Өткен аптада облыста оннан астам өрт оқиғасы орын алды.
Мағжан Жұмабаев ауданындағы Булаево қаласында кешке тұрғын үйден өрт шықты. От шатырды, кіреберіс бөлменің ішкі қабырғаларын, есікті, үйдің сыртын бүлдірді. Оқиға орнында басы мен қолының саусақтарын күйдіріп алған 62 жастағы үй иесі ауданның орталық ауруханасына жөнелтілді. Алдын ала болжам бойынша, өрт пеш салуда қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан шыққан.
Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылының тұрғындары үйде болмаған кезде белгісіз біреулер олардың баспанасын өртеген. Оттың жалыны тұрмыстық техниканы, төсек-орынды, терезе мен төбені, қабырғаны бүлдірген. Өрт шыққан үйден 2 газ баллоны шығарылды. Өрттің жалпы аумағы 80 шаршы метрді құрады. Осы аудандағы Белое ауылындағы тұрғын үйдегі өртке пештің мұржасындағы ақаулықтар себепкер болды. Оның салдарынан төбе бүлінді. Өртсөндірушілер отты жарты сағатта өшіріп үлгерді.
Тайынша ауданындағы Келлеровка ауылында да пештен өрт шығып, баспананың ішкі құрылысы зақымданды. Ал Большой Изюм ауылының тұрғыны қоқыс жағам деп абайсыздық салдарынан 2 тонна сабанын және қора-қопсысын өртеп алды.
Петропавл қаласындағы Универсальная көшесінде орналасқан “Вента Строй” ЖШС қоймасынан шыққан өртте “Барыс” тракторы жанып кетті. Анықтаушылар өрт электржылытқышты пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережесін бұзушылықтан шыққанын анықтады. Атап айтқанда, трактордың астына қозғалтқышты жылыту үшін электр плиткасы қойылған. Қараусыз қалдырылған электр плиткасы техника бөлшектерін балқытып, техника майы плиткаға тамшылап, оның соңы өртке ұласқан.
Облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі
департаменттің баспасөз қызметі.