рақымжановтың айтуынша, үстіміздегі жылдың үш айы ішінде жол-патрульдік полициясы қызметкерлерінің қатысуымен 135 қылмыстың беті ашылған, былтыр бұл көрсеткіш 63-ті құраған болатын.
Облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы Ақан Қажкенов Қоғамдық кеңестің мүшелеріне жаңа куәліктер табыстап, жемісті әріптестік тіледі.
Ерлан МАХМЕТОВ,
СҚО ІІД баспасөз қызметінің инспекторы.