Елімізде тұрып жатқан сандаған этностар Қазақстанды құт мекеніне айналдырды. Жүз қырықтан астам этнос өкілдерінің қазақ елін өздерінің туған Отанындай көріп, бір-бірімен тату-тәтті күн кешуіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен осыдан 19 жыл бұрын құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының ықпалы ерекше. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің саяси жүйесінің толыққанды бөлігіне айналды.
1995 жылғы 1 ақпанда өз жұмысын бастаған Қазақстан халқы Ассамблеясының Солтүстік Қазақстандағы филиалында сол жылы-ақ жеті мәдени-ұлттық орталық құрылды. Бүгінде олардың саны 22-ге жетті. Сондай-ақ, аудандарда әртүрлі этностардың ұлттық құндылықтарын дәріптейтін 103 этномәдени бірлестіктің жұмыс істеуі бүгінде бұл бағытқа мейлінше мән беріліп отырғандығын дәлелдейді. Қазақстан халқы Солтүстік Қазақстан ассамблеясының құрамында 68 адам белсенді жұмыс істеуде. Оның негізінде “Бірлік” жастар бірлестігі мен “Ассамблея” корпоративтік қоры құрылып, жұмыс одан әрі жандана түсті. Өңірлік ассамблея жанынан 2009 жылы ғылыми-сараптамалық топ құрылған болатын. Оның құрамына өңіріміздің зиялы тоғыз адамы енді. Ондағы ұлт жанашырларының мақсаты ассамблеяның саяси және азаматтық институт ретінде рөлін күшейтуге, жалпыэтностық келісімге қол жеткізуге, облыстың этносаяси, әлеуметтік-экономикалық және конфессиялық даму беталысының кешендік сараптамалық бағасын айқындауға, өңіріміздегі аталмыш үдерістердің дамуын болжауға ықпал ету болып табылады.
Аталмыш ғылыми-сараптамалық топ “Жастар және этносаралық келісім: мәселелер мен алдағы жоспарлар”, “Адольф Янушкевичтің өмірі мен шығармашылығы”, “Солтүстік Қазақстан облысындағы этносаралық қатынастар” сияқты ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен “дөңгелек үстелдер” және тағы басқа шаралар ұйымдастыруға арналған материалдар, этномәдени орталықтар үшін әдістемелік құралдар басып шығаруға ықпал жасады.
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының қызметі салт-дәстүрлерді сақтау, мемлекеттік және басқа да тілдерді дамыту, ағартушылық-білім беру қызметін арттыру, жастармен жұмыс, мәдени-әлеуметтік жобаларға қатысу шараларымен мазмұнды. Жыл сайын этномәдени орталықтар Наурыз мейрамына, Қазақстан халқы бірлігі күніне, Астана, қала күндеріне, Қазақстан халқы конфессиялық және рухани келісім күніне арналған шараларға қатысып, беларусь, әзірбайжан, армян, тағы басқа этностардың мәдениеті фестивалін, поляк биінің өңірлік фестивалін өткізеді. “Түрік мәдениеті” қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, орта ғасырдағы түрік әлемі өкілдерінің (Ю. Эмре, А. Яссауи, Д. Қорқыт, әл-Фараби) өмірлері мен қызметтеріне арналған “дөңгелек үстелді” жыл сайын өткізу дәстүрге айналған.
“Тарих” мамандығы бойынша оқып жүрген студенттердің курстық және дипломдық жұмыстарын дайындау кезінде Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы арасында ынтымықтастық жүзеге асырылады.
Ассамблея жұмысында тілдерді дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыру ісіне зор маңыз беріледі. Достық үйінде мемлекеттік және өзге (поляк, неміс, иврит) тілдерді оқыту бойынша топтар құрылған. Гуманитарлық және мәдени салалардағы ынтымақтастықты жүзеге асыру мақсатында Солтүстік Қазақстан облыстық ассамблеясы Ресей Федерациясындағы Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясымен, Қорған облысы халықтары ассамблеясымен қарым-қатынас орнатқан. “Urpag” қазақ мәдени-ағарту орталығы” қоғамдық бірлестігі шетелдерде тұратын отандастарды қолдау мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда. Оның аясында Ресей Федерациясының Омбы, Түмен, Қорған облыстарында, Қытай, Түркия, Моңғолия, Иран, Өзбекстан, Түркменстан, Қырғызстан мемлекеттерінде тұратын қазақтармен тығыз байланыс орнатылған. Оларға газет-журналдар, кітаптар, кітапшалар, компакт-дискілер мен бейнематериалдар түрінде әдістемелік көмек ұсынылады.
“Ассамблея” корпоративтік қорының әлеуметтік маңызды жобалары аясында аудандарда “Халықтың кәсібін, қолөнері және сәндік-қолданбалы өнерлерін дамыту үшін ауылдық этномәдени бірлестіктерімен серіктестік” тақырыбында “дөңгелек үстелдер” өткізілді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысының нәтижесінде елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің, өзара түсіністік, сенімнің ерекше ахуалы, бірегей моделі қалыптасты. Әрбір азамат этностық немесе діни қатыстылығына қарамай, Конституция кепілдік берген азаматтық құқықтары мен еркіндіктеріне барынша ие және оны толық пайдалануда. Республикамызда Қазақстан этностарының дәстүрін, тілін, мәдениетін дамыту үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Ассамблеяның жұмысы этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешіп, ел ретінде Қазақстан Республикасының халықаралық беделінің өсуіне ықпал етеді.
Людмила ГРИВЕННАЯ,
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы
жанындағы ғылыми-сараптамалық
топтың мүшесі,
Манаш Қозыбаев атындағы
Солтүстік Қазақстан
мемлекеттік университетінің доценті.